Ақынын құрметтеген ел озады

Таяуда Төлеби аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен Қырғызстан, Өзбекстан, Түркіменстан, Тәжікстан, Қарақалпақстан өнерпаздарының басын құрайтын халықаралық «Көкбөрі» ақын-сазгерлер бірлестігі мүшелерінің басқосуы өтті. Мектеп кітапханашыларының ұйытқы болуымен Төле бидің туғанына 360 жыл толуына орай «Дала өркениеті туғызған дара тұлға»  тақырыбында көрме ұйымдастырылды.

Алыс-жақыннан келген қонақтарды төлебиліктер сән-салтанатпен қарсы алды. Бұл басқосудың жөні бөлек, жосығы ерек десек те болады.  «Түркі елінің таймаған бағын көксеп...» атты халықаралық деңгейдегі кездесу Төлеби ауданының тумасы, ақын, заңгер Абдулмахмуд Пошатаевтың  әдеби-сазды, сырласу кешіне ұласты. 
А.Пошатаев 1976 жылы 29 қа­занда Кеңесарық ауылында туған. Алматы қаласындағы қазақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытатын арнайы мектепті бітіргеннен кейін Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетінің заң факультетіне түсіп, 1997 жылы заңгер мамандығын алып шығады. 1999 жылдан бастап құқық қорғау саласында (прокуратурада) қызмет атқарып келеді. Алайда, бала кезінен әдебиетке бейім Абдулмахмуд өлең, әңгіме жазуды өміріне серік етіп келеді. Қаламгердің бұған дейін «Елік ғұмыр», «Мейірім шуағы», «Жастық шақ жырлары», «Ізгілікті іздеу» атты кітаптары жарық көрген.
Кездесуді Төлеби ауданы әкімінің орынбасары Сержан Дүйсебаев, аудандық мәслихат хатшысы Нұрлан Қойбағаров, адами әлеуетті дамыту бөлімі басшысының міндетін атқарушы Бекайдар Тойлыбаев ашып, келген қонақтарға сәттілік тіледі. Кеш аясында А.Пошатаевтың өмірбаянына, балалық шағына шолу жасалып, Бегайдар Тойлыбаевтың өзі  бастап, мұғалімдер, білім ордаларының кітапханашылары қостап, жерлес ақынның өлеңдерін оқыды. 
Аудан өнерпаздарының  орындауында сазгердің «Туған жерім Төлебиім» атты әні шырқалды. Айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов жырдан шашу шашты. Халықаралық бірлестіктің шығармашылық жобасы барысында жоғарыда аталған мемлекеттердің ақын-сазгерлерінің ұжымдық жинағы ретінде ұсынылған «Көк бөрі» кітабының тұсаукесер рәсімі жасалды. Аудан халқының атынан бірнеше мемлекеттен қонақ болып келген қаламгерлерге сый-сияпаттар ұсынылды.
Ал, Абдулмахмуд Пошатаев өз кезегінде ұйымдастырушылар мен жерлестеріне шынайы алғысын айтты.

С.МӘТҚАЛИҰЛЫ.
Пікір қалдырыңыз