Тәшеневті енді танып жатырмыз

Кешегі КСРО-ның тұсында қазақ жерінің территориялық тұтастығына жойқын шабуыл жасалғаны бүгінде баршаға белгілі. Алып империяның сол кездегі көсемі Н.С.Хрущев кең байтақ еліміздің солтүстігінде орналасқан бес бірдей облысты біріктіріп, өлке жасап, түбінде Ресей  құрамына қосып жіберуді көздеді. Өзінің осы жымысқы саясатын жүргізу мақсатында әуелі «Тың өлкесі» (Целинный край) деген аймақ құрды. Тың өлкесінің басшылығына Т.И.Соколов деген өз адамын жіберді. Ол империялық пиғылды жүзеге асыру үшін «Тың өлкесін» Ресейге өткізуге бейімдеп, Қазақстан басшылығына бағынудан бас тартты.  

Бұл – бүгінде ақиқаты ашылып жатқан тарих сахнасының бір көрінісі. Ел басына күн туған сондай сәтте аренаға алаштың арда азаматтары шықты. Сондай азаматтардың бірі һәм бірегейі мемлекет және қоғам қайраткері Жұмабек Тәшенев еді.
Жұмабек Ахметұлы (1915-1986) қазіргі Ақмола облысы, Аршалы ауданында дүниеге келіп, 71 жасында Шымкент қаласында өмірден өтті. Ұлт жанашыры Ақмола құрылыс техникумын (1932) және КОКП Орталық Комитеті жанындағы жоғары партия мектебін (1955) бітірген. Еңбек жолында Бейнетқор аудандық Кеңесі атқару комитетінің төрағасы, аудандық жер бөлімінің меңгерушісі болған. Еліміздің басына бұлт үйірілген соғыс жылдары Ақмола облыстық жер бөлімі бастығының орынбасары (1939-43), Солтүстік Қазақстан облыстық партия комитеті хатшысы, мал шаруашылығы  бөлімінің меңгерушісі, облыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы (1943-52) болды. Одан кейін Ақтөбе облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы (1952-55), Қазақ КСР-і Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы (1955-60), Қазақ КСР-і Министрлер Кеңесінің Төрағасы (1960-61) сияқты еліміздегі ең бір жауапты қызметтерді атқарды. 
Өкінішке қарай, елге тұтқа болған азаматты кеңес билігі барынша тұқыртып ұстады. Әуелі Жұмабек Тәшеневті сол кездегі Шымкент облыстық атқару комитеті төрағасының қатардағы орынбасары ретіндегі қарапайым қызметке ауыстырды (1961-75). Алпыс жасқа қалай толды, солай зейнеткерлікке шығарылды. Ол бұдан кейін ғалым ретінде Шымкент қаласындағы «Қаракөл» ғылыми-зерттеу институтында, Оңтүстік Қазақстан облыстық талдау-есептеу орталығында өмірінің соңына дейін қызмет атқарды.
Өткен ғасырдың алпысыншы жылдары ел тұтастығы мен жер тұтастығы сынға түскен кезеңде Қазақстанның аса ірі аймағын билеу құқығына ие болған Т.И.Соколов республика басшыларының тапсырмаларын, соның ішінде  тың өлкесі болып отырған аймақтардың бюджеттік мәселелерін республикалық Жоспарлау комитетіне өткізуді қасақана қажет деп таппайды. Дәл осы кезде Алматыдан арнайы ұшып келген Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің Төрағасы Жұмабек Тәшенев оған қатаң ескерту жасайды. Мәскеу сеніп отырған Т.Соколовты қызметінен алып, 24 сағаттың ішінде Қазақстаннан қуып жіберетінін және «Тың өлкесі» ешқашан Ресейге берілмейтінін ескертеді. Одан кейінгі оқиға сол кездегі астанамыз Алматыда орын алады. Үкімет мәжілісіне келіп мінбеге көтерілген Тың өлкелік атқару комитеті  төрағасының бірінші орынбасары А.И.Козлов «Жұмабек Ахметұлы, біз сіздерден ештеңе сұрамаймыз, тек Мәскеудің бергеніне тимесеңіздер болғаны» деп өзінше қыр көрсетеді. Мұндай жүгенсіздікке төзбеген Жұмабек Тәшенев оны тоқтатып қойып, «Тың өлкесі Қазақстанның құрамында, ал, Қазақстанды оның Орталық партия комитеті мен Үкіметі басқарады» деп дер кезінде сабасына түсіреді. 
Осылайша Жұмабек Тәшенев Мәскеу арнайы жіберген кеудемсоқ шенеуніктерге қарсы қайсар мінез көрсетті, Қазақстанның жоғарыда аталған бес облысының ешқашан да Ресей империясына берілмейтінін ашық мәлімдеді.
КСРО сияқты алып империяның бірінші басшысы, артық әрекеті көп Н.С.Хрущевтің өзіне қасқайып қарсы тұрған, туған жерінің бір сүйемін де жат елдің басқыншылығына бермеуді алдына мақсат еткен Жұмабек Ахметұлы алқалы жиында қаймықпай: «КСРО Конституциясына сәйкес, әр ұлт республикасы өзінің тарихи жерінде, өз табиғи байлығын өз меншігінде пайдалануға хақы бар. Бұл заңмен де санаспайтын болсаңыз, біз халықаралық сотқа шағым беруден де тайынбаймыз» деп Никита Хрущевты сабасына түсіреді.
1960 жылға қарай сәл шегініс жасайық. Бұл кезде елімізде 
500-ден астам қазақ мектебі жабылды. Қазақ балалары орыс тілді мектептерде білім алды. Ең үлкен қасіреттің бірі елдегі демографиялық ахуал еді. Қазақ халқы өз жерінде отырып азшылыққа айналды. Қазақ халқының үлесі 29 пайызға дейін түсіп кетті. Жерімізге де қауіп төнді, бұл қиындықтан аман алып қалған тұлғаларға біз мәңгілік қарыздармыз. Солардың бірі әрі бірегейі болған, әсіресе, Жұмабек Тәшеневке мәңгілік қарыздармыз. Осы аралықта «Жұмабек Тәшенев қандай қызметте болса да ең алдымен өз елінің мақсат-мүддесінен шығатын, халықтың жағдайын ойлайтын, ұлттық мәселелерді КСРО басшыларының алдында тайсалмай қоятын, жүрегі қазақ деп соғатын біртуар азамат еді» деп толғанатын Кеңес Одағының Батыры, Қазақстанның Халық Қаһарманы, генерал Сағадат Нұрмағанбетовтің сөзі еріксіз еске түседі. 
Реті келгенде тарих ғылымдарының докторы, профессор Ханкелді Әбжановтың тәшеневтану әлеміне қатысты пікіріне де тоқтала кетейік. Ғалым былай дейді: «Ол заманда Мәскеу идеологиясы, партияның өктемдігі жүріп тұрғанда Тәшеневтің ерлігін дөп басып айту қиынға соқты. Тәшеневке оралып, оның ерлігін айтып жатқанымыз – тәуелсіздік алып, санамыздың ашылғанының арқасы. Ұлттық тарихымызға мемлекеттік мүдде биігінен қарай бастағанымызды көрсетеді. Тәшеневті енді танып жатырмыз, Тәшеневтің тарихтағы шын бағасын енді біліп жатырмыз». 
Ел бірлігі мен жер тұтастығы үшін күрескен, өмірінің соңына дейін «маған керегі – лауазым емес, қазақ халқының бірлігі мен жерінің тұтастығы. Ол арманыма жеттім. Елім, жерім орнында» деп тебіренген тау тұлғалы Жұмабек Ахметұлы Тәшеневтің есімі мәңгілік жадымызда сақталады. 

Шолпан АРЗЫМБЕТОВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор,
Ж.А.Тәшенев атындағы университеттің ғылыми және зерттеу жұмыстары
жөніндегі 
проректоры.  

Пікір қалдырыңыз