Газ саласының ардагерлері марапатталды

Сайрам ауданында ұзақ жылдар бойы газ саласында жұмыс істеген мамандардың еңбегі бағаланып, бірқатарына арнайы марапаттар берілді. Газ саласы ардагерлері кеңесі Шымкент филиалының директоры Гүлжамал Аширова олардың салаға қосқан айрықша үлесін атап, «Газ саласы ардагерлерінің республикалық кеңесі» қоғамдық бірлестігінің атынан арнайы дайындалған куәліктер мен «QazaqGaz ардагері», «QazaqGaz еңбек сіңірген ардагері» және «QazaqGaz құрметті ардагері» төсбелгілері мен медальдарын тапсырды. Марапат алғандардың қатарында инженер Хаятилла Халиметов, Марат Балабаев, Гаухар Айтқұлова, Күнсұлу Шынасылова, Хасан Таджибаев, Еркін Исматуллаев, Хусан Юсантаев, Тофик Чучуладзе және Миннулла Бекқұлов бар.
Газ саласы мамандарының еңбегі тұрғындарды табиғи газбен үздіксіз қамтамасыз ету, желілердің қауіпсіз жұмысын сақтау және апаттық жағдайлардың алдын алу ісімен тығыз байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, тәжірибелі қызметкерлердің еңбегін бағалау – саладағы кәсіби сабақтастықты нығайтудың маңызды көрінісі.

«Оңтүстік»-ақпарат.
Пікір қалдырыңыз