«Жылантақыр» зұлымдығы қолдан жасалды

1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі басылғаннан кейін іле-шала келген 1917 жыл да оңтүстік қазақтарына өте-мөте ауыр тиді. Жарқын заман күткен жазған қазақ содан бастап қаншама жыл бойы нәубетті шақтарды басынан өткерді. 1917 жылдың 29 қаңтары күні Түркістан генерал-губернаторы Куропаткиннің II Николай патша ағзамға жолдаған хатының Ташкент мұрағатында сақталған нұсқасының қысқаша мазмұны мынадай: «...Түркістанда қыс басталғалы бері екі-ақ рет жұқа қар жауды. Аяз да, боранды жел де, ызғарлы суық та болмай тұр. ...Кейінгі кезде мұндағы ірі-ірі қалаларда «революциялық ауруға» шалдыққандар молая түсуде. Өлкеде сауатты ұлтшылдар көбейді. Ел-елде былтырғы көтерілістің сырқатынан арыла алмай жүргендер сондай ұлтшылдардың үгіт-насихатына еріп, мемлекетке берешек алым-салықтарды төлеуден бас тартып, оқтын-оқтын қарсылық шерулерін ұйымдастырып жүр. Егер батыстағы майдан біз үшін жеңіспен аяқталса, солай болатынына кәміл сенемін. Ұлы мәртебелім, өткен жылғы 16 шілдеде өзіңіз қол қойған «Түркістан әскери округі соғыс жағдайында» атты қаулының әлі де күшін жоймай тұрғандығын негізге ала отырып, мұндағы желіккен басбұзар топтарды тағы бір мәрте тәубесіне келтіріп қоюға рұқсат берсеңіз, алып империямыздың қауіпсіздігі үшін жасалған және бір қадамымыз болып табылар еді».
Бұл хаттан жергілікті халыққа тағы бір зұлматтың жақындап келе жатқанын сезуге болатын еді. Жұрт басына екі қатер бірдей төнген. Оның біріншісі – табиғи жұт, екіншісі – патшаны тақтан құлатқан Уақытша өкімет пен оның артынша орнаған кеңестік төңкерісшілерге қарсы патшалық заманды көксеп соғысқа түскен жекелеген орыс отрядтарынан келген қауіп. Бұл екеуінен кейін төнген тағы бір қатер 1918-19 жылдары өлкеде толық жеңіске жеткен кеңес өкіметінің қателік пен кемшіліктерге толы саясатынан туындаған.
Бұл жұт халық арасында «Жылантақыр» деген атпен белгілі. Ашық һәм жазық дала  тұрғындарының малдары бозы күйіп кеткен даладан шөп тап- пай, қырыла бастаған. Созақ пен Жаңақорғанның, Шәуілдір мен Сарысудың, қазіргі Жамбыл облысына қарасты Талас пен Шу аудандарының ұлан-ғайыр жазық далаларында отырған қазақтардың құдықтарынан су тартылып, мал мен жан аштық пен шөлден өле бастаған. Қазақ осы жылан жылғы жұтқа «Жылантақыр» деп ат қойған. Т.Рысқұловтың: «1917-18 жылғы ашаршылықта Түркістан республикасына қарасты қазақтардың 500 мыңдайы қырылды. Ал, Қазақстан бойынша 1 миллионнан астам адам құрбан болды» деп жазғаны осы жұттың болмысын көрсеткен.
Сол кезде өкімет ауысып, бірі қызыл, бірі ақ болып, билікке таласып соғысқан құзырлы орындардың аштық пен жұттан қырылып жатқан адамдар мен малдарды сақтап қалуға мұршалары болмай, өз бастарымен өздері әлек боп кеткен. Әйтсе де, Шымкент облыстық мұрағатында (қ. 29.оп. 1 іс 3) мынадай мәлімет сақталған: «Сырдария облысында 1917 жылы 3 млн. 898 мың төрт түлік болған. Екі жылдан кейін, яғни 1919 жылы олардың саны бір жарым миллионды құраған».
Бір ғажабы, «Жылантақыр» бүкіл Қазақстанды емес, тек оның оңтүстік өңірлерін, атап айтқанда, қазіргі Түркістан, Жамбыл, Алматының Талдықорғанға дейінгі жерін, Қызылорданың солтүстік аудандарын және Ташкент пен Жызақ өңірін қамтыған. Айтушылардың сөзіне қарағанда, бұл жұтта тау сағалап, өзен жағалағандардан гөрі жазық далада, шалғай мекенде қоныстанғандар опатқа көп ұшыраған. Мұны өзбек тарихшыларының шығармалары жинақталған «Орта Азиядағы төңкеріс» атты жинақтағы «Төңкерістің алғашқы жылында өзбек жерімен шекаралас отырған Жызақ қазақтарының көп адамы мен малы аштық пен жұттан қырылды» деп жазған жазбасы да куәландырады. (Жинақ 1.Ташкент. 1962).
Не десек те, 1917 жылдың көктемінен 1918 жылдың көктеміне дейін тура бір жыл оңтүстік өлкеде алапат жұттан ел тозып, жұрт азған. «Жылантақырдан» қалған зардап пен өзгерген қоғамның берекесіз кезеңі кесірінен аштық екі-үш жылға созылған. 1918 жылы Ташкентте Түркістан республикасының комитеті жанынан аштықпен күрес басқармасы құрылып, оған Т.Рысқұловтың жетекшілік жасағаны осының айғағы.
1918 жылдың 30 сәуірінде кеңестер съезі РСФСР-дің құрамына кіретін жаңа Түркістан кеңестік автономиялы республикасын құру туралы қаулы қабылдады. 
Оның астанасы Ташкент болып қала берді. Жаңа құрылған Түркістан республикасы басшыларының бәрі орыстар болды, оған бірде-бір мұсылман өкілі кіргізілмеді. Түркістан Халық комиссарлары кеңесінің төрағалығына Колесов, Орталық атқару комитетінің төрағалығына Кобезев деген орыс большевиктер сайланды. Осылайша, Лениннің көзі тірі болса да, Түркістанда ұлттардың өзін- өзі билеу принципіне сай жазылған қағидасы жүзеге аспай, өлкені басқару ісі өзге ұлт өкілдерінің қолында қалды. Бұл жергілікті ұлттар көсемдерінің ашу-ызасын тудырды. Олар кеңес өкіметіне жаны қас топтармен бірігіп, 1919 жылдың 19 қаңтар күні түнде Ташкенттегі кеңес өкіметінің басшыларын қырып салды. Хиуа мен Бұқар республикасының ішінен де кеңеске жаулар табылып, нәтижесінде Түркістанға шын қауіп төнді. 
1918-19 жылдары атаман Анненков, Дутов, Колчак сияқты патша заманын аңсаған қолбасшылар қанға бөктірген майдан өлкелерімен салыстырғанда оңтүстік өңірінде төңкеріс едәуір тыныш жағдайда іске асты. Дегенмен, осы төңкерістен кейін елдегі саяси-қоғамдық, әлеуметтік мәселелер тым ушығып, арты халықтың ауыр зардапқа ұшырауына әкеп соқты.
Түркістан республикасының басшылары Т.Рысқұлов, Ю.Алиев, Ю.Ибрагимов алғашқыда Түркістанды өз алдына дербес түркі республикасы етуге талпынды. Олардың мұндағы ұлттарға қарай әр республикаға бөлу керектігін қайта-қайта көтергендерімен, ұсыныстары қабылданбай тасталынды. Сөйтіп қазіргі Түркістан, Жамбыл, Талдықорған, Қызылорда өңірін қамтитын қазақ жері Сырдария және Жетісу облыстары болып, 1924 жылға дейін Түркістан республикасына қарап келді. Түркістан республикасына қырғыз жері түгелімен, тәжік және түркімен өлкелерінің жарым-жартысы, өзбек жерінің Ферғана, Ташкент, Қашқардария, Сурхандария аймағы түгел кірді.
Өңірді облыс комиссарлары, уезді уездік комитеттің бастықтары, болыстық кеңестерді төрағалар басқарды. 1921-22 жылдары уездерде кедейлердің тұрмысын жақсарту, оларды жаңа кеңестік қоғам мен еңбекке баулитын мақсатты көздеген «қосшы одақтары» құрылды. Әр ауыл артельге немесе серіктестікке айналып, бірлесіп еңбек етудің жолына түсті. Бұрынғы байлар «байлар қожалығы» деп аталып, бір шаруашылыққа айналды. Яғни әр бай өзіне жұмысшы алып, оларды асырауға, жалақы төлеуге, мұң-мұқтажын шешуге, сондай-ақ, жыл сайын табысынан белгілі бір мөлшерде мемлекетке салық төлеуге міндетті болды. «Қосшы одағына» ылғи кедей таптан шыққан өкілдер тартылды. Олардың өкімдері болыстық кеңес төрағалары тәрізді белгілі бір аумаққа орналасқан 5-тен 10-ға дейінгі артельдер мен серіктестіктерге жүрді. Тіпті, олар «байлар қожалықтарына» да өктемдік жүргізді. Алайда, 1928 жылға дейін «байлар қожалығы» оларға көп жағдайда бағына қоймайды. Себебі, сол кезгі тәртіп бойынша «бай қожалығының» иесі тікелей уездік комитеттің бастығына ғана есепті еді.
1925 жылы Қазақ өлкелік партия ұйымына басшы болып келген күннен бастап, «Қазақ даласында қазан төңкерісі болмаған, тек оның самалы ғана шарпып өткен. Сондықтан да қазақ даласында қалайда «Кіші қазан» төңкерісін жасауымыз керек» деп сарнаған Голощекин төрт жылдан кейін ақыры өз ойын іске асыруды қолға алды. Өз талабын орындауға «ұлы көсем» Сталиннен келісім алған ол 1928 жылдың басында алдымен жер-жердегі болыстық комитеттердің жанынан милиция бөлімдерін ашты. Артынша Ресейге еліктеп, губерниялық, уездік болыстық орталықтардан өкіметтің аса маңызды тапсырмаларын орындайтын ОГПУ бөлімдеріне қосымша үштік комитеттерді құрды. НКВД өкілдігін күшейтті. «Қосшы одақтарын» таратып, оның мүшелерін үштік комитеттерге бөлді немесе ауыл белсенділеріне айналдырды. Осыны тындырып болған соң «жарғақ құлағы жастыққа тимей» «байлар қожалығын» жоюға кірісті.
1928 жылдың басынан бастап Голощекин республикалық екі – «Еңбекші қазақ» пен «Советская степь» газеттерінде байларды тәркілеудің аса кажеттігі туралы сан қилы мақалалар жариялап, құрғатпай радиодан хабарламалар жасап тұрды. Соның алдында бүкіл одақ бойынша губерниялар тарап, олардың орнына округтер құрылған болатын. Сырдария губерниясының орнына Қызыл-орда және Сырдария округтері құрылды. Уездер тарап, аудандар пайда болды. Жаңадан құрылған Сырдария округінде 3 қала, 21 аудан, соларға қарасты 567 ауылдық, қышлақтық және селолық Кеңестер құрылды. Округті округ комитетінің бастығы, аудандарды жауапты хатшылар басқарды. Округтер мен аудандар құрылып болған соң 1928 жылы 27 тамызда Голощекин Халкомкеңес атынан аса маңызға ие деген атпен арнайы қаулы шығартқан. Ол қаулы «Жергілікті бай қожалықтарын тәркілеу» деп аталды. Содан бастап қазақ даласында келесі бір аласапыран басталып кеп берсін. Қаулы шыққан күннің ертеңіне-ақ бүкіл Қазақстандағы округ пен аудан орталықтарында партия жиналыстары ұйымдастырылып, бір аптаның ішінде жергілікті болыстық комитеттер мен ОГПУ, НКВД, үштік комитеттерінің мүшелеріне қай ауылда қанша «бай қожалығы» және оларда қанша мал-мүлік бар екенін анықтау тапсырылған. Қаулы бойынша тәркіленетін «байлар қожалығын» екі топқа бөлген. 500 жылқысы мен 1000 қойдан аса малы барлар 1-топқа, 50-ден 500-ге дейін жылқысы, 1000-ға дейін қойлары барлар 2-ші топқа жатқызылған. 1-топтағылардың мал-мүлкі кедей-кепшік пен колхоздар меншігіне өткізілумен қатар феодал ретінде сотталуы немесе жер аударылуы тиіс-тұғын. Шымкент облыстық мұрағатындағы деректер бойынша Сырдария округіндегі 1-топтағы байлардың саны – 91, 2-топқа жатқызылғандардың саны – 202. Бұлардың бәрі аяусыз тәркіленген. Малдарының біраз бөлігі кедей-кепшіктерге, қалған бөлігі колхоз меншігіне өткізілген. Мұрағаттық деректің айғағы бойынша қазіргі Түркістан облысынан 513 адамның мүлкі тәркіленіп, 322 адам жер аударылған. Оның 9-ы он жылдан аса уақытқа сотталған. Кәмпескеге тек мал ғана емес, байлардың мүліктері мен киімдері, жіп- арқан, ер-тоқымдары, тіпті әйелдерінің әшекей бұйымдарына дейін іліккен. Кешегі «Қосшы одағына» мүше болғандар белсенділерге айналып, байдың туыстарын да жер аудартып, ең соңы он қой, екі сиыры барларды да бай санап, елден бездіріп жіберген. Шолақ белсенділер байлардың арасында да жақсы-жамандары бар екенін сараламай, бәрін қуғынға ұшыратқан. Бәлкім, белсенділер ескі кекті қуды, әлде жоғары жақтың бұйрығын орындады, бәрібір, қалай айтсақ та сол заманғы солақай әрекет қазақтың бағзыдан қалыптасқан тұрмыстық қалпын бұзғаны анық. Шынтуайтына келгенде, ол қалыпты бұзған ел ішіндегі таяз ойлы белсенділер емес, жоғары жақта отырған Голощекин тәрізділер. Ол, біріншіден, байларды кәмпескелеп, қазақтық қалыпты бұзды. Екіншіден, елді отырықшылыққа үйретем деп ауыл-ауылды көшіріп, қазақты қазаққа айдап салды.

Момбек ӘБДӘКІМҰЛЫ, жазушы.
Пікір қалдырыңыз