Ұстазды үйіне барып құттықтады
Тарихшы-ғалым, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Қапира Сәдуақасованың саналы ғұмыры мен еңбек жолы Өзбекәлі Жәнібеков атындағы Оңтүстік Қазақстан педагогикалық университетінің тарихымен тығыз байланысты. Ол кезінде М.Әуезов есімін иеленген Шымкент педагогикалық институтында ұзақ жыл қызмет етіп, талай шәкірт тәрбиеледі. Ғалым 96 жасына дейін студенттерге дәріс оқып, ғылымнан қол үзбеді. Оның өмір жолы – кәсібіне адалдықтың, білімге деген шексіз құрметтің және ұрпақ тәрбиесіне қалтқысыз қызмет етудің жарқын үлгісі. Ғасыр жасаған ұстаздың жуырда «Құрмет» орденімен марапатталуы – соның айқын дәлелі.
Таяуда Жұмабек Тәшенев атындағы университеттің басқарма төрағасы,
ҚР ҰҒА академигі Оңалбай Аяшев пен тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Гүлжан Сүгірбаева ұлағатты ұстаздың үйіне арнайылап барып, жоғары марапатымен құттықтап, құрмет көрсетті.
Кездесуде мәртебелі қонақтар 101 жастағы ғалымға ізгі тілектерін жеткізіп, отандық білім мен ғылымға, жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан өлшеусіз үлесі үшін алғыстарын білдірді.
«ОҢТҮСТІК»-АҚПАРАТ.