«Дина. Күй құдіреті»

Жақында Түркістан қаласындағы «Ұлы дала елі» орталығында қазақтың дәулескер күйші қызы Дина Нұрпейісованың өміріне арналған тарихи туындының шығармашылық тобымен кездесу өтті. Шараны облыстық мәдениет басқармасы мен «Оңтүстікфильм» мекемесі ұйымдастырды. 

 Оған «Дина. Күй құдіреті» фильмінің режиссері, ҚР Мәдениет қайраткері, аниматор Батырхан Дәуренбеков, сценарий авторы, драматург, ҚР мәдениет қайраткері, Ж.Шанин атындағы драмалық театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек пен басты рөлдерді сомдаған актерлер құрамы қатысты.
Жиынды «Amanat» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының орынбасары Қалыйма Жантөреқызы ашып беріп, қазақтың басқа ұлттан айырмашылығы күйі мен айтысында екенін және осы төл өнерлерімізді дәріптеп, кейінгі ұрпаққа үлгі ету борышымыз болатынын жеткізді. Ал, облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Асылхан Темірханұлы:  
– Құрманғазының тәлімін алып, қазақ күй өнерінің символына айналған Дина Нұрпейісованың бейнесі осы туынды арқылы қазақ көрермендеріне тағы да жақындай түсті деп айта аламыз. Өңіріміздегі кино, анимация саласын дамытуға күш салып келе жатқан дарынды режиссер Батырхан Қалдарбекұлының бұл туындысын оның ұлт руханиятына қосқан үлкен үлесі деп бағалаймыз, – деп тарихи туындының шығармашылық тобына толағай табыс тіледі. Басқарма басшысының атынан Алғыс хат табыстады.
Мұнан кейін көрермендер қонақтарға сұрақтарын қойып, әрі қарай тарихи фильмді тамашалады. Айта кетейік, «Дина. Күй құдіреті» атты екі бөлімді тарихи драмасын  «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасының тапсырысы бойынша жергілікті «САҚ» киностудиясы түсірген. Туындының сюжеттік желісіне күйшінің кішкентай кезінен домбыраға құштарлығы, дала сарынынан әуен іздеуі, күй атасы Құрманғазыдан тәлім алуы арқау болған. Сондай-ақ, онда сол кезеңдегі әйел тағдыры бейнеленген. Фильмде кішкентай Динаны – Айша Жайсанбай, бойжеткен Динаны – Ақниет Ералиева, анасы Жаниханы – Мөлдір Зияева, әкесін – Талғат Келімбетов, жолдасын Нұрбақыт Байысбек сомдады. Түсірілім жұмыстары Отырар мен Бәйдібек аудандарында өтті. 

Тұрсынай ШАМЕТОВА. 

Пікір қалдырыңыз