Колледж түлегі екінші сұрыпты маман ба?
Ақмерей Шырынбекова,
«Оңтүстік Қазақстан».
Жыл сайын елімізде мыңдаған жас маман колледж қабырғасынан «қолымда дипломым бар, енді өз нанымды өзім табамын» деген үлкен үмітпен еңбек нарығына қадам басады. Олар университеттегідей төрт жыл бойы теория оқып, аудиторияда отырған жоқ. Шеберханада жұмыс істеді, станок басында тұрды, өндірістік практикадан өтті, кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Алайда, жұмыс іздеп барғанда олардың алдынан көбіне салқын қабақ пен «бізге жоғары білімі бар маман керек» деген жауап шығады. Сонда колледж бітіргендер маман емес пе? Колледждегі білім мен өндірістік тәжірибе және таңдаған кәсіп неге «екінші орында» тұруы керек?
Елімізде соңғы жылдары техникалық және кәсіптік білім беруге басымдық беріліп келеді. Бұл бағыттың маңызын колледждерде білім алып жатқан студенттер мен жыл сайын оқуын аяқтап, еңбек нарығына шығатын түлектердің саны да айқын көрсетеді. Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, бүгінде еліміздегі колледждерде 562 мың студент білім алуда. Сондай-ақ, жыл сайын 169,3 мың студент кәсіптік білім дипломымен еңбек нарығына қосылады.
Колледж бітірушілерінің 60,4%-ы жұмысқа орналасса, 16,8%-ы оқуын жалғастырады екен. Ал, қалған 22,8%-ға жуық жастың тағдыры қандай? Бұдан бөлек, жұмысқа орналасқан 60%-дың қаншасы өз мамандығы бойынша еңбек етіп жүргені де ойландырады. Өйткені, диплом алып, өз саласында жұмыс таба алмаған жас басқа кәсіпке кетсе, оның колледжде алған білімі мен мемлекет жұмсаған қаражаттың тиімділігіне қатысты да сұрақ туындайды.
Аймақтар арасында колледждерге студент қабылдау бойынша облысымыз көш бастап тұр – өсім 150,2%. Өңірде кәсіптік білім беруге мемлекет тарапынан 15 500-ден астам грант бөлініп, 36 колледж дуальді оқыту жүйесімен, яғни білім мен өндірісті қатар ұштастыра отырып жұмыс істеп жатыр. Деректер бойынша, облыс колледждері түлектерінің 81%-ы жұмыспен қамтылған. Бұл – көңіл қуантарлық көрсеткіш. Дегенмен, еңбек нарығындағы талаптарға қарап көңілде күмән туады. Себебі, бүгінде жұмыс берушілердің көбі бос жұмыс орны туралы хабарландыруда «кемінде 2-3 жылдық жұмыс тәжірибесі бар» немесе «бакалавр дәрежесі бар» кадрды талап етеді. Күмән де, сұрақ та тап осы жерде туындайды. Өзіңіз ойлап қараңызшы, 18-19 жасында еңбекке араласуға дайын тұрған жасқа ешкім алғашқы мүмкіндікті бермесе, ол әлгі талап етілген 3 жылдық тәжірибені қайдан, қалай жинайды?
Ашығын айтқанда, осындай себептермен болашағын жұмысшы мамандығымен байланыстырған колледж түлектері амалсыздан басқа салаларға кетеді. Бірі базарға жұмысқа орналасса, енді бірі жеткізу қызметіне (курьер) немесе диплом мен арнайы біліктілік талап етілмейтін сауда саласына барады. Шынтуайтына келгенде, мамандық меңгеруге бірнеше жылын арнаған жастың осылай өз кәсібінен алыстауы ойланатын нәрсе. Керек десеңіз, бұл жұмыс іздеген жас түлектің емес, мемлекеттің бас ауыртатын мәселесі болуы тиіс.
Сөзіміздің дәлелі ретінде облыстағы кәсіптік білім беретін колледждің бірін «дәнекерлеу ісі» мамандығы бойынша қызыл дипломмен тәмамдаған 19 жастағы Ержігіттің (аты-жөні өзгертіліп алынды) жағдайын алып қарайық.
«Оқу кезінде шеберханада кез келген темірді иіп, сызба бойынша тапсырманы ойдағыдай орындайтынбыз. Өндірістік тәжірибеден де өттік. Диплом алған соң «Қазір елімізде құрылыс қарқынды, жұмыс табылады» деп қуандым. Бірақ, 10-нан астам мекемеге бардым. Көбінің айтатыны – «кемінде 3 жылдық тәжірибең болуы керек» немесе «орта емес, жоғары білімді маман қажет» деген сөз. Ешкім жұмысқа алмаса, мен ол тәжірибені қалай жинамақпын? Қазір қызыл дипломым үйдегі сандықта жатыр, өзім курьер болып жүрмін» дейді жас маман.
Ержігіттің айтқаны бір ғана адамның басындағы жағдай емес. Бұл – еңбек нарығына алғашқы қадамын жасауға талпынған мыңдаған жастың басындағы жағдайдың бір көрінісі ғана. Ендеше, мәселенің түйіні қай жерде?
«Айтпаса сөздің атасы өледі» деген, ақыры бастаған соң жас мамандарға қатысты мына бір мәселені де айта кетейік. Біздің қоғамда колледж бен университет бітірген жастарға деген көзқарас тең емес. Түйіндемедегі «бакалавр» деген жазу кей жағдайда адамның нақты қабілетінен жоғары бағаланады. Ал, шын мәнінде, теориялық білімі болғанымен, бір күн де өндірісте болмаған немесе өмірінде құрал-сайман ұстап көрмеген жоғары білімді маман мен шеберханада тәжірибе жинаған, тап қазір іске кірісуге дайын тұрған колледж түлегінің қайсысы өндірістік ортаға тезірек бейімделеді, ойлап көріңізші.
Негізі маманды қандай оқу орнын бітіргеніне қарап емес, бейіміне, ынтасына, аз-кем болса да тәжірибесіне қарай бағалау керек емес пе? Жоғары және орта арнаулы білім деңгейі адамның кәсіби әлеуетін анықтайтын жалғыз өлшем болмауы керек. Өйткені, еңбек нарығына қағаздағы біліктілік емес, жұмыс үдерісіне тез бейімделетін нағыз маман қажет.
Десек те, өкінішке қарай, бізде колледж түлегіне әлі де «университетке түсе алмаған соң амалсыздан кәсіптік білім алған» деген көзқарас қалыптасқан. Бұл – ескірген стереотип. Кәсіптік білімді екінші деңгейдегі таңдау ретінде қабылдау арқылы біз жұмысшы мамандықтарының ғана емес, осы кәсіпті таңдаған жастардың да беделіне нұқсан келтіреміз. Әлемнің озық елдері мұндай таңдау жасамайды. Мысалы, Германияда жастардың едәуір бөлігі университетте білім алудың орнына «Ausbildung» жүйесін таңдап, оқу мен өндірістік тәжірибені қатар алып жүреді. Олар кәсіпті теория жүзінде емес, жұмыс орнында меңгереді, тәжірибе жинайды, сонымен қатар табыс та табады. Қолына диплом тигенде көпшілігінің жұмыс орны дайын тұрады. Онда «алдымен диплом ал, содан кейін тәжірибе жина» деген қағида мен талап жоқ.
Жапонияда да ірі корпорациялар, соның ішінде әлемге әйгілі Toyota мен Sony компаниялары ең алдымен жас маманның кәсіби дайындығына мән береді. Олар үшін жоғары білімнің немесе үш жылдық жұмыс тәжірибесінің болуы негізгі шарт емес. Маңыздысы – адамның еңбекке деген қызығушылығы, өз кәсібін меңгеруі және практикалық дағдылары. Яғни станоктың тілін түсінетін, құрал-сайманның қадірін білетін маманға сұраныс жоғары. Сондықтан Жапония, АҚШ және Швейцария сияқты елдерде білікті дәнекерлеуші, электрик немесе станок операторы секілді «көк киімділердің» табысы кейбір кеңсе мамандарынан да жоғары. Бұл – дамыған елдерде жұмысшы мамандығының еңбек нарығындағы маңызы мен кәсіби беделі жоғары екенін көрсетеді. Ал, бізде әлі де колледж түлегін екінші сұрыпты маман санап, үш жылдық жұмыс тәжірибесін талап етіп жүрміз...