Тұрақтандыру қоры бағаны тұрақтандыра ала ма?

Қарашаның басында ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов облыс әкімдерінің қатысуымен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы бойынша кеңес өткізген-ді. Кеңесте Үкімет басшысы: «... Бағаның неге өсіп жатқанын анықтау керек. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің негізсіз өсуіне жол бермеу жөніндегі жұмысты күшейтуді сұраймын» деген болатын. 
Үкімет тапсырмасына орай азық-түлік бағасын тұрақтандыру мақсатында жергілікті билік тарапынан тиісті шаралар атқарылуда. Солардың бірі жәрмеңкелер өткізіп, халықты арзан азық-түлікпен қамту болса, екіншісі Тұрақтандыру қоры арқылы жүзеге асырылуда. Осыған орай Түркістан қаласында «ЭКО базар» аумағында әр аптаның жұма-сенбі күндері ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткізілуде. Апта сайын аудандардан ауыл шаруашылығы өнімдері әкелініп, тұтынушыларға базардағы бағадан 10-15 пайыз төмен бағамен ұсынылуда. 
 ...Үш жыл бұрын Үкімет тапсырмасына орай  облыстарда азық-түлік бағасын тұрақтандыру бағытында қорлар ашылып, бағаны тұрақтандырудың механизмі қарастырыла бастаған болатын. Облыс әкімінің 2019 жылғы 4 қарашасындағы  №253 қаулысымен азық-түлік бағасын тұрақтандыру қорын қалыптастыру және оны пайдалану механизмдері бекітілген еді. Қорға алғашқы жылдары 1 млрд. 840 млн. теңге қаржы бөлінген екен. Содан кейін қаржы қарастырылмаған. 
Біз осы ретте «Түркістан» ӘКК тұрақтандыру қорының басшысы Лаура Жанасбаевамен тілдесіп,  азық-түлік бағасын тұрақтандыру  бойынша қазіргі жағдайды сұрастырған едік. 
– Бағаны нарық, базар белгілейді. Соған қарамастан, біз жұмыс істеп жатырмыз. Жыл басында осы есеп бойынша 190 мыңнан астам тұрғыны бар Түркістан қаласының бір айлық қажеттілігінің 30 пайызын қамтамасыз ету үшін 1,5 млрд. теңге көлемінде жергілікті бюджеттен  қаржы сұралған болатын. Мамыр айында бұл мәселе облыстық мәслихат сессиясында қаралып,  1 млрд. теңге бөлу туралы шешім шықты. Аталған қаражат ӘКК-нің есепшотына маусым-шілде айларында түсті. Бұл қаражатты бірқатар маңызды азық-түлік өнімдерін тұрақтандыруға: нақты айтқанда,  нарықта бағасы шарықтап кеткен қант бағасын тұрақтандыруға жұмсадық. Яғни айналым схемасы бойынша  көтерме сауда ұйымы «Алға компани» ЖШС-ға 214,2  млн. теңге көлемінде қарыз берілді. Соның нәтижесінде өңірдегі көптеген дүкендерге тонналап қант жеткізіліп, жәрмеңкелерде сатылып, бүгінде қант бағасы  біршама тұрақтанды. Қазір қант бағасы 420 теңгеден сатылуда. Одан кейін осы айналым схемасымен екінші займды  біз «Әбеке» шаруа қожалығына 13,8 млн.  теңге көлемінде жұмыртқаның бағасын тұрақтандыру үшін бердік. Қазіргі нарықта жұмыртқаның данасы – 55-62 теңге аралығында болса, біздің әлеуметтік дүкендерде ол 37 теңгеден сатылуда. Сонымен қатар,  шаруа қожалығына көкөністерді (картоп, қырыққабат, пияз, сәбіз) арзандату үшін 230 млн. теңге қаражат берілді. Бұлардың да бағасы нарықтан әлдеқайда төмен  сатылуда. Картоптың келісі нарықта –140-150, сәбіз 180-200 теңге  болса, әлеуметтік дүкендерде 110 теңгеден, пияз – 75, қырыққабат 70 теңгеден сатылуда. Шаруа қожалығы  алған қарызы есебінен   нарықтан төмен бағада сатып отыру міндеттемесін алған.  Басқа да тауар өндірушілерге қарыздар беру арқылы бағаны тұрақтандыруға қадамдар жасалып жатыр. 
Қор басшысының айтуынша, облыс орталығында 13 әлеуметтік дүкен бар. Бұл аздық етеді. Сондықтан қор басшылығы алдағы уақытта олардың санын көбейтетіндіктерін  айтқан болатын. Біз дүкендер санын арттыру жайының қалай жүріп жатқанын Лаура Сақтағанқызынан нақтылыған едік. 
 «Қала әкімінің ұсынуымен олардың санын 50-ге жеткізуді жоспарлап отырмыз. Күні бүгінге дейін 10 әлеуметтік дүкеннің мемлекеттік актісі қолымызға тиді. Олардың әрқайсысы 50 шаршы метрді құрайды. Әрі  қарай   жеке кәсіпкер  дүкенді өз қаражатына тұрғызып, әлеуметтік маңызы бар осы тауарларды арзан бағада сатуды міндетіне алады. Ол үшін біз жерді ұзақ мерзімге жалға беру арқылы кәсіпкерлердің қызығушылығын тудырып, конкурсқа қатысуға шақырып жатырмыз. Қалған 12 жердің (дүкен алаңының) құжаттары енді алынады, жерге орналастыру жобасы сияқты құжаттарын ресімдеу процедуралары  жүріп жатыр. Келесі жылы қалған 28 дүкеннің жер телімін белгілеп, дүкендер  санын 50-ге жеткізу басты  межеміз болып белгіленді. Кентау қаласынан да әлеуметтік дүкендер ашу үшін  әрқайсысы 100 шаршы метрден 10 жер телімі белгіленіп  берілді» дейді. 
Аты дардай қордың әзір өз қоймасы жоқ. «Біреудің ғимаратын жалға алып қойма ретінде пайдаланып отырмыз. Жеке кәсіпкердің есебінен қойма салу үшін  5 гектар жер телімі берілген болатын. Қазіргі таңда қойманың құрылысы басталды» дейді Лаура  Сақтағанқызы. 
Қымбатшылық қыспаққа алған бүгінгідей заманда қор қоймасына арзан азық-түлік қаншалықты жиналды?       
«Қазіргі таңда тұрақтандыру қоры қоймасында 3440 тонна тауар бар. Яғни 308 млн. теңгенің (картоп, сәбіз, пияз, қант, өсімдік майы) өнімдері бар. «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясынан сатып алынған 68 тонна қант бар.Өсімдік майы 3,5  тонна көлемінде әлеуметтік дүкендерге таратылып,  720 теңгеден сатылуда. Алдағы уақытта бюджеттен қаржы қарастырылған жағдайда қорды жасақтап, әрі қарай жетілдіруді жоспарлап отырмыз» дейді қор басшысы. 

Түйін:
«Үйдегі бағаны базардағы нарық бұзады». Расында, нарықта  шарықтап  кеткен  азық-түлік бағасы  қай-қайсымызды да ойландырмай қоймайды. Қор тарапынан әрекет жасалып-ақ жатыр. Бірақ, көпшілікті тұрақтандыру қоры «қымбатшылық» деген ағысы қатты тасқынға тұсау салып, бағаны тұрақтандыра ала ма деген  ой мазалайды.

Әтіргүл ТӘШІМ, журналист. 
Түркістан қаласы.  
Пікір қалдырыңыз