Басын көтере жығылатын Баск

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».


Испанияның солүстігінде тіліне, діліне, ата-баба дәстүріне берік «Басктер елі» деп аталатын автономиялық аймақ бар. Бұл автономиялық аймақ өзінің футболдық дәстүрімен де ерекшеленеді. Мәселен, Испания чемпионатында өнер көрсететін Билбаоның «Атлетик» командасында тек өз академиясынан түлеп ұшқан футболшылар ғана доп тебеді. Тіпті, бір жылдары бұл клуб легионерлерге шектеу қойып, ұлты басқа футболшыларды клубтан аластатқан. Бұл – олардың қанына ежелден сіңген ұлтжандылық.

Басктердің Бильбаодан басқа Сан-Себастьян деген тағы бір үлкен шаһары бар. Ол қаланың да клубы «Реал Сосьедад» Испания Ла-лигасында ойнайды. «Атлетик» пен «Реал Сосьедад» арасындағы дербидің кісі қызығарлық тұстары жетерлік. Бір қызығы, бұл дерби («Бетис» пен «Севилья» арасындағы дербиге қарағанда) ың-шыңсыз өтеді. Футболшылар өздерінің мықтылығын алаңда дәлелдейді, кек, ашу-ызаның бәрін алаңда қалдырады. Бүгінгі әңгімеміз осы Сан-Себастьянда дүниеге келіп, аты алыстарға тараған Хабьер Алонсо туралы болмақ. Көпшілік оны Хаби Алонсо деп таниды. 

Ол Сан-Себастьянның басты клубы «Реал Сосьедад» сапында 18 жасында алғашқы матчын өткізді. Ал, 20 жасында команданың капитаны атанды. Одан кейін «Ливерпуль», Мадридтің «Реалы», Мюнхеннің «Бавариясы» сапында жасындай жарқылдады. АПЛ, Ла-лига, Бундеслига секілді ірі чемпионаттардың бәрін жеңді, «Ливерпуль» мен Мадридтің «Реалы» сапында Чемпиондар лигасын ұтып алды. 2005 жылғы Стамбұл финалының қаһармандарының бірі де осы Хаби Алонсо болатын. 

Ойынынан мән қашқан «Ливерпуль» фанаттары қазір бундеслига жаққа көбірек алаңдаулы. Олар клуб басшылығынан жазғы трансферлік кезеңде Дортмундтың «Боруссиясында» ойнайтын Джуд Беллингемді алуды талап етіп отыр. Оларды Германия жаққа алаңдататын тағы бір себеп бар. Қазір Хаби Алонсо леверкузендік «Байердің» бас бапкері. Ол «Байердің» тізгінін ұстаған сәтте команда 17-орында (18 команданың ішінде) еді. Алонсо келгелі бері «Байер» фанаттарының еңсесі тіктелді. 

«Байер» соңғы турларда «Аугсбург» пен «Боруссияға» жол беріп қойды демесеңіз, оның алдында қатарынан 5 ойында жеңіп, турнирлік кестедегі жағдайын жақсартып алды. Қазір «Байер» еурокубоктік аймаққа талас жүргізіп жатыр. Чемпиондар лигасына қатысуға мүмкіндік беретін төрттік шаңына ілестірмей кеткені рас. Десек те, леверкузендік клубтың Еуропа лигасына жолдама алатын мүмкіндіктері бар. Олар тіпті Еуропа лигасын жеңіп алуға үмітті. «Байер» плей-оффтың алғашқы кезеңінде франциялық «Монакомен» күш сынасады. 

Хаби Алонсо футболшылық мансабын 2017 жылы аяқтаған. Алайда, өзін футболсыз елестете алмайтын ол сүйікті ісімен мәңгілікке қоштаса алмады. Алдымен Мадридтің «Реал» клубының академиясында 13 жасқа дейінгі балаларды футболға баулыды. Одан кейін өзінің туған командасы «Реал Сосьедадтың» екінші құрамын баптауды қолға алды. 

– Мен оны 2002 жылы «Реал Сосьедад» сапында жаттықтырдым. Сол кездің өзінде-ақ жас болса да кез келген командаға бас бола алатын қасиеттерімен көзге түсіп, ұжымды алға сүйреді. Сол жылдары біздің клуб төменгі дивизионға түсудің аз-ақ алдында тұрған еді. Сонда Хаби Алонсо көшбасшылық танытып, әр ойында командаға ұпай әперді. Өзінің жастығына қарамастан Дарко Ковачевич, Нихат Кахведжи, Микель Аранбуру секілді футболшыларға ақыл айтатын. Ақылы тасығаннан емес, туған командасы үшін жаны күйгендіктен айтатын. Ол ешқашан жылдамдығымен көзге түскен емес. Ол бәрін ақылға салатын. Ол – команданың миы еді, – дейді «Реал Сосьедад» клубының спорттық директоры Роберт Олабе.

Хаби Алонсо өз заманындағы ұлы ойыншылардың қатарына кіреді. Ол Испания құрамасы сапында Еуропаның екі дүркін чемпионы атанды. 2010 жылы әлемді мойындатқан «қызыл фурия» сапында да Хаби Алонсоның есімі алтын әріптермен жазулы. Хави, Иньеста, Бускетс, Фабрегас секілді орталық алаң «қожайындарының» дәуіріне тап келіп, солармен қатарласа жүріп, негізгі құрамнан түспеу Хаби Алонсоның ұлы футболшы екенін дәлелдемей ме?! Испания жеңіске жеткен ірі 3 финалдың бәрінде Алонсоңыз алаңға негізгі құрамда шыққан. 

Оның 70-80 метр алыста тұрған командаласына дәл пас жеткізе алатын қасиеті ерекше бағаланатын. Алонсоның алаңның мына басынан ана басына допты дәл жеткізуін көргенде эмоцияға жоқпын дегендердің өздері орындарынан тұрып қол соғып, тамсанғаннан таңдай қағатын. Алонсоның мықты футболшы болып қалыптасуына мықты бапкерлердің қол астында жүруі себеп болды дей аламыз. Қараңызшы, оның енді мықты футболшы болып қалыптасып келе жатқан кезі Джон Тошакпен тұспа-тұс келді. Алонсоға Тошак талай нәрсе үйретті. Одан кейін өз заманының мықты бапкерлерінің бірі Рейнальд Денуэкстен тәлім терді. Ары қарай бұл тізім тіпті әлеуеттене түспек. «Ливерпульде» оны тактикалық ойынның хас шебері Рафаэль Бенитес баптады. Одан кейін Жозе Моуриньо, Винсенте Дель Боске, Пеп Гвардиола, Карло Анчелотти секілді марқасқалардың қол астында жаттықты. 

Ол өзі де Гвардиоланың таусылмайтын энергиясынан, Тошактың тәуекелге жиі баратын мінезінен, Бенитестің әрбір қарсыласты сараптап, зерттеп, жүйелі дайындық жүргізетін қасиетінен сабақ алғанын жасырмайды. Ол «Реал Сосьедад Б» командасын жаттықтырған алғашқы маусымда командасын «Б-Сегундасында» (Испанияның үшінші дивизионы) 5-орынға шығара алды. Қазір «Реал Сосьедадтың» алғашқы командасында доп теуіп жүрген Джон Пачеко, Роберт Наварро, Урко Гонсалес де Сарате, Мартин Субименди секілді футболшылар – дәл осы Алонсоның шекпенінен шыққандар. Аз жылда Испания чемпионатының жұлдызына айналып үлгерген Субименди үшін бүгінде әлемнің ТОП клубтары талас жүргізіп жатыр. 

«Байер» сапында да «Алонсоның шекпенінен шыққан жас перілер» атағын алуға үмітті футболшылар жетерлік. Атап айтар болсақ, Адам Гложек, Джереми Фримпонг, Мусса Диаби, Каллум Хадсон-Одои, Флориан Вирц секілді ойыншыларға қол жеткізу үшін ТОП клубтар кезекте тұр. 

Юрген Клопптың «Ливерпульдегі» күндері тәмамдалуға аз қалған сияқты. Оның мерсисайдтық клубпен 2026 жылға дейін келісім шарты бар. Соған қарамастан қазірдің өзінде оның креслосы қозғалып қалды. Оны 2026 жылға таман алмастыруға үміттілердің бірі Стивен Джерард тұғын. Алайда, ол баптаған «Астон Вилла» АПЛ-де сәтсіз өнер көрсетті. Бирмингемдік клуб оны жұмыстан босатып, орнына Унаи Эмериді қойды. Осының бәрін ескеретін мерсисайдтық клубтың басшылары Хаби Алонсоны әкелуі мүмкін деген әңгіме де жоқ емес. 

Бірақ, Хаби Алонсо өзі дайын болмайынша Ливерпульді бетке алмайтын сияқты. Оның орындалмай қалған ең үлкен екі арманы бар: бірі «Ливерпульмен» АПЛ жеңімпазы атану болса, екіншісі «Бавариямен» Чемпиондар лигасын ұтып, Еуропаның ең беделді турнирін үш командамен жеңген футболшы болу еді. Осы арманының алғашқысын енді бапкер ретінде орындау бұйырып тұрған секілді. Алайда, Алонсо бапкерлік жолда пісіп-жетілмейінше Англияны бетке алғысы келмейді, мерсисайдтық жанкүйерлердің жүрегіне тағы бір жара салғысы келмейді. 

Әңгімеміздің басында басктер жайлы тегін тебіренген жоқпыз. Алонсо басктер елінен шыққан бапкерлер Микель Артета, Хулен Лопетеги, Унаи Эмери, Хави Грасия секілді әлемдік деңгейге жету үшін талай тер төгу керектігін бүкіл болмысымен сезінеді, терең түсінеді. Сондақтан дәл қазір «Ливерпульдегі» жанып тұрған қызыл креслоға отырып, күйіп қаламын ба деген уайымы да орынды...

Пікір қалдырыңыз