Қылқалам ұшындағы құбылыстар

Сабырбек ОЛЖАБАЙ, «Ońtústik Qazaqstan».

Суретшілердің көпшілігі ең әуелі туған жерінің табиғатына ғашық болғандықтарын айтады. Алғашқы туындыларында көкала дала дөңгеленіп, көкжиектегі бұйрат-бұйрат төбелер аспанда қалқып тұрғандай бейнеленеді. Суретші көрерменді сұлу да нәзік бояуларымен, түстердің көркем ауысуымен және реңктік қатынастардың  үйлесімді байланыстарымен баурап алуға ұмтылады.
Бәйдібек ауданындағы Садық Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының көркем еңбек пәнінің мұғалімі  Ясауидин Өтелбаевтың суреттерін көргенде осындай ойларға еріксіз берілесіз. Ясауидиннің  барлық шығармалары ел мен жердің шежіресінен  сыр тартады. Ол байтақ даланың барқыт белдерін, сағым басқан сары даласын, аспанмен тілдескен тауы мен сылдырап аққан бұлағын, өзен-көлдерін қаламының ұшына бағындырып, келістіре салады. Міне, қашаннан қалқайып тұрған Қостұра тауын көріңіз. Көкілжім түске боялған тау етегінде қазақтың киіз үйі менмұндалайды. Одан беріректе жайылып жүрген жылқылар тіршіліктің тылсым тартылыстарын табиғи қалпында таңбалағандай.  Жалпы,  Ясауидиннің қай туындысын алып қарасаңыз да оның өн бойынан терең сыр аңдағандай боласыз. Міне, тағы да сайын дала көлбей көсіліп жатыр. Құйқалы даланың күзгі көрінісі көңіл тебірентеді. Сарғайған шөптер суық желде бүрсең қағып, ызыңдап әлдебір сыр айтатындай. Табиғаттың  тамашасы таусылған ба, оның туындыларынан солардың біразын көріп, ойға шомасыз.
Шындап келгенде, Бәйдібек – шежірелі өлке. Қай түкпіріне барсаңыз да тарихи жәдігерге кез боласыз. Міне, осы кемел көріністердің барлығы да оның қаламына іліккен. Сіз  Ясауидиннің көрмесіне кірсеңіз айналшықтап шыға алмайсыз. Көрме демекші, С. Әбдіжаппаров атындағы жалпы орта мектеп-интернатының басшылығы оған білім ұясының үшінші қабатынан тұтас бір фойені шеберхана ретінде басыбайлы беріп қойыпты. Шеберханада Ясауидинің қолынан шыққан жүздеген сурет тұр. Олармен түгел танысып, әр суреттің айтар ойына үңілемін дегеніңізше бірер сағатыңызды жоғалтатыныңыз анық. Бірақ, сіз бұған өкінбейсіз. Өйткені, Өтелбаевтың  туындыларында өткір ойлар, өміршең бейнелер бар. Сол бейнелер, көркем көріністер нәзік сезім болып сыр ақтарады, сізді түрлі ойларға жетелейді.
Ясауидин мектеп қабырғасында оқып жүріп қазақтың көрнекті суретшісі Әбілхан Қастеевке көп еліктепті. Сондықтан  мектеп бітірісімен Шымкенттегі Ә. Қастеев атындағы көркемсурет колледжіне оқуға түседі. Оны бітірген соң Алматы әлеуметтік-педагогикалық университетін бейнелеу өнері және сызу пәнінің мұғалімі  бойынша оқиды. Алматыда тұрақтап, «Отау құрылыс» ЖШС-ына дизайнер болып жұмысқа орналасады. Осы жұмыста жүре берер ме еді, 2013 жылы туған ауылына шақырмағанда. Мұнда оны көркем еңбек пәнінің мұғалімі ретінде ғана емес, өнертанушы, қылқалам шебері ретінде де жұмысқа қабылдады. Ол бұл сенімді ақтай білді. Мәселен, 2020 жылы Астана қаласында «Тіл, өнер және білім» орталығының республикалық шығармашылық байқауына қатысып, бірінші орынды иемденді. Оған «Үздік педагог»  төсбелгісі қоса тапсырылды. Бұдан кейін ол қамшы салдырған жоқ, қай байқауға барса да үнемі бірінші болып келіп жүр. Бәйгелердің барлығын атап айтар болсақ, бір мақала жүгіне ауырлық етеді. Оның республикалық «Кемеңгер ұстаз» олимпиадасына қатысып, бірінші орын алғанын  айтсақ та жеткілікті.
Ясауидин Балтабайұлы тәрбиелеген шәкірттер бүгінде жаратылған бәйге аттарындай түрлі байқауларда алдарына жан салмай келеді. Айталық, Тастемір Мағжан атты шәкірті «Атадан мұра» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен өткен  республикалық «Ұлы дала ұрпағы» байқауында бас жүлдемен оралды.  Тастемір Мағжан сондай-ақ «Әлем таныған Абай» атты республикалық байқауда Құрмет грамотасымен марапатталды. Осыдан соң Қазақстан-Ресей мұғалімдер қауымдастығы және «Алые Паруса» халықаралық балалар орталығының   ұйымдастырумен өткен жас суретшілердің І халықаралық конкурсына қатысып, бірінші орынды тағы да қанжығасына бөктеріп қайтты. Сонымен қатар,  Жомарт Тұрдалы, Азат Мұқамей, Зайниддин Әбдікәрім, Расил Нұрсәулет, тағы басқа да шәкірттері облыстық, аудандық байқауларда топ жарып жүр. Ясауидиннің төрт шәкірті биыл жоғары оқу орындарына грантпен түсті.  Ақниет Қамал, Нұрасыл Пернебай,  Аяулым Сағындыққызы,  Нұрислам Үсен сынды балауса қалам иелерінен көп үміт күтуге болады.
– Ясауидин – мектебіміздің мақтанышы. Ауданға келген қонақтар оның шеберханасын арнайы келіп, көріп жатады. Ол тәрбиелеген шәкірттер талай жарыстарға қатысып, жүлделі орындармен оралды. Біздің мектеп батыр бабамыздың атында. Сондықтан біз шәкірттерді отансүйгіштікке,  ерлікке, батылдыққа, имандылыққа тәрбилейміз. Алдағы уақытта да Ясауидин талай шәкірт баулитынына сенеміз. Жалпы, бізді өнер мектебі десе де болады. Бізде шығармашылықпен айналысатын талапты оқушылар көп, – дейді мектеп директоры  Қалзат Апекова.
Мектептегі галерея, музей, Бәйтерек үйлесімділік тауып тұр. Мұның барлығы Ясауидиннің қолынан шыққан.
Біз мектеп-интернатта көп бөгелдік. Кітапхана кең де жарық екен. «Кітап сыйла» акциясы аясында мұнда көптеген кітап жиналған. Мұнда да көрнекіліктер көздің жауын алады.  Оларда Ясауидиннің қолтаңбасы жатқанын айтқызбай түсіндік.  Қабырға толы суреттер. Белгілі тұлғалардың портреттері. Сан құбылған келісті көріністер. Қылқалам ұшындағы құбылыстар бізді өзіне шақыра берді, шақыра берді...

Бәйдібек ауданы.
Пікір қалдырыңыз