Қай мамандықтар көбірек таңдалды?

Ерболат Айнабеков, «Ońtústik Qazaqstan».

Биыл 125 мың қазақстандық қыз-жігіт еліміздің колледждерінде оқуға грант алды. Осылайша, грант иегерлерінің биылғы саны былтырмен салыстырғанда 45 мыңға артты. Бұл – рекордты көрсеткіш! Колледжге барлығы 183 мыңнан астам адам оқуға түскен. Оның ішінде Түркістан облысында орналасқан колледждерге 71 мамандық бойынша 17 мың грант бөлінген. 

Алайда, ақпараттық платформада жүргізілген автоматты бөлу және білікті жұмысшы кадрларды даярлайтын мамандықтар бойынша түскен сұраныстар негізінде өңірдегі 40 колледжде 61 мамандық бойынша 11 110 талапкер грант негізінде оқуға қабылданды. Оның колледжге 7772-сі 9-сыныптан кейін келгендер болса, 3338-і 11-сыныпты аяқтағандар. 
Оқуға түскен студенттердің көпшілігі инженерия, білім беру, құрылыс, туризм, қонақ үй бизнесі және басқа да салаларды таңдапты. Құжат қабылдау 25 маусымда басталып, 25 тамызда аяқталғанын еске сала кетейік. Биыл тегін оқуға түскісі келетіндерге арналған квоталар тізімі кеңейтілді. Көп балалы отбасыдан шыққандар үшін 5% квота, толық емес отбасы балалары үшін 1% (осы мәртебе үш жылдан кем емес болуы керек), ерекше білім қажеттілігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасы балалары үшін 1% квота қосылған.
Өңіріміздегі колледждерге биыл түскендердің көпшілігі инженерлік, өңдеу және құрылыс саласының мамандықтарын таңдаған. Биылғы талапкерлердің 5830-ы дәл осы мамандықтар бойынша грант жеңіп алып отыр. Одан кейінгі ақпараттық-коммуникациялық технологияларға бағытталған мамандықтар, сервистік қызметтер, ауыл шаруашылығы, орман шаруашылығы мамандықтары бар.  
Облысымызда «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы шеңберінде 9-сынып түлектерін тегін кәсіптік біліммен қамту үшін 2022-2023 оқу жылына бөлінген 10 000 орынның 7772-сіне талапкер қабылданған. Жергілікті бюджет есебінен бөлінетін мемлекеттік тапсырыс аясында орналастырылған орын саны 3338-ді құрап отыр.
Жалпы, облыс бойынша білікті жұмысшы кадрларды даярлауға – 6326, орта буын мамандарын даярлауға – 4584, қолданбалы бакалавриатқа 200 орын бөлінді. Одан бөлек 29 колледжге 4050 талапкер ақылы негізде қабылданды. Жалпы, облыстағы студенттер саны 40 241 баланы құрайды.
– Қазақстанда еліміздің колледждерінде білім алуға берілетін грант саны жыл сайын артып келеді. Президенттің тапсырмасы аясында 2025 жылға дейін мемлекеттік тапсырыстың 70%-ы техникалық мамандықтарға беріледі. Мысалы, биылдың өзінде 52 мыңнан астам студент оқуға түсу кезінде инженерия, өңдеу саласы және құрылыс саласы сияқты мамандықтарды таңдады. Сонымен қатар биыл 8 мыңға жуық студент алғаш рет жұмысқа орналасу міндеттемесі бар кәсіпорындардың өтініші бойынша мақсатты оқыту аясында грант алды. Мақсатты мемлекеттік тапсырыс колледждерге еңбек нарығының сұранысы бойынша кадр даярлауға мүмкіндік береді. Яғни балалар оқуды аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасады, – дейді ҚР Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім департаментінің директоры Насымжан Оспанова.
Биыл талапкерлер құжат тапсыру кезінде төрт мамандыққа дейін және төрт колледжге дейін таңдау мүмкіндігіне ие болды. Былтыр білім берудің ашықтығы мен қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік «ақша студенттің соңынан ереді» қағидаты бойынша мемлекеттік тапсырыстарды бөлудің жаңа тетігін енгізді. Яғни бұрын грантты білім бөлімдері бөлетін болса, енді мемлекеттік тапсырыс талапкерлердің таңдауына қарай беріледі. Дәлірек айтқанда, бюджет ақшасы түлек қайда барғысы келсе, сол жаққа бағытталады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 800 мыңнан астам оқушыға арналған мектеп салынатынын атап өтті. Бұл үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің проблемасын шешуге сеп болмақ. 
– Мемлекет басшысы «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру туралы тапсырма берді. Аталған ұлттық жоба аясында 800 мыңнан астам оқушыға арналған мектеп салынады. Сондай-ақ, үш ауысымды және апатты жағдайдағы мектептердің проблемасы да шешіледі. «Жайлы мектеп» жобасы аясында бірыңғай құрылыс және жабдықтау стандарты қолданылады. Яғни жоба аясында ашылатын мектептер заманауи пәндік кабинеттермен толық қамтамасыз етілмек. Жаңа мектептерде оқу алаңдары ұлғаяды, – деді Оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Шолпан Каринова.
Бұл ұлттық жобадан Түркістан облысы да тыс қалмайды. Халық тығыз орналасқан өңір болғандықтан біздің облысымызда үш ауысымды мектептердің саны едәуір көп. 
Түркістан облысында үш ауысымды мектептердің проблемасын, мектептердегі оқушы орнының тапшылығын жою мақсатында кезең-кезеңімен 199 мектептің (2021 жылы – 60, 2022 жылы – 34, 2023 жылы – 33, 2024 жылы – 39, 2025 жылы – 33) ғимаратын салу жоспарланған. Биыл облыста 59 мектептің құрылысын жүргізуге 20,7 млрд. теңге қаралған. Биылғы жоспарға сәйкес 34 мектептің (оның ішінде: бюджет қаржысы есебінен 21 мектеп, жекеменшік 13 мектеп) құрылысын аяқтап, пайдалануға беру бекітілген. Жыл соңына дейін жоспар толығымен орындалатын болады.
Бюджет есебінен салынатын аталмыш 21 мектептің бесеуі қыркүйек айында пайдалануға берілді. Ал, 16-сының құрылысы жыл соңына дейін бітеді.
 2023-2025 жылдардан бастап облыстық бюджеттен 54 мектептің құрылысын жүргізу және Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Жайлы мектеп» пилотты ұлттық жобасы аясында 86 мектептің құрылысын салу жоспарлануда.
Сонымен қатар ұлттық жоба аясында ашылатын мектептер оқу зертханалары, робототехника кабинеттері, спорт залдары, әмбебап шеберхана және студиялармен қамтылады.
– Бастауыш сыныптарға, жоғары сынып оқушылырына да жеке блоктар қарастырылады. Сәйкесінше оларды бөлек спортзалдармен, бөлек асханалармен қамтамасыз ету қарастырылады, – дейді облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы.

Пікір қалдырыңыз