Киберқауіпсіздік тыйымнан емес, мәдениеттен басталады
Ақпараттық технологиялар адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналған бүгінгі таңда киберқауіпсіздік мәселесі қоғамның барлық саласы үшін өзекті болып отыр. Әсіресе, цифрлық ортада белсенді әрекет ететін жас ұрпақтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету – ата-ана, мектеп және тұтас қоғам алдындағы маңызды міндет. Сондықтан киберқауіпсіздік мәдениетін балаға мектеп қабырғасынан бастап қалыптастыру – заман талабы.
Бүгінде смартфон, компьютер, планшет пен интернет оқушы өмірінің күнделікті құралына айналды. Білім алу, ақпарат іздеу, достарымен қарым-қатынас жасау, шығармашылықпен айналысу және бос уақытын өткізу – мұның бәрі цифрлық кеңістікпен тығыз байланысты. Алайда мүмкіндігі мол бұл орта белгілі бір қауіптерді де қатар алып келеді. Интернеттегі алаяқтық, жалған ақпарат, зиянды сілтемелер, аккаунттарды бұзу, жеке деректердің таралуы, кибербуллинг және бейтаныс адамдардың ықпалы – жасөспірімдер тап болуы мүмкін қауіптердің бір бөлігі ғана. Мұндай жағдайда баланы тек «қауіпті сайттарға кірме» деп ескерту жеткіліксіз. Оған цифрлық ортада өзін қауіпсіз ұстаудың нақты дағдыларын үйрету қажет.
Қауіпсіздік – тыйымнан емес, мәдениеттен басталады. Киберқауіпсіздік мәдениеті дегеніміз – интернетті пайдаланудан қорқу немесе барлық цифрлық мүмкіндіктерге шектеу қою емес. Бұл – ақпараттық технологияларды саналы, жауапкершілікпен және қауіпсіз пайдалану әдеті.
Мысалы, оқушы өзінің құпиясөзін ешкімге бермеу керектігін, әр сервиске бірдей құпиясөз қолданудың қауіпті екенін, күмәнді сілтемелерді ашпауды білуі тиіс. Сонымен қатар жеке мәліметтердің – аты-жөні, мекенжайы, телефон нөмірі, құжаттары, банк картасына қатысты ақпараттар мен жеке фотосуреттердің интернетте абайсыз жариялануы қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін түсінуі маңызды.
Ең бастысы, бала цифрлық қауіптің белгілерін танып, күмәнді жағдай туындағанда не істеу керектігін білуі керек. Бұл дағды бір күнде қалыптаспайды. Ол жүйелі білім беру мен күнделікті әдет арқылы орнығады.
Киберқауіпсіздік мәселесін информатика пәнінің аясында ғана қарастыру жеткіліксіз. Киберқауіпсіздік элементтері оқушының жас ерекшелігіне сәйкес оқу-тәрбие үдерісіне енгізілуі қажет. Мысалы бастауыш сынып оқушысына интернеттегі бейтаныс адаммен сөйлеспеу, жеке ақпаратты жарияламау, күмәнді контентті ересек адамға көрсету түсіндірілсе, жоғары сынып оқушылары үшін фишинг, әлеуметтік инженерия, аккаунт қауіпсіздігі, цифрлық із, кибербуллинг және ақпараттың шынайылығын тексеру сияқты тақырыптар өзекті. Мұндай сабақтар құрғақ теорияға құрылмай, өмірлік мысалдармен толықтырылғаны жөн. Оқушыға «мына сілтемеге кірме» деп айтқаннан гөрі, жалған сілтемені қалай ажыратуға болатынын көрсету әлдеқайда тиімді.
Мектептерде қауіпсіз интернетке арналған тренингтер, пікірталастар, практикалық сабақтар мен сынып сағаттарын ұйымдастыру да маңызды. Оқушыларға киберқауіпке тап болған жағдайда кімге жүгіну керектігі және мәселені жасырмай, дер кезінде хабарлаудың маңызы түсіндірілуі тиіс.
Баланың цифрлық қауіпсіздігі тек мектепке жүктелетін міндет емес. Бұл ретте отбасының рөлі айрықша. Ата-ана баланың интернеттегі әрекетін тек бақылаушы ретінде емес, бағыттаушы ретінде қабылдағаны дұрыс. Баламен қандай сайттарға кіретіні, қандай қосымшаларды пайдаланатыны, әлеуметтік желілерде өзін қалай ұстайтыны туралы ашық сөйлесу сенімді қарым-қатынасты қалыптастырады.
Егер бала интернетте күмәнді хабарлама алса немесе кибербуллингке тап болса, бұл туралы ата-анасына немесе мұғаліміне айтуға қорықпауы керек. Ал, ересектер баланы кінәлаудың орнына мәселенің себебін анықтап, қажетті көмек көрсетуге дайын болуы қажет. Бұл жерде қарапайым қағида маңызды: баланың интернеттегі қауіпсіздігі бақылаудан бұрын сенімге негізделуі керек.
Әлеуметтік желідегі қорлау, мазақ ету, жалған ақпарат тарату, адамның жеке суреттерін рұқсатсыз жариялау немесе әдейі оқшаулау баланың эмоционалдық жағдайына кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан мектепте кибербуллингтің алдын алу тек қауіпсіздік мәселесі ретінде емес, адамгершілік құндылықтар тұрғысынан да қарастырылуы қажет.
Оқушы интернетте жазған әрбір сөзі үшін жауапкершілік бар екенін түсінуі керек. Экранның ар жағындағы адамның да сезімі, құқығы мен жеке кеңістігі бар.
Қазіргі оқушы ақпаратты бұрынғыдан әлдеқайда жылдам алады. Бірақ, ақпараттың көп болуы оның барлығы шынайы дегенді білдірмейді. Жалған жаңалықтар, манипуляциялық жазбалар, қолдан жасалған суреттер мен бейнематериалдар интернет кеңістігінде жиі кездеседі. Сондықтан оқушы ақпараттың қайдан алынғанын, авторы кім екенін, басқа сенімді дереккөздерде жарияланған-жарияланбағанын тексеруге дағдылануы қажет. Бұл – тек интернет қауіпсіздігі емес, сыни ойлау мәдениеті. Ақпаратты тексеруді үйренген бала киберқатерлерге де, жалған ақпаратқа да анағұрлым саналы түрде қарайды.
Қазақстанның цифрлық даму қарқыны күшейген сайын киберқауіпсіздікке қойылатын талап та күшейе береді. Болашақ маман қандай саланы таңдаса да, цифрлық технологиялармен жұмыс істеуге мәжбүр болады. Демек, киберқауіпсіздік негіздерін білу – белгілі бір мамандық иелеріне ғана қажет дағды емес, әр азаматқа қажетті өмірлік сауаттылық.
Сондықтан киберқауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруды қосымша міндет ретінде емес, заманауи білім берудің маңызды құрамдас бөлігі ретінде қарастыру қажет. Балаға интернетті пайдалануды ғана емес, интернетте өзін қорғауды да үйретейік.
Мадина ХОДЖАЕВА,
Қ.А.Яссауи атындағы №22 жалпы білім беретін мектебінің информатика пәні мұғалімі.