Түркістандықтар – әлем чемпионы!

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan». 

Түркістандық үш балуан әлем чемпионатында жеңіске жетті. Өкінішке қарай, Белградта күрес түрлерінен өтіп жатқан әлем чемпионатында емес. Өзбекстанның Наманган қаласында белбеу күресінен өткен жаһан чемпионатынан олжалы оралып отыр. 
Түркістандық Тоқтарбек Айдарбек кілемге шыққан қарсыластарын түгел жеңіп, әлем чемпионатының алтынын мойнына тақты. Тоқтарбекті көпшілік самбо күресіндегі жетістіктері арқылы таниды. Ол 2016 жылы жастар арасындағы әлем біріншілігінде қола медаль еншілеген. Одан кейін 2017, 2018 жылдары қатарынан екі рет «сары құрлық» біріншілігінде күміс жүлдегер атанған-ды. Сол 2018 жылы әлем біріншілігінде тағы да қола жүлде иемденген. Ол – самбодан және қазақ күресінен ҚР спорт шебері. 
Ел қоржынына екінші алтынды шардаралық Қайсар Шамшидинов салды. Айта кетейік, Қайсар да қазақ күресі мен самбодан халық-аралық аренада олжа салып жүр. «Оңтүстік Қазақстан» газетінің жүлдесі үшін қазақ күресінен жыл сайын ұйымдастырылатын турнирде екі рет «Түйе балуан» атанған. 
Айта кетерлік бір жайт, Тоқтарбек (90 келі) пен Қайсар (100 келі) жоғары салмақта әлем чемпионы атанып отыр. Ал, жеңіл салмақта құрама қоржынына бір алтын жүлдені отырарлық Қалмұхан Тұрмағанбет салды. Ол 57 келі салмақ дәрежесінде қарсылас шыдатқан жоқ. Айта кетейік, Қалмұхан Тұрмағанбет былтыр белбеу күресінен Ресейде өткен әлем чемпионатында күміс жүлде алған-ды. Қазанда кеткен есені Наманганда қайтарып отыр. 
Бұлардан бөлек тағы үш түркістандық балуан құрама қоржынына қола жүлде салды. Атап айтар болсақ, 58 келіде әйелдер арасында бақ сынаған Гүлзира Құдасбек, 
66 келіде Айнұр Ақжігітова әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды. Дәл осындай жүлдеге 
90 келіде бақ сынаған Айдос Құлманбетов те ие болды.
Пікір қалдырыңыз