Оның қолында қазына кілті бар
«Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні кәріп» деген халқымыз білімнің адам өміріндегі орнын ежелден жоғары бағалаған. Ал, сол білімнің шырағын жағатын – ұстаз. Осындай абыройлы жолда талмай еңбек етіп келе жатқан білікті мамандардың бірі – Келес ауданындағы Т.Бердияров атындағы №20 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен қазақ әдебиеті пәнінің мұғалімі Майра Нұрхайова.
Ұстаздық жолдың өзіне тән жауапкершілігі бар. Әр сыныпта мұғалім алдында түрлі мінезді, түрлі арманды, түрлі қабілетті шәкірт отырады. Солардың әрқайсысының жүрегіне жол тауып, білімге қызықтыру – үлкен шеберлікті талап етеді. Майра Әуелбекқызы осылай шәкірттерінің бойына ана тіліне деген сүйіспеншілікті, ұлттық әдебиетке деген құрметті сіңіруге ұмтылып келеді. Оның шәкірттерінің «Жарқын болашақ», «Ақберен», «Мұқағали Мақатаев оқулары», «Махамбет оқулары» секілді байқауларда бақ сынап, бәйге алуы ұстаз шеберлігінің дәлелі.
«Білім – таусылмайтын қазына» дейді халқымыз. Шәкіртке сол қазынаның кілтін ұстату – ұстаздың парызы. Байқау алдында шәкіртінің қобалжуын басып, алға сенімді қадам басқанын көрген ұстаз үшін одан асқан қуаныш жоқ. Себебі, әр шәкірт жетістігінің артында мұғалімнің маңдай тері, төккен еңбегі, берген білімі мен жүрек жылуы жатыр.
Заман өзгерді, білім беру жүйесіне жаңа талаптар келді. Жаңарған заманның шәкіртіне сапалы білім беру үшін ұстаз да үнемі ізденуі керек. «Оқу – инемен құдық қазғандай» деген дана халқымыз. Майра Әуелбекқызы кәсіби дамуды басты бағыттарының бірі ретінде қарастырады. Педагогикалық шеберлік орталығының, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, «DARYN USTAZ», «Өркен» секілді ұйымдар өткізген курстарда оқып, білім беру саласындағы жаңа әдіс-тәсілдерді меңгерді. Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу мен сараптау, функционалдық оқу сауаттылығын арттыру, инклюзивті білім беру, буллингтің алдын алу секілді маңызды бағыттар бойынша білімін толықтырды. Аудан көлеміндегі шығармашылық жұмыстарға да белсене араласып келеді. Ол Келес аудандық білім бөлімінің шығармашылық топ мүшесі ретінде кәсіби ортада белсенді. 2024 жылы облыстық «Дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығы» ұйымдастырған республикалық «Ілияс Жансүгіров оқулары» шығармашылық байқауының облыстық кезеңінде төрелік етіп, Алғыс хатпен марапатталды. Сонымен қатар аудандық шығармашылық топ құрамында «Алтын белгі» үміткерлерінің жұмыстарын тексеру секілді жауапты жұмыстарға атсалысты. Аудандық, облыстық семинарларға қатысып, әріптестерімен тәжірибе алмасты, жаңа әдіс-тәсілдерді меңгерді.
Иә, ұстаздың тәрбиесі мен мейірімі шәкірттің есінде жылдар бойы сақталуы мүмкін. Бір ауыз жылы сөз баланың өзіне деген сенімін арттырса, бір дұрыс бағыт оның өмір жолын өзгертеді. Сондықтан ұстаздық – тек сабақ берумен шектелмейтін, үлкен жүректі қажет ететін мамандық. Майра Әуелбекқызының ұстаздық жолы да еңбек пен ізденістің, жауапкершілік пен шәкіртке деген сүйіспеншіліктің өзара сабақтасқан үлгісі.
Бауыржан СЕЙДЕЛХАНОВ,
Т.Бердияров атындағы №20 жалпы білім беретін мектебінің мұғалімі.
Келес ауданы.