Кешегі Тоня жеңгей бүгін Тоня әжей

Сызған ауылдық округінің орталығы – Қозмолдақ ауылы. Осы ауылда Қарабек Арқарұлы деген еңбекпен есейген ағамыз тұрады. 
Қарабектің әкесі дімкәстеу болды. Сондықтан оныншы сыныпта оқып жүріп әкесінің орнына хат тасушы болып жұмыс істеді. 1973 жылы күзде училищеге оқуға түсіп, оны бітірер жылы әскерге шақырылады. Әскерден оралысымен кеңшарға көлік жүргізушісі болып жұмысқа тұрды. Кеңшардың таусылмайтын науқандық жұмыстарының барлығының ортасынан табылатын. 1977 жылы күзде Антонинаға кездесіп, кейін екеуі үйленеді. Қазір екі қыз, үш ұлы бар.
Тәуелсіздік алған жылдары Қарабек аға егін де екті, мал да бақты, трактормен ауылдастарының жүгін тасыды. Кейін саудамен айналысып, ауылдан көп-көрім тойхана салды. Бүгінде мұнда жиырмадай адам жұмыс істейді.
Ол кезде кеңшарға әр ұлттың өкілдері келіп жұмыс істеуші еді. Александр Браташ «Тасты» кеңшарында ағаш ұстасы болып ұзақ жыл еңбек етті. Қазақтармен етене араласты. Сол Александр осы ауылдағы Махмұт деген кісінің өкіл інісі еді. Бір күні Қарабектің көзі Антонина Браташқа түспей ме? Тоня да жігітті ұнатады. Осы балауса сезім екеуінің шаңырақ көтеруіне ұласады.
Бүгінде Қарабек аға мен Антонина жеңгеміз – ауылдың сыйлы адамдары. Орыс қызы қазақтың салт-дәстүрлерін жақсы меңгеріп алған. Барлық той-жиында қазақ қамзолымен жүреді. Кеше Тоня жеңгей еді, бүгінде Тоня әжей. Қарабек ағаның қара шаңырағына құт дарытып, ошағының отын маздатып отыр.

Мақсат ҚАРҒАБАЙ.
Созақ ауданы.

Пікір қалдырыңыз