АҚШ-тан олжалы оралды
Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары Американың Массачусетс қаласында өткен робототехникадан Әлем чемпионатында III орынды жеңіп алды.
Беделді турнирге 25 елден 75 команда қатысты. Мектебіміздің ғана емес, Еліміздің намысын қорғаған 9-сынып оқушылары “Hydropump accumulation” атты жобаны қорғап, жеңіс тұғырынан көрінді.
- Жоба жел турбиналары мен күн батареяларынан артық энергияны электр энергиясына айналдыру арқылы үнемдеуді көздейді. Біздің зерттеуіміз бойынша, қала сыртындағы кеңседегі жел қондырғыларының күн панельдері айына 6600 киловатт сағат энергия өндіреді. Ал 50 қызметкері бар кеңсенің өзі 6000 киловатт сағат энергия пайдаланады. Нәтижесінде 600 киловатт-сағат энергия қалды. Бұл мәселені шешу үшін бізде бірнеше идеялар болды. Мысалы, гравитациялық батареялар, жылу батареялары және суға арналған резервуарлар. Ал біз су ыдыстары бұл мәселеге қолайлы нұсқа деген қорытындыға келдік. Осы орайда жетекшіміз Бейбарыс Әліпбекұлына алғыс білдіргім келеді, - дейді команда мүшесі Арнұр Дәулет.
Әділқазы алқалары біздің команда инженерлік дағдыларды, ұлттық ерекшеліктер мен топтық бірлікті көрсеткенін ерекеше атап өтті.
- Жарысқа біз арнайы ұлттық киімдерімізді киіп шықтық. Осы арқылы біз әлемге қай мемлекеттен келгенімізді көрсетіп, мақтанғымыз келді - дейді топ мүшесі Арайлым Әбдісаттар.
Айта кетсек, біздің оқушылар ағымдағы жылдың наурыз айында өткен Орталық Азия ойындарында I орынды иеленіп, дүбірлі додаға жолдама алған болатын. Ал жауапты сында Елдің намысы мен сенімін қатар арқалаған жас ғалымдарымыз осылайша жүлделі орыннан көрініп, Көк Туымызды желбіретті.