NIS-те республикалық пәндік олимпиаданың желілік кезеңі басталды
Шымкент қаласындағы химия-биология мектебінен 23 оқушы қатысты. Олардың ішінде Баймуминов Қанат 8-сыныптан бастап олимпиадаға дайындала бастады. Әр жыл сайын химия саласы бойынша білімін шыңдап келеді. 3 жыл ішінде Қанат республикалық олимпиаданың күміс жүлдегері, сонымен қатар халықаралық «Туймаада» оқушылар олимпиадасының күміс жүлдегері атанып үлгерді.
«Бүгінгі таңда химияның талай қызықтарын байқадым және шексіз әлемін сезіндім деп сеніммен айта аламын, бірақ мойындауым керек, әр олимпиадада қобалжу болады және бүгінде сол қобалжуды сезіне алдым»деп оқушы өз әсерімен бөлісті.
Желілік олимпиаданың мақсаты мен міндеттері: шығармашылық қабілеттерді дамыту, теориялық білім мен практикалық дағдыларды тереңдету, жеке тұлғаның өзін-өзі танытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, Республикалық олимпиадаға қатысу үшін «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының құрама командасы.
16-17 ақпанда қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша желілік олимпиада өтеді. Желілік кезеңнің жеңімпаздары мен жүлдегерлері наурыз-сәуір айларында өтетін Республикалық олимпиадада «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымының ұлттық құрама командасының атынан өнер көрсетеді.