Командирі даңқты Бауыржанның өзі болған

Рахымбек Раисов  1911 жылы Қостанай облысында дүниеге келген. Ол ашаршылық кезінде анасымен және екі  қарындасы Рахыш пен Дәуменді ертіп, бар дүниесін түйеге артып, өздері жаяулатып, мүлде белгісіз бағытқа бет алады. Жол-жөнекей талай қиындық көріп,  Мақтаарал ауданы, Иіржар ауылдық округіне қарасты Диқан ауылына (сол кездегі «Свердловск» кеңшарының «Маяк» бөлімшесіне) жетеді. 

1941 жылы соғыс басталғанда ол алғашқылардың қатарында Отан қорғауға аттанады. Мәскеудің түбінде тұрған фашистер КСРО-ның бас қаласын дүрбімен-ақ көре алатын жерде болыпты.  Р. Раисов бағына қарай қазақтың даңқты батыры  Б.Момышұлы басқаратын батальонға түседі. Зеректігінің арқасында қазақшаны орысшаға және орысшадан қазақшаға шебер  аудара алатын ол бірден бөлімнің аудармашысы болып тағайындалады. Осы қызметте жүріп Рахымбек ата талай қазақ сарбазының орысшаны жақсы меңгеріп кетуіне себепкер болыпты. 
Бірде ол орыс жауынгерімен сөйлесіп тұрғанда, Баукең шақырып алып, «орысша сөйлемеңдер, қайта орыстарды да қазақшаға үйретіңдер» дейді. Сонда Рахымбек отты жанарлы қазақ командиріне сүйсініп қалады. Бірақ, амал нешік, орыстарға қазақша үйретуге мүмкіндік болмай, тек қос тілде бірдей сөйлеуге тура келіпті. Талап сондай еді. Орыс тілінде өз ойын толық жеткізе алмай қиналған қаншама қандастарына көмектесіп, олардың ризашылығын алады. Ал, орыс офицерлері де оның зеректігі мен берілген әскери тапсырмаларды тиянақты орындайтын елгезектігін  құрметтеп, оған оң көзбен қарайды. 
Р.Раисов 1943 жылы ауыр шайқастардың бірінде қолынан ауыр жараланып, госпитальға түседі. Жарақатының салдарынан бір қолы бүгілмей қалғандықтан, ол одан әрі әскери қызметке жарамсыз деп танылып, елге қайтарылады. Елге оралған соң көп ұзамай қарашай қызы Мариям Гочиреваға үйленеді. 
Мариям Зұлқырнайқызы Гочирева Кавказдың Минеральные воды төңірегіндегі Зеленучка ауданы, Даусыз селосында дүниеге келген екен. Ол соғыс жылдары Қазақстанға көшірілген тау халықтары өкілдерінің қызы болатын. Оның әкесі соғыстың алғашқы жылдарында-ақ майданда қаза тауыпты. 
Рахымбек Раисов соғыстан оралған соң «Маяк» бөлімшесінде  егіншілікпен айналысады. Әйелі Мариям мақта шөбін отап, шабық шабады. Қазақ жігіті мен қарашай қызы құрған отбасыдан он қыз, бір ұл өсіп-өнді. Несібелі, Үміт, Иманғали, Қарашаш, Алтыншаш, Ұлбосын, Жұмакүл, Тамара, Дәметкен, Нәзира, Орынкүл есімді ұл-қыздары отбасылы болып тамырларын тереңге жіберді.  Жұмакүл  Николай Вершанин есімді орыс жігітке тұрмысқа шыққан. Қазір олар Краснодар өлкесінде тұрады екен. 
Ержүрек жауынгер Р.Раисов туралы  үлкен қызы Несібелі жан-жақты әңгімелеп берді. Қарашай халқының өкілдері кейіннен Кавказға қайтқанда, әжелері «қыздарым қазаққа тұрмысқа шықты, мен бұдан былай қарашай емеспін, қазақпын» деп қазақтарға ілтипатының зор екенін көрсетіп, Мақтааралда қалыпты. Несібелінің ендігі арманы – анасы Мариямның туған жері Кавказдағы Минводы аумағындағы Зеленучка ауданы, Даусыз селосындағы туыстарын іздестіру. 
Иә, Мәскеу түбінде қазақтың даңқты перзенті Бауыржан Момышұлымен бірге жаумен аяусыз шайқасқан Рахымбек Раисовтың ұрпақтары ауданымызда  өмір сүріп жатыр. Ал, ағамыз бақилық болған. Тірі болғанда Жеңіс күнінде оның тағлымға толы әңгімелерін өз аузынан естіп отырар едік...

Сәбит ҚАЛДЫБАЕВ. Мақтаарал ауданы.
Пікір қалдырыңыз