Айласын асырады, шын кейпін жасырады

Түркістан қаласында тұратын қос көршінің оңай жолмен пайда таппақ әрекеті ақыры әшкере болды. Қос құрбы 28 адамды тұзағына іліндіріп, жалпы көлемі 4 миллионға жуық теңге зиян келтірген.

Келіншектің бірі қаладағы аты дүрдей ауруханада жұмыс істесе, құдай қосқан көршісі үй шаруасымен айналысқан. Екеуі де бір-бір үйдің отанасы. «Алыстағы ағайыннан жақындағы көршің артық» демекші, білетіндер екі үйдің сыйластығы кісі қызығарлықтай болғанын айтады. Алайда, сыйластықтың соңы сыбайластыққа айналып, талайды сан соқтырар деп кім ойлаған?!
Түркістан қалалық полиция басқармасының мәліметіне сүйенсек, келіншектің бірі «Жанна» деген лақап атпен жүрген. Өзін өзгелерге медициналық әлеуметтік сараптау комиссиясында жұмыс істеймін деп таныстырып, мүгедектікке шығарып беремін деген желеумен ақша алып отырған. Қалай дейсіз ғой? Алдымен таныстары арқылы мүгедектікке шығатын адамды тауып, сеніміне кіруді көздейді. Аржағы белгілі емес пе, жіптің ұшы өздігінен тарқатыла түседі. Құжаттарды қойынға қыстырып, «өзі жұмыс істейтін» сараптау комиссиясына кіріп кетеді. Шыға сала істің оңай шешілмесін жүзінен сездіріп, құрбандығына комиссияның сұраған ақшасын жеткізеді. Құжат жинаудан шаршағандар мұндай мүмкіндікті қалт жіберсін бе, дереу айтқанына келісе кетеді. Осындай тәсілмен айналдырған төрт-бес айда 28 адамды сазға отырғызады. Әр адамнан қызметі үшін 100 және 200 мың теңгенің арасында талап еткен олар қаламен шектеліп қалмай, Сауран ауданына да із қалдырады. Сондағы таныстарына адам таптырып, арам ойларын жүзеге асырып отырады. Сонша адамның наласы жібере ме, талайды сан соқтырған екеудің әрекеті сотта толығымен дәлелін тапты. Сөйтіп, ардан ақшаны биік қойған қос құрбы отбасына нағыз аналық махаббатын төгер шақта темір торға тоғытылып кете барды. Ең өкініштісі де осы.
Мұндай алаяқтық әрекеттер бір бұл емес. Қазір әйелдермен қатар біреудің ала жібін аттауға ер азаматтарымыз да құмбыл. Шымкенттің маңайындағы  Жұлдыз ауылында тұратын Мұраттың (аты өзгертіліп алынды. Ред.) тәп-тәуір жұмысы бар-тын. Мұнай өңдеу зауытында жүргізуші болатын. Алайда, жастық желікпен жүріп, ойда-жоқта жұмыстан шығып қалады. Баяғыдай айлық жоқ, қалтаның бос жүретін күндері көбейе түседі. Ақыры жоспар түзіп, жұмыссыздарға «жұмыс тауып» беруге бекінеді. Өзінің жұмыссыз жүргенін қаперіне де алмаған ол жүрген жерінде жұмысқа кіргізуге құзыреті бар екенін мақтанышпен айтады. Сөйтіп, екі қолға бір күрек таппай жүргендер біртіндеп Мұраттың қызметіне жүгіне бастайды. Мұрат та аталған зауыттан жұмыс тауып беруден шаршамайды. Осындай жолмен он шақты адамды еңбекпен қамтиды. Әрине, тегін емес, әрқайсысы 150-200 мыңнан Мұраттың қалтасын толтырып кетеді. Іс насырға шауып, ақыры «жарылқаушы» тәртіп сақшыларының құрығына түседі.  
Тәртіп сақшыларының айтуынша, адамның ішіндегісін сезіп тұратын алаяқтарға көбінесе құқықтық білімі төмен, оңай жолмен дегеніне жетуді көздейтін адамдар жем болатын көрінеді. Сондықтан мұндай қылмысқа тоқтау болар басты жол біреу ғана, ол – халықтың құқықтық сауатын арттырып, әр істің өз жазасы бар екенін түсіндіру.

Д.ЖҮСІП.
Пікір қалдырыңыз