«Ұнатам күллі әлемнің гүлденгенін...»

Майлықожа, Елеусіз, Қызыл жыршы, Махан, Сәдуақас, Айтбай, Тәушен Әбуова, Әселхан Қалыбекова, Маржан Есжанова, Бекарыс Шойбеков, Анар Жаппарқұлова, Жәкен Омаров, Дәурен Ақсақалов сынды айтыс дүлдүлдері Отырар ауданының даңқын елімізге танытты. Ал, «Вальс королі» Шәмші Қалдаяқовты бүгінде қай қазақ білмейді?!
Міне, осы дарындар тобына өзіндік үнімен, терең білімімен, қарымды қабілетімен қосылып келе жатқан тағы бір талант – кезінде Отырар ауданын басқарған Ерлан Айтахановтың қолдауымен, айтыстың ақберені, марқұм Әселхан Қалыбекованың ұсынысымен ашылған «Отырар өнер, саз мектебіндегі» ақындар сыныбының мұғалімі Гауһар ЖҮСІПӘЛИЕВА.
Біз бүгін Гауһардың жаңа өлеңдерін «Оңтүстік Қазақстан» газетінің оқырмандарына ұсынғанды жөн деп таптық.

От 

Алау от бәсеңдемей лапылдайды.
Қай мықты оған тура жақындайды. 
Батылы барлар ғана қолы жетер,
Адал бақыт ешкімге сатылмайды.
Алау от жан қыздырар шоқпен келер.
Өмірде бар жалыны жоқ пенделер. 
Ып-ыстық ықыласқа ие болар, 
Жанға жылу беретін от кеуделер.
Уақыттың алданбайық сағымына. 
(Адамның адал емес бәрі мына).
Өнерді білмегендер күйік құсап, 
Шабыттың жанып кетер жалынына.
Тағдырдың қарсы келмей үкіміне.
Төзімнің кім кінәлі бітуіне.
Өлеңімнің қадірін ұқпағандар, 
Қақалып қалар артта түтініме. 
Көңілім жырдан тапқан мол керегін.
Толтырып шабытымның зор кемерін.
Мені күткен еліме жылу сыйлап, 
Қатігездік атаулыны өртер едім.
Мен кейде жабырқаған халық көрем.
Ізімді өз жолыма салып келем.
Шамамның жеткенінше от сияқты,
Қап-қара қою түнге жарық берем.
Жүйрік ой жете алса кемеліне,
Кәмілмін ертеңіме сенеріме.
Перзенттік парызым – қазағымның,
От тәрізді жарасам керегіне.

Ұшақтағы ой

Аппақ бұлттың арасын,
Жарып өтіп барасың.
Ұшқан құстай зымырап,
Биік самғау аласың.
Орасан ойды жиып кеп.
Қиялым жүйрік сүйікті ет.
Көкжиекке самғадым,
Бірте-бірте биіктеп.
Керемет күйге бөлендім.
Өмірдің сыйын көрермін.
Аллаға ғана сыйындым,
 Халқымнан ғана төменмін.  
Жақұт жырыма бөлейін.
Еңбекке терді төгейін.
Көтеруге тиіспін,
Үмітті елдің мерейін.

Гүлдер 

Самал желмен жайқалып тербелетін.
Сұлулығын тамсанып ел көретін.
Гүлдің әсем келбеті түрлендіріп,
Тіршілікке ғажайып өң беретін.
Кейбірі мерекеге жете сынар.
Сыйлыққа берілсе де егесі бар.
Гүлдердің де ғұмыры қысқа ма екен, 
Адамның өміріндей өте шығар.
Гүлдей боп құлпырғанды естіп жүрмін.
Бар жамандық атаулы кетсін құрдым.
Хош иіс гүл жұпарын сезінгендей,
Көңілдерге түспесін ешбір кірбің.
Уақытымды алса да күндер менің.
Жүрегімнің қалауы – жыр тергенім.
Алла бәрін көркемдеп жаратқан соң, 
Ұнатам күллі әлемнің гүлденгенін.

Үміт 

Түнге жарық береді ай қараңғы.
Нұрландырды сұлулық айналамды.
Тамыз түні тамызық шабытыма,
Қоңырқай күз келері ойда қалды.
О, жұлдызым жап-жарық қалпың 
                                                 маған.
Табиғаттан тамаша артылмаған.
Салқын самал жанымды түршіктірді,
Жалған сезім секілді салқындаған.
Жұмбағына шақырды бұл түн мені.
Көңілім үмітінен іркілмеді 
Бұл жалғанда шынайы жан бар ма 
                                                    екен,
Мендік мұңды ұғатын күлкімдегі.

Өмір деген...

Өмір – өзен жаңылмайтын арнадан. 
Өмір – сынақ арылмайтын бар ма адам?
Өмір – қанат биік ұшып талмаған.
Өмір – сабақ пенделерге арнаған.
Өмір – мектеп үйретері көп әлі.
Өмір – асқар таумен теңдес жоғары 
Өмір кейде ақ-қарасы болады, 
Өмір – бақыт кейбіреуге қонады.
Өмір – иман жүректердің төрінде.
Өмір – достық екіжүзді көрінбе.
Өмір – сәби арамдық жоқ  көңілде.
Өмір – шаттық достарыңнан бөлінбе.
Өмір – шырақ сөндірмегін жарығын.
Өмір – күшті арқасүйер алыбың.
Өмір сені махаббатпен таныдым,
Өмір – сезім, жоғалтпайық қадірін.


Пікір қалдырыңыз