Мемлекеттік тіл – ұлттың жаны!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының Х құрылтайына қатысып, сөз сөйледі.
«Қазақ тілі» қоғамы – мемлекеттік тілдің мызғымас тұғырын нығайтып жүрген аса маңызды құрылым. Сонау 1989 жылы іргесі қаланған ұйымның Егемен ел тарихындағы орны бөлек. Кезінде көрнекті ғалымдар – академиктер Әбдуәли Қайдар және Өмірзақ Айтбайұлының бастамасымен құрылған «Қазақ тілі» қоғамының тарихи жолын қазіргі буын өкілдері мен белгілі тіл мамандары лайықты жалғастырып келе жатыр» деп атап өтті Президент өз сөзінде.
Бүгінде Ұйым мүшелері көптеген тиімді іс-шараларды, жасампаз жобаларды табысты жүзеге асырып жатқанына тоқталған Мемлекет басшысы «Қазақ тілі» қоғамының әр мүшесіне шынайы ризашылын білдірді.
«Қазақ тілі» қоғамының бұл құрылтайы шын мәнінде тарихи сәтте, яғни, қасиетті Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңында өтіп жатыр.
Қазақстан Егемендік жолының осындай айтулы межесіне беделі биік, болашағы жарқын ел ретінде қадам басып отыр.
Тәуелсіздік туын көтергелі бері халқымыз көптеген белесті абыроймен еңсерді. Біртұтас ұлт болып, мемлекеттігіміздің іргетасын қалады және оны нығайта түсті. Берекелі бірлігіміздің арқасында біз соңғы жеті жыл ішінде ауқымды реформаларды табысты іске асырдық.
Ел өмірінің барлық саласында түбегейлі өзгерістер жасап, тың бастамалар көтердік. Ең бастысы, халқымыздың темірқазығына айналған қастерлі құжат – Конституциямызды қабылдадық» деді Президент.
Мемлекет басшысы мемлекеттік тілді ұлттың жанына балады.
Қазақ тілі Тәуелсіздігіміздің мызғымас символы, Отанымыздың мемлекеттік тілі, ұлтымыздың мәңгілік жаны ретінде қабылдануы қажет. Басқа көзқарастың болуы мүмкін емес.
Сондықтан қазақ тіліне сыйластықпен қарау, бұл – азаматтық, адами борыш. Ал парыз қаншама қастерлі болса да, оның мықты негізі болуы керек.
Біз экономикасы дамыған, инновациясы мен технологиясы үздік, әлем жұртшылығы мойындаған, өркениетті, мықты мемлекет болсақ, қазақ тілі де қуатты тіл болатыны анық. Мемлекеттің беделі артқан сайын, мемлекеттік тілдің де абыройы күшейеді. Бұл – ақиқат.
Президент қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуды ескертіп өтті.
«Қазақ тілінің болашағына қатысты теріс көзқарастан аулақ болуымыз керек. Тіліміздің тағдыры күмәнді, белгісіз деп зарлай берсек, өзге елдер мен халықтар бізге қалай қарайды, қалай сенеді?!
Үнемі түңіле беру оң нәтиже әкелмейді, мұндай әңгімені доғаратын кез келгеніне көзіміз әбден жетті» деді Мемлекет басшысы.
«Қазақ елі барда қазақ тілі тұғырдан түспейді. Өткен замандарда саяси қысым болған кезде ана тіліміз әдебиетшілер мен тіл мамандарының, журналистеріміздің, зиялы қауым мен қарапайым азаматтардың арқасында аман қалды да, өзінің дамуын тоқтатқан жоқ. Бұл – тіпті, қазақ тілінің өміршеңдігі бірегей деген сөз.
Халқымыздың өшпес мұрасы мен рухани байлығы қағаз бетінде емес, цифрлық кеңістікте сақталуға тиіс. Келешек ұрпақ осы игі істің жақсылығын көреді» деген Президент цифрлық кеңістікте қазақша сапалы өнімдерді көбейту қажеттігін атап өтті.
Президенттің айтуынша, инженерия, медицина, құқық, экономика сияқты түрлі ғылымды және ақпараттық технологияларды қазақ тілінде үйренуге барынша қолайлы жағдай жасалуы керек.
Бұл тұста, ең алдымен, сапалы оқулықтар мен оқу құралдарын даярлауға баса мән берген жөн. Өкінішке қарай, бұл мәселе бойынша көптеген қателіктерге жол берілді, олқылықтар әлі де аз емес.
Президент тіл тазалығына кері әсерін тигізіп жүрген кейбір мәселелерге назар аударды. Ол – тілдегі бірізділік мәселесі. «Өкінішке қарай, қазір қазақ тіліндегі кейбір сөздер, ұғымдар, тіпті, түсініктер әртүрлі қолданылып жүр. Бұл – жылы жауып қоя салатын жеңіл-желпі дүние емес. Себебі мұндай жағдай жұртты шатастырып, тіл тазалығына кері әсерін тигізеді. Сондықтан қазақ тілін қолдану ісінде нақты жүйенің, белгілі бір тәртіптің болуына баса мән берген жөн.
Жалпы, осы мәселеге кең ауқымда қараған дұрыс. Ең алдымен, емле мен ережені түгендеп, жүйелеу керек. Бұған қоса, барлық сөздікті, соның ішінде орфографиялық сөздікті жаңартатын уақыт келді» деді Мемлекет басшысы.