Ғылымға қанат қаққандар

Әтіргүл Тәшім,
«Оңтүстік Қазақстан».

Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-да физика-механикалық және коррозиялық сынау, нанотехнологиялар және баламалы энергия үшін жаңа материалдар, «STEM» білім беру аясындағы физикалық эксперименттер, сондай-ақ металлографиялық рентгендік талдау сынды зертханалар нәтижелі жұмыс істеп келеді.

Университеттің Физика кафедрасының ғалымдары 2024 жылы зертханада 3D-принтерлер мен басқа да жабдықтардың көмегімен телескоп жасап шығарған болатын. Телескопты студенттермен бірге тексеруден өткізіп, айдың анық кескіні мен бізге көрінетін бөлігіндегі қара дақтарды суретке түсіріп, бұл зерттеулер кезінде жұртшылықтың назарын аударған. Енді міне,  STEM паркі ашылып отыр.
– Университет басшылығына, ғылым департаменті мен коммерцияландыру офисінің мамандарына ғылыми-зерттеу жұмыстарын дамытуға көрсетіп отырған қолдауы үшін шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл қолдау STEM жобаларды жүзеге асыруға, өндірістік бағыттағы құрылғыларды әзірлеуге және жас зерттеушілердің ғылыми ізденістерін жандандыруға үлкен мүмкіндік беріп отыр. STEM паркінің ашылуы осы бағыттағы жұмыстардың аясын одан әрі кеңейтіп, ғылым, білім және өндіріс интеграциясын жаңа деңгейге көтереді деп сенеміз, – дейді PhD, қауымдастырылған профессор Шерзод Раманкулов.
Жақында зертханалар тағы бірнеше құрылғымен толықты. Бұл құралдарды студенттер мен жас зерттеушілер, ғалымдар өндірістік тәжірибеде қолдануда. Әрі физикалық құрал-жабдықтарды жасап шығару бағытында жүйелі жұмыс жүргізуде.
STEM Park – студенттердің шығармашылық және инженерлік идеяларын жүзеге асыратын заманауи кеңістік. Мұнда 20-ға жуық 3D-принтер, жеке баспа мүмкіндіктері мен түрлі материалдармен жұмыс істеуге арналған жабдықтар бар. Студенттер ағаш, пластмасса, шайыр секілді материалдарды пайдаланып, өз идеясын жобалап, прототипін жасап, дайын өнімге айналдыра алады.
Ең маңыздысы, жасалған жоба тек оқу тапсырмасы болып қалмайды. Студент оны жетілдіріп, көпшілікке таныстырып, патенттеуге және шағын бизнеске айналдыруға мүмкіндік алады.
 Мұнда студенттер компьютерде жобалаудан бастап, өз идеясын дайын өнімге дейін жүзеге асыруды үйренеді.
Халықаралық байқауға университет студенттері «Smart Engineering: жасанды интеллект пен STEM арқылы өндірістік технологияларды дамыту» тақырыбында ғылыми жобаларын ұсынды. Олар инженерлік ойлау қабілетін, инновациялық шешімдер ұсыну дағдыларын және командалық жұмыс мәдениетін жоғары деңгейде көрсетті.
Жақында Астана қаласында өткен «ITECX – Fibonacci International Congress on Engineering, Technology and Mathematics» халықаралық ғылыми конгресінде университеттің физика кафедрасы студенттерінен құралған екі команданың ғылыми жобалары үздік деп танылып, Италияда өтетін халықаралық финалдық кезеңге жолдама алды. Жеңімпаз командалар онда Италияның Рим қаласында өтетін халықаралық финалда университет пен Қазақстан атынан өз ғылыми жобаларын таныстырады.
Пікір қалдырыңыз