Он бір жүлдемен он бірінші орын

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

АҚШ-тың Лэйк-Плэсид қаласында өткен қысқы Унверсиада ойындары мәресіне жетті. Қазақстан студенттері 11 медаль еншілеп, жалпыкомандалық есепте 11-орынға тұрақтады.
Бұған дейін айтқанымыздай, ел қоржынында екі алтын жүлде бар еді. Қазақстан құрамасы үшін соңғы алтынды шаңғышы Бекентай Тұрлыбеков салды. Тағы бір шаңғышымыз Александр Мухин бір сайыста күміс, екінші сайыста қола жүлдегер атанса, Даниил Васильев пен Сергей Ткаченко трамплиннен секіру сайысында күміс жүлдені еншіледі. 
Конкьимен жүгіру сайысында біздің қыз-жігіттерден құралған команда күміс жүлдеге ие болды. Олардың нәтижесін тек ерлерден жасақталған конькишілеріміз де қайталады. Жарыстың соңғы күні шаңғышы аруымыз Ксения Шалыгина қола жүлдеге ие болды. Дәл осы жарыстың командалық түрінде біздің құраманың қыздары мәре сызығын үшінші болып қиды. Сонымен қатар хоккейден Қазақстан ерлер құрамасы да қоржынға қола жүлде салды. 
Сонымен 3 алтын, 4 күміс, 4 қола жүлде еншілеген біздің спортшылар 10 мемлекетті алдына жіберіп, 11-орынға жайғасты. Жалпыкомандалық есепте жапон спортшыларына тең келетін құрама табылмады. Олар осы жарыста 48 жүлдені қанжығаларына байлады. Ал, Оңтүстік Корея студенттері 29 жүлдемен екінші, Канада жастары 13 жүлдемен үшінші орынды еншіледі.
Пікір қалдырыңыз