Олар АҚШ-қа жолдама алды

Астана қаласында өткен Central Asia First Lego League Championship робототехника сайысында оқушыларымыз 1-орын иегері атанып, Вустер, Массачусетс, АҚШ-қа жолдама жеңіп алды. 
Чемпионат ҚР Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы қолдауымен «USTEM Robotics» қоғамдық қорымен өткізіледі. Оған еліміздің әр өңірінен 1200-ден астам оқушы қатысқан болатын.
Атап өтсек, биылғы маусым энергия тақырыбына арналған. Байқаудың ерекшелігі – балалар роботтарды бағдарламалау және құрастырумен қатар, инновациялық жобада жұмыс істеді және энергия тақырыбының өзекті мәселелеріне инженерлік шешімдер жасады.
Сайыс қорытындысы бойынша барлық қатысушылар сертификаттармен, жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен «USTEM Robotics» қоғамдық қорының I, II, III дәрежелі дипломдарымен марапатталды, ал Шымкент қаласының химия-биология бағытындағы мектеп оқушылары жеңіске жетіп, енді АҚШ-та еліміздің атын қорғайтын болады
Пікір қалдырыңыз