Қатаң жаза шаруаларға қорған болмай тұр

Дәулет Тұрсынұлы, «Ońtústik Qazaqstan».

Түлкібастың саф ауасын жұтып, шалғынында аунап өскен Ермекке бұл өңірде таныс емес жер жоқ. Малсақ қазақтың ұрпағы емес пе, қой соңында жүріп, бұл аймақта ол баспаған жер, ол шықпаған қырат қалмаған.  «Мал баққанға бітеді» демей ме, епсекті Ермек мал соңында текке жүрмей, азын- аулақ малдың басын құрап та алды. Алайда, оңай жолмен келген дүниенің берекесі болған ба, алғашында дөңгелене бастаған шаруасы кейінгі кезде ілгері баспай, Ермекті тығырыққа тірей бастады.

Қарызға белшесінен батқан Ермекке бұдан шығудың жалғыз-ақ жолы бар еді. Өзгенің ақ адал малын барымталап, қарызын жаппаса, басқа амалы жоқтай көрінген. Бұл пиғылын кәнігі ұры Есенгелдіге де ептеп сездіріп көрген. Бір-бірін айтқызбай ұғатын екеу оңашада бас қосып, сол жолы келісіп тарасқан. Бұл ұрланған малды межелі жерге жеткізіп берсе, Есенгелді оларды өткізіп, сауда жағын мойнына алуға бекінді. 
Қаңтардың алғашқы онкүндігі өткен. Ермек жұрт ұйқыға кетті-ау деген мезгілде атына суыт қонып, жайлауды бетке алды. Күні бұрын мал иесінің жайлауда жоқтығын хабаршыдан білген ол айнала төңіректі ақырын барлап, жылқы тұрған қораға беттеді. Ауылдағы қораның жайы белгілі емес пе, құлып салады, болмаса сыммен шиырлап байлап кетеді. Ермек құлып та емес, сым да емес, байлаулы жіпті еппен шешіп, 25 жылқыны аяң жүріспен тауға қарай айдай жөнелді. Таңғы беске дейін діттеген жерге жетуі тиіс. Арада бір сағат өткенде Есенгелдіге телефон соғып, қанжығасы майланып келе жатқанын хабардар етіп үлгерді. Ол да алушының дайын екенін жеткізіп, барымташыны жаңалығымен қуантып қойды. Ермек келісілген уақытта жылқыларды ауылдың тұсына үйіріп, Есенгелді мен алушының келуін күтті. Бір сәт алыстан жарық көрініп, алушы да жетті. «Ұрыста тұрыс жоқ» дегендей, келген бетте үйездеп тұрған жылқыны көзбен шолып шығып, сауданың жайына кірісті. Істі тездетпесе, таң шапағы көрінуі мүмкін. Оның үстіне оқиға орнында із қалмауы тиіс. Жылқының ірілерін 300 мың, тай-жабағыларын 200 мыңнан алуға келісіп, екі жақ қол алысып тарасады. Есбол сол күні-ақ жылқыларды «КамАЗ- ға» тиеп, Қызылордаға тартты. Ондағы ойы – ауылдан жыраққа апарып саудалау. Айы оңынан туған ол жылқыларды ойындағы бағасына өткізіп, Сыр елінен табысты оралды. Сыбайластарына тиесілі ақшаларын беріп, іс тыншығандай болған. Ал, бұл кезде  мал иесі сай-саладан жылқыларын іздеп, ақыры із таппаған соң құқық қорғау органдарына жүгінген. 
Ермек арам ақшамен қарызының едәуір бөлігін өтегенмен, сыбайластардың о бастағы арам пиғылынан туған іс тастай батып, судай сіңе қоймады. Құрығы ұзын құқыққорғаушылар оқиғаны жете зерттеп, екеудің әрекетін әшкере қылды. Түлкібас аудандық соты жауапкерлердің ұрланған дүниенің орнын толтырғанын ескеріп, екеуіне 5 жылға сынақ мерзімін тағайындады.
Бұл мал ұрлығына қатысты шығарылған бір ғана үкім. Несін жасырамыз, мал ұрлығына байланысты істердің дені сотқа жетпей, ішінара келісіммен бітетін кездері көп. Себебі, ұрланған малының орны толса, шағымданушы үшін сол олжа. Бұл бір жағынан қазақы ортаның қағидатына сай «бітер істі бітіммен шешуді» көздесе, екіншіден, жазадан осындай жолмен құтылғанның қайта мал ұрламасына кім кепіл?! 
Осыдан бірер жыл бұрын Сенат төрінде өткізілген мәжілісте Қуаныш Айтаханов мал ұрлығына қатысты жазаны ауырлатып, қылмыскерлердің мүлкін тәркілеу керек деген ұсыныс тастаған болатын. «Қазіргі таңда республика жұртшылығының 45 пайызы ауылда тұрса, соның басым бөлігінің күнкөрісі – төрт түлік мал. Дегенмен, жыл өткен сайын елімізде мал ұрлығы өршіп барады. Жыл он екі ай бойы бағып отырған малынан бір-ақ күнде айрылып қалу – ауыл тұрғындары үшін үлкен трагедия. Ал, қолданыстағы тәжірибеде мал ұрлығы орта санаттағы қылмысқа жататындықтан қылмыскерлер көбінесе шартты түрде сотталып, жәбірленушіге келтірілген материалдық шығын қайтарымсыз қалып жатыр. Сондықтан жаңа Қылмыстық кодекстің ұрлыққа қатысты 188-бабындағы жазаны ауырлатып, жәбірленушіге келтірілген шығынды еселеп қайтаруы үшін айыппұл мөлшерін арттырып, олардың мүлкін тәркілеу керек деп есептеймін» деген еді. Мал ұрлығы асқынып бара жатқан соң Мемлекет басшысы бұл іске араласып, ұрыларға жаза түрі қатаңдатылды. Осыдан кейін мал ұрлығы орташа ауыр емес, ауыр қылмыс түріне жатқызылды. Айыппұл көлемі 7 миллион теңгеге дейін көбейіп, айыптылар 5 жылға дейін жаза арқалайтын болды. Бірақ, бұл бастама елімізде мал ұрлығын азайта алды ма?  
Мамандар соңғы жылдары мал ұрлығының белең алуына бірнеше фактордың себеп болып тұранын айтады. Біріншіден, құқық қорғау органдары мен мемлекеттік мекемелер тарапынан атқарылатын жұмыстардың үйлесімсіздігі. Екіншіден, мал санын есепке алудағы сәйкессіздік. Басқасын айтпағанда, бізде әр шаруа қожалығына барып, тексеру жүргізілмей, мал санын есепке алу немқұрайлы түрде жүзеге асырылады. Оларда есептен шығару мен есепке қою уақтылы жүргізілмейді. Мұндай жағдайдан соң статистикалық дерек мен сандық көрсеткіш үйлеспей жатады. Үшіншіден, жергілікті жердегі атқарушы органдар жайылым жерлерді тиісті бақылаудан шығарып алған. Соның кесірінен қараусыз қалған жайылымнан ұрланған малдың саны азаймай отыр.
Тағы бір мәселе, ұрлықы малды сою санитарлық және ветеринарлық ереже талаптарына сәйкес келмей жатады. Соның салдарынан ұрланған малдың үй жағдайында сойылған етіне «бәрі ережеге сай» деген жалған анықтамалар беріледі. Ұрланған мал негізінде түн мезгілінде, жер үйдің аулаларында сойылатынын ескерсек, мұндай арзан етті мердігерлер денсаулық сақтау, білім мекемелеріне өткізетінін жоққа шығаруға болмас.
Енді не істемек керек? Барымташылардың іс-әрекетіне қарсы тұру үшін қандай шаралар қолданған ләзім? Осыдан бірнеше жыл бұрын облыстық прокуратура мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, «Мал ұрлығына тиімді тосқауыл» жобасын қолға алған болатын. Жобаны түзген мамандардың айтуынша, малдың жиі ұрлануына алдымен санақтың дұрыс жүргізілмеуі себеп болатын көрінеді. Оған қоса мал басын бірдейлендіруде бірізділік жоқ. Айналып келгенде, құжаты жоқ малды қолды қылу оңай. Қағаз сөйлеген заманда сырға салынбаған малдың сұрауын қалай сұрарсың? Қысқасы, облыстың барлық аудандарында құжатсыз жүрген мал жетерлік. 
Президент биылғы Жолдауында аграрлық секторға айрықша мән берді. Ол үшін алдағы жылдары жеке шаруашылықтар мен шағын фермерлерді кооперативтерге тартып, жағдай жасау қажеттігін тапсырды. Осыдан кейін жер-жерде шаруалардың төрт түлік өсіруге деген құлшынысы артып, Үкімет тарапынан бөлінетін жеңілдіктерді пайдаланғысы келетіндердің көбейетіні хақ. Мұндай жағдайда мал өсіріп, пайда табуды көздеген шаруаның есіл еңбегін барымташылар еш етсе, қайтпек керек? Сондықтан осы мәселені шешу үшін еліміздің ішкі істер және атқарушы орган өкілдері жұмысты жүйелі түрде қайта үйлестіріп, дер кезінде кешенді шаралар қабылдаулары керек сияқты.
(Кейіпкерлердің есімі өзгертіліп алынды).                                  
Пікір қалдырыңыз