Ерлігін Еуропа мойындаған Әліхан аға

Сабырбек Олжабай, «Оңтүстік Қазақстан».

Көзі тірісінде-ақ аты аңызға айналған, ерлігін талай жұрт мойындаған арда азаматтар қазақта аз емес. Алайда, мезгіл жаңарған сайын көп нәрсе көмескілене береді, біраз дүние ұмытылады. Десек те, жылдар емес, ғасырлар мұғдарында ұмытылмайтын ерліктер болады. Сол ерлікті жасаған батырлар арада қаншама уақыт өтсе де тот баспайтын алмастай жарқыраған үстіне жарқырай береді. Сондай атпал азаматтардың бірі – Чехия халқының батыры, Прага және Каменищ над Липой, Мних, Молдованың Ниспорены қалаларының құрметті азаматы Әліхан Көшіков атамыз еді.


1941 жылы әскерге шақырылған Әліхан Ташкенттегі радиобайланысшылар даярлайтын курста оқып, одан әрі білімін Горький қаласындағы радистер даярлайтын училищеде жалғастырады. Мұнан соң оны  Мәскеу қаласындағы партизандар даярлайтын оқуға жібереді. Оқуды бітірген соң ол партизандар отрядына жіберіліп, үлкен жермен байланысты қамтамасыз етіп отырады. Жас жауынгер Сталинград, Орел, Курск қалалары мен Украинаны азат етуге қатысып, әскери тапсырмаларды мүлтіксіз орындап отырған. Воронеж майданы мен IV Украина майданында, Курск-Орел доғасында, Киев пен Харьковте кескілескен ұрыстарға қатысады. Молдавия мен Чехословакиядағы партизандық қозғалыстардың бел ортасында жүреді. Ержүрек жауынгер Белоруссия, Венгрия, Балтық жағалауында кескілескен шайқастарға қатысады.

Генерал Ватутиннің дивизиясында байланыс бөлімінің бастығы болған оны Богдан Хмельницкий атындағы партизан отрядының құрамына жібереді. Сол кезде партизан отрядының құрамында мыңға жуық жауынгер бар екен. Әліхан Көшіков бұдан басқа да бес партизан отрядында байланысшы болады.

Бірде оған Вера Кудрявцева деген жас қызды көмекші етіп жібереді. Қиян-кескі ұрыстардың бірінде Вераға оқ тиеді. Ал, бұларды қорғап тұруға міндетті Худяков деген мерген де мерт болыпты. Әлібек дереу рация арқылы орталыққа «соғыс жүріп жатыр. Вера қаза тапты. Күте тұрыңыздар» деп хабарлап үлгереді. Бұл кезде фашистер тым жақындап қалған болатын. Ол ендігі жерде рацияны тастай салып, қолына қару алады. Осы жолы ол жеті жау солдатын жер жастандырады. 

...Бірде Ә.Көшіков Молдова орманына парашютпен түседі. Маңай қаптаған жау. Көріп қалса, біттім дей бер. Өзеннің жарқабағына жасырынып отырған ол бір кезде ысылдаған дыбысқа жалт қараса, қасына тілін сумаңдатып жылан келіп қалыпты. Белінен кездігін суырып алып, көз ілеспес жылдамдықпен жыланның басын кесіп жібереді. Жылан сусып жерге құлапты.

Әліхан Көшіковті мұнан соң Чехословакиядағы «За Прагу» партизан отрядын ұйымдастыруға жібереді. Жеңіс мерекесін Чехословакияның оңтүстігінде қарсы алған оны енді Қиыр Шығысқа аттандырады. Көп кешікпей жапондар да тізе бүгеді.

Жауынгерлік ерліктері үшін Әліхан Көшіков Чехословакияның жоғары наградасы  – «Жоғарғы Әскери Крест», Кеңестер Одағының «Қызыл Жұлдыз», екінші дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен, Г.К.Жуков медалімен марапатталады. КСРО Байланыс министрі Г.Кудрявцевтің бұйрығымен «Құрметті радист» атанады.

Әліхан Көшіковтің жауынгерлік ерліктері Қалаубек Тұрсынқұловтың «Есіңде ме, сол бір кез», «Олар оралған жоқ», Жекен Жұмахановтың «Орман патшасы» кітаптарында жан-жақты баяндалады. Әрине, жан берісіп, жан алысқан соғыстың әрбір сәтін бір мақала көлеміне сыйдыра алмайсыз.

Ерлігін Еуропа мойындаған Әліхан Көшіков бейбіт күндері ерен еңбектің үлгісін көрсетті. Соғыстан оралысымен Төлеби ауданы, Алғабас ауылында мұғалім болды. Кейін агрономдыққа ауысып, шаруашылықта еңбек етті. 1963-1987 жылдар аралығында Қазығұрт ауданы, «Коммунизм» кеңшары кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін абыроймен атқарды. Оны Чехословакиядан, Молдовадан партизан достары жиі іздеп келетін. Оларды іздеп Әлекең де Польшаға, Каменец над Липой, Мних қалаларына жиі барып тұрды. Осы байланыстың нәтижесінде Чехословакияның «Прага» мемлекеттік шаруашылығы мен Қазығұрт ауданының «Коммунизм» кеңшары достық  мәдени байланыс орнатты. Осылайша шаруашылық экономикасын одан әрі өркендетуге, сондай-ақ, елді мекендерді көріктендіруге, жергілікті тұрғындардың тұрмыс ахуалдарын көтеруге бір кісідей үлес қосты. Ұзындығы 18 шақырымды құрайтын Қаратас–Жаңабазар асфальт жолын төсеуге, Келес өзенінен екі көпір, ауыл орталығынан жаңа типті мектеп, аурухана, Мәдениет үйі, балалар бақшасы, музыка мектебін, сауда орталықтарын салуға мұрындық болды. Бұл құрылыстардың барлығы айналдырған он жыл ішінде біткен. Соны күтіп тұрғандай, Чехословакиядан партизан достары іздеп келіп, ауылда атқарылған ауқымды жұмыстарды көріп, риза болып аттанады. 

1984 жылы Әліхан Көшіков Жаңабазар ауылында тарихи-өлкетану музейін ашты. Прага қаласынан келген қонақтар Жаңабазар ауылында бірнеше күн қонақ болды. Музейді көрді, қыр-қыратқа шықты, киелі Қазығұрт тауын аралады, қымыз ішті. Әлекең Үлгілі ауылына да аурухана, стадион, клуб, дәріхана, сауда орталықтарын салдырды. Ол Чехословакия, Молдова елдерінен тәжірибе жинақтап келіп, осы нысандарды солардың үлгісімен тұрғызды.

Чехия халқының батыры, бес қаланы азат етуге қатысқан Әліхан Көшіковтің кезінде Чехословакия президенті Антонин Новыднимен дос болғанын бүгінде біреу білер, біреу білмес. Олар екі ел арасында достық шартын жасады. Мұнан соң прагалықтар Әлекеңнің ауылына келіп мектеп, аурухана, кітапхана, дәріхана салып берді. Кеңшарға ауыл шаруашылығы техникаларын сыйлады. 

Достық – ұлы күш! Әліханның Сәуле атты қызы Киевте майдандас досының қолында жүріп оқыды. Бұл үлкен достықтың белгісі болатын. Украин достары Әліханды құшақ жая қарсы алушы еді. Әлемнің әр түкпірінен көптеген дос тапқан Әліхан аға сынды адамды табу, сірә, оңай болмаса керек.

Ол отбасында да бақытты болды. Жұбайы Орынтай екеуі төрт ұл, алты қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлдарын ұяға, қыздарын қияға қондырды.

2007 жылдың 9 мамыры еді. Қазығұрт ауылында ардагерлер Жеңіс шеруіне қатысып, мәре-сәре болып тарасқан. Жеңіс мерекесінен көңілді келген Әліхан аға бір сәт дем алмақшы болып жастыққа жантая берген. Сол күйі пәни дүниеге ешкімге ауыртпалық салмай, ың-шыңсыз аттанып кете барыпты.

Иә, қырандар қазасы қияда! Ерлердің қазасы да ерлерше болады.

Пікір қалдырыңыз