Баба мұрасының насихатшысы

Өнер жолы – үзілмейтін рухани сабақтастық. Оның бір ұшында бабадан жеткен асыл мұра жатса, екінші ұшында сол қазынаны келер ұрпаққа жеткізетін ұстаз еңбегі жатады. Белгілі күйші, дирижер, ұлағатты ұстаз Иманәлі Саймановтың саналы ғұмыры осы екі арнаны тоғыстыруға арналды. Жарты ғасырға жуық уақыт бойы өнер мен білімге қызмет еткен азаматтың өмір жолы – ұлттық музыкаға адалдықтың, тынымсыз ізденістің және шәкіртке деген жанашырлықтың үлгісі.

Көне Отырар топырағында туып-өскен жеткіншектің жүрегіне халық әуені мен домбыра үні ерте ұялаған жайы бар. Өнерге деген осы құштарлығы оның кейінгі өмір жолына бағыт берді. Сөйтіп ол 1992 жылы А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыка училищесіне түсті. Оны бітіріп, білімін Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінде жалғастырды. 1996 жылы музыка мамандығы бойынша ән-күй пәні мұғалімі әрі тенор-домбыра класының оқытушысы біліктілігін алды. Бұл кезең оның орындаушылық шеберлігін шыңдап қана қоймай, ұстаздық жолға да бет бұрған кезі-тін.
Оның еңбек жолында сахна мен студенттер аудиториясы қатар өрілді. 2001-2005 жылдары Құрлық әскерінің әскери институтындағы «Шежіре» фольклорлық ансамбліне жетекшілік етті. Ал, 2005 жылдан бастап Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінде еңбек етіп келеді. Қазіргі таңда осы оқу орнындағы «Орындаушылық өнер» кафедрасының аға оқытушысы. Университеттегі жиырма жылдан астам қызметінде талай жастың өнердегі алғашқы қадамына бағыт беріп, кәсіби тұрғыдан қалыптасуына үлес қосты.
Иманәлі Саймановтың шығармашылық жолындағы маңызды белестерінің бірі – Түркістан қалалық мәдениет үйіндегі қызметі. 2006-2019 жылдары ол Асқар Жақыпбаев негізін қалаған, әлемнің отыз мемлекетін аралап, қазақ өнерін шетелге танытқан әйгілі «Яссы» халықтық фольклорлық ұлт аспаптар оркестрінің жетекшісі әрі дирижері болды. Мұндай ұжымға басшылық ету музыкалық қабілетпен қатар, үлкен жауапкершілік пен ұйымдастырушылық шеберлікті талап етеді. Ол оркестрдің қалыптасқан дәстүрін одан әрі жалғастырып, әр аспаптың үнін үйлестіре білді. Соның нәтижесінде Түркістанда өткен көптеген мәдени іс-шараның мазмұнын байытып, ұлттық өнердің кеңінен насихатталуына атсалысты.
Күйші үшін домбыра – жай ғана музыкалық аспап емес, халықтың тарихи жадын ертеңге жеткізетін қасиетті мұра. Иманәлі Амангелдіұлы да өз шығармашылығында осы ұстанымға адал болды. Оның «Желтоқсан» атты күйі 2004 жылы «Музыка әлемінде» журналында жарияланды. Ал, 2005 жылы облыстық «Күй құдіреті» байқауында халық композиторларының мұрасын насихаттауға қосқан үлесі үшін Генерал Асқаров атындағы жүлде мен дипломға ие болды. Бұл марапат оның орындаушылық шеберлігімен қатар, ұлттық өнерді дәріптеудегі еңбегінің де бағаланғанын көрсетті.
Ұстаздық тәжірибесін ғылыми ізденіспен толықтыруы да Иманәлі Амангелді-ұлының кәсіби болмысының бір қыры. Оның зерттеулерінде ән-күй пәні мұғалімінің шеберлігі, күйшілік мектептердің қалыптасуы, жыраулық дәстүрдегі ұлттық құндылықтар, Нартай әуендерінің ерекшелігі, музыка сабағындағы жаңа технологиялар мен оқушылардың рухани-адамгершілік қарым-қатынасы қамтылған. Қазақстан мен Қырғызстан басылымдарында жарық көрген мақалалары, республикалық және халықаралық конференцияларда жасаған баяндамалары ұлттық музыкалық педагогиканың өзекті мәселелерін зерделеуге арналған. 2019 жылы Сакария университетінде өткен халықаралық музыка зерттеулері конгресіне қатысуы да оның ғылыми ізденіс ауқымын аңғартады.
Жылдар бойғы еңбегі мен өнерге адалдығы лайықты бағасын алды. Қазақ мәдениеті мен өнерінің дамуына қосқан үлесі үшін ол «Мәдениет майталманы» медалімен марапатталды. Иманәлі Саймановтың өмір жолы – өнер мен ұстаздықты қатар алып жүрудің өнегесі. Ол орындаушылық шеберлігімен ұлттық музыканы дәріптеп, дирижерлік қызметімен өнер ұжымының кәсіби тұрғыдан дамуына үлес қосты. Ал, ұстаздық және ғылыми еңбегі арқылы жинаған мол тәжірибесін жас ұрпақ бойына сіңіріп келеді. Бабадан жеткен күй мұрасын келер буынға аманаттауды ол өзінің рухани борышы санайды.
 
Ә.БАҒМАНҚЫЗЫ.
Түркістан қаласы. 
Пікір қалдырыңыз