Ұлттық құрама үшін мүмкіндік

 Осы аптада УЕФА-ның штаб-пәтерінде үлкен жиын өтті. Онда алдағы әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатына іріктеудің жаңа ережесі таныстырылды. Сонымен қатар УЕФА ұлттар лигасының жаңа ережесі бекітілді. 

Енді әлем чемпионаты мен Еуропа чемпионатына ұлттар лигасы арқылы жолдама алуға мүмкіндік артты. Бұрын ұлттар лигасындағы әр топтың жеңімпаздары ғана жолдамаға таласатын. Енді топта екінші орын алған құрама да бұл жолдамаға талас жүргізе алады. Әр топта бірінші, екінші орын алған құрамалар іріктеу ойындары аяқталған соң өзара кездесу өткізеді. Соның арасынан іріктелген құрамаға әлем, Еуропа чемпионатының жолдамасы берілмек. 
Сонымен қатар әлем чемпионатының іріктеу кезеңдеріне өзгеріс енгізілді. Еуропада енді 12 топқа бөлінген құрамалар жолдамаға таласады. Әр топтың жеңімпазы мундиальге тікелей жолдама алса, екінші орын алған құрамалар қосымша ойын арқылы өзге жолдамаларға иелік етеді. Бұл өзгерістердің барлығы Еуро-2024 турнирінен кейін күшіне енеді.
Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылғы әлем чемпионатына қатысатын командалардың саны 48-ге дейін ұлғайтылмақ. Тиісінше УЕФА қауымдастығына да берілетін жолдаманың саны артады. Соның есебінен біздің ұлттық құрамаға да әлем чемпионатының финалдық кезеңіне шығатын мүмкіндік артпақ.
Пікір қалдырыңыз