Ғалымға көрсетілген құрмет – ғылымға көрсетілген құрмет

Дәулет Тұрсынұлы, «Оңтүстік Қазақстан».


Белгілі ғалым, Ұлттық ғылым академиясының академигі Әбдірахман Омбаевты киелі Түркістан өңірінің халқына таныстырып жатудың өзі артықтау болар. Бүкіл саналы ғұмырын өңірдің мал шаруашылығын, ауыл шаруашылығы ғылымын өркендетуге арнаған Әбдірахман Молданазарұлы Отырар ауданына қарасты Шәмші Қалдаяқов ауылында дүниеге келіп, осындағы Абай атындағы орта мектепті 1966 жылы ойдағыдай бітірген соң Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік институтын зоотехник мамандығы бойынша бітірді.

Алғашқы еңбек жолын Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтында лаборанттықтан бастап, Бүкілодақтық мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бөлім меңгерушісі, Қазақ қаракөл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры, Созақ ауданының әкімі, Оңтүстік-Батыс ауыл шаруашылығы ғылыми өндірістік орталығының директоры, Оңтүстік-Батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, Қазақ мал шаруашылығы және мал азығы өндірісі ғылыми-зерттеу институтының бас директоры, ҚазҰАЗУ ректорының кеңесшісі, мал шаруашылығы өнімдерін өндіру технологиясы кафедрасының меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарды. Соңғы жылдары Қазақ Ұлттық аграрлық зерттеу университеті жанындағы «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру сапасын басқару» халық- аралық зерттеу орталығының басшысы ретінде ғылымды дамыту және білікті кадрлар даярлау ісіне елеулі үлес қосып келеді. 

Жақында өзі түлеп ұшқан мектеп ұжымы ғалымның есімін мәжіліс залына беріп, ерекше құрмет көрсетті. Осыған орай білім ордасында мазмұнды іс-шара ұйымдастырылып, ғалымның аты берілген мәжіліс залының ашылу рәсімі өтті. Мәжіліс залының ашылу салтанатына Түркістан облысының құрметті азаматы Сексенбай Тұрысбеков, кәсіпкер Қасымбай Әбдіхалық, Қарақоңыр ауылдық округінің әкімі Шерхан Олжатай, мектеп директоры Ахмет Әбдірайым мен ауыл тұрғындары қатысып, ғалымның ғибратты ғұмыр жолдары жөнінде сыр шертті. Ауылдастары онымен бірге өткізген кезеңдерінен әсерлі естеліктер айтып, білікті ғалымды жас ұрпаққа үлгі-өнеге етті. Мазмұнды кешті қорытындылаған мектеп директоры Ахмет Әбдірайым жиынға арнайы келген қонақтарға алғыс айтып, ізгі тілегін білдірді.

Ертеңіне Түркістан облыстық тарихи-өлкетану музейінде ғалымға арналған тұрақты көрменің таныстырылымы өтті. Іс-шараға зиялы қауым өкілдері, ғалымның ізін қуған шәкірттері, түрлі саланың өкілдері қатысты. Музей мамандары келушілерді ғалымның жеке заттарымен таныстырып, оның тұлғалық болмысын, еңбектегі ізденісін, ғылыми жолын жан-жақты әңгімелеп берді. Ұсынылған фотосуреттері, марапаттары, құжаттары ғалымның өмір жолынан, ғылымға сіңірген қызметінен сыр шертеді. Музейге сыйға тартылған түрлі бұйымдары ғалымның әлемдік ғылыми ортадағы беделінен сыр шерткендей әсер қалдырады. Басқосуда мемлекет және қоғам қайраткері Орынбай Рахманбердиев, Шымкент қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кенжехан Төлебаев, тағы басқа да елге белгілі азаматтар Ә.Омбаевтың өмірі мен ғылымға сіңірген еңбектерінен сыр шертіп, ғалымның тұғырлы тұлғасын айшықтай түсті. 

«Жаратқанның пендесіне берген ең үлкен сыйы – оның артында қалатын жақсы аты, мейірімділігі мен қарапайымдылығы» деп Шығыс шайыры Сағди айтқандай, Әбдірахман Молданазарұлының жақсы аты, жасампаз еңбегі елімен бірге жасай бермек.     

Пікір қалдырыңыз