Оның қаламына іліккен тарих тіріліп сала береді

Дилара БИМЕНОВА, «Оңтүстік Қазақстан».

Әл-Фараби атындағы Шымкент қалалық ғылыми-әмбебап кітапханасында жазушы, журналист Шойбек Орынбайдың 70 жасқа толуына арналған әдеби кеш өтті. 
«Қуатты қалам иесі» тақырыбында ұйымдастырылған шараға қазақ жеріндегі таңғажайып өлкенің бірі әрі бірегейі саналатын сонау Көкше жерінен арнайы қонақтар келіп, қатысты. Кеш тізгінін ұстаған драматург Сая Қасымбек алғашқы сөзді қаламгердің еңбек жолын бастаған Көкшетау қаласынан келген қонақтарға берді. Кезінде жаңадан шаңырақ көтеріп, бұрын-соңды барып көрмеген, сырын білмеген жерге қоныс аударған ерлі-зайыпты қаламгерлерді қолдарынан келгенше қолдап, қолтығынан демеген көкшетаулықтар уақыт өте келе сыйлас, сырлас жандарға айналғандарын айтып, кеш иесінің иығына оқалы шапан жапты.
Шойбек Орынбайдың әріптес достары Слам Нұрмағамбетов, Суханберді Ораз­­әлиев, Атанбек Наурыз, әдебиетке жаны жақын белгілі қаржыгер Исмаилбек Шалабаев пен Серікқали Жексенбаев былайғы уақытта ашылып сөйлей қоймайтын біртоға, биязы мінезді қаламгердің ерекше еңбекқор жан екенін жеткізді. Әсіресе, оның Төлеби бабаның рухын ұлықтауға сіңірген еңбегі орасан зор екеніне назар аударды. Жазушының «Қайғы заман немесе Төле бидің тағдыры» роман-дилогиясы кейіннен 10 сериядан тұратын «Төле би» атты үлкен телехикаяға арқау болды. Хикаяның сценариін автордың өзі жазды. 
Міне, Шойбек Орынбай жәй қатардағы жазушы емес, ол өз биігін тағлымы терең шығармаларымен белгілеген жазушы. Оқырман оны тарихтың тамыршысы ретінде ғана емес, детективті жанрдың шебері ретінде де таниды. Қаламгердің нақты, өмірде болған деректерге негізделген «Түрмеге түспейтіндер» атты детективті романы оқырманнан жоғары бағасын алған шығарма. Шойбек Орынбайдың мұнан бөлек «Өмір деген осындай», «Тозаңды терезе», «Саңырауқұлақ», «Әміршінің әлегі» повестері мен әңгімелері секілді көптеген кесек дүниелері оқырмандардың рухани азығына айналған.
Кеш иесі Шойбек Орынбай өзінің бала күнінен жадында сақталған әдемі естеліктерімен бөлісті. Қазір көпшілік жазушыны Сарыағаш ауданы, «Социализм» ауылында өмірге келген деп біледі ғой. Бұл әсте де олай емес. Ол дүние есігін Өзбекстан Республикасында Тойтөбеде ашыпты. Балалық шағы Өзбекстанмен шекаралас жатқан Сарыағаш ауданы аумағындағы бұрынғы Черняевкада өтіпті. Әкесі жұма намазды Ташкентке барып оқып келеді екен. Қаламгер осындай әдемі естеліктер айтып, кейіннен Черняевканың «Жібек жолы ауылы» деп өзгеруіне өз үлесін қосқанын жеткізді.
Іс-шарада белгілі композитор, әнші Құралай Сәтмұхамбетова мен Нышан Төлегенов қаламгерге ұзақ өмір, мықты денсаулық тілеп, ән-жырдан шашу шашты. Өткенді тірілтіп, бүгінге алып келген қарымды қаламгерге сан мыңдаған оқырманның да жылы тілегі осындай!

Суреттерді түсірген Қайсар ШЕРІМ.
Пікір қалдырыңыз