Жемқорлық осындай жерден басталады!

«Оңтүстік Қазақстан» газетінің 2022 жылғы 9 шілде күнгі №86 санында «Биыл ҰБТ бойынша 140 балдық межені ешкім бағындыра алмады. Ал, елімізде 7 мыңнан астам оқушы «Алтын белгіге» үміткер атанған-ды.
Мұның өзі білім сапасының төмендегенін көрсете ме, әлде талап күшейді ме? Бұл тұралы айтарыңыз болса, «Оңтүстік Қазақстан» газетіне хат жолдаңыз» деген аңдатпа жарияланған еді. Менің осы тақырып бойынша айтарым бар.

Зейнеткерлік жаста жүрсек те, кәсібіміз ұстаз болғандықтан бір құлағымыз қашан да мектеп жаққа түрулі жүреді. Сондай-ақ, әр жылғы ҰБТ-дағы жағдай бізді де қатты алаңдатады. Соңғы екі жылдағы тәжді індеттің әуре-сарсаңы мектептердегі оқыту үрдісіне үлкен кедергі болғанын білеміз. Әйтсе де, сала министрі әр үш жылда ауысып, әрқайсысы мектеп бағдарламасына өз «жаңалығын» тықпалап, онсыз да оқушының ашыған миын атала еткенінен хабардармыз. Мектеп оқушыларының кеңестік кезеңде білімге құштарлығы өте жоғары болатын. Сондықтан кеңес ғалымдары мен инженерлері әлемдік рейтингте ең алдыңғы қатардан орын алатын. Балалардың оқу-білімге деген құштарлығы сап тыйылып, төмен құлдырауы егемендік алғаннан кейін басталды. Өйткені, елді жайлаған берекесіздік жастарға да тырнағын батырмай тұрмады. Көзін ашып көргені етек алған жемқорлық, парақорлық, ұрлық-қарлық, имансыздық болған балалар енді көргенінен артық не істейді?! Нәтижеде кержалқау, жан ауыртпай оңай ақша тапқысы келетін, ұрлық-қарлықтан да жиіркенбейтін ұрпақ пайда болды. Болса да сабақ, кітап жайына қалды. Қолынан келсе ыртың-жыртың ішіп-жеу, көңіл көтергенді кәсіп етті. Ал, мектептердің мұғалімдері сабақ оқы-оқыма, кітап бетін ашпасаң да «үштік» қойып, сыныптан сыныпқа өткізіп, қолыңа аттестат ұстататынын көз көрді. Ал, бұл кезде жоғары оқу орындарында да жағдай мәз емес-ті. Ақшаң болса онда да оқуды қиналмай бітіріп, қаласаң ғылым докторы, академик те болып кетуің түк емес еді. 
Міне, біз ұзақ жыл бойы балаларға осындай тәрбие бердік. Егемендік алған 30 жыл ішінде біздің қандай ұрпақ өсіргенімізді кешегі қаңтар оқиғасы анық көрсетті. Елдік, адамшылық сана-сезімнен ада, тегін дүние үшін кім көрінгеннің соңынан ере беретін көрсоқыр ұрпақ өскенін бүкіл дүние жүзі көрді. Ал, біз бұған бүгін ғана «аһ» ұрып, «апырай, балалар неге бұлай болды?» деп іштей түңіліп, өкінген боламыз. Болары болған соң, өкіндің не, өкінбедің не?! Мұғалімдер ренжісе де айтайын, «Алтын белгіге» үміткерлер мен жүздік балдан ары өткендер ата-аналары арнайы репетитор жалдап оқытқан балалар. Бүгінгі Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов тек мектеп пен балабақшаларды, колледждер мен жоғары оқу орындарын жабдықтау, ұйымдастыру іс-шараларымен әуре болып, «оқушылардың білім сапасы неге төмен, бала неге қолына кітап ұстағысы келмейді, оқушы білімін қалай көтереміз?» деген сұрақтарға тұшымды жауап бермей келеді.
Міне, біздіңше, бар гәп осында. Әңгіме, қазіргі нарық тілімен айтқанда, оқушы санасында оқу-білімге деген қажеттілік, соған сай қызықтырар стимулдық ұстанымның жоқтығында. Оқушы оқу-білімнің неге қажет екенін бастауыш сыныптан бастап зерделеуі керек. Сол білімді алуға ұмтылуы керек. Ал, біздің білім беру жүйемізде сол қажеттілікті оқушыға сезіндіріп, оның ынта-жігерін ашатындай стимулдық тетіктер бар ма? Ешқандай да... Қайта ақылға сыймайтын қатып қалған тәртіптер арқылы оқушыны білім алудан жирендіріп келеміз. Мысалы, кітап бетін ашпайтын балаға «үштік» қойып сыныптан сыныпқа сүйретуде не мағына бар? Физиологиялық кемістігі бар бір-екі бала болса бір сәрі, бірақ біз бүгінгі ауыл мектептерінің бір өзінен табылатын оқығысы келмейтін 30-40 балаға не істей аламыз? Бала психологиясы – өте нәзік. Кез келген жағымсыз қылық балаға тез жұққыш келеді. Бүгінгі мектептерде кітап бетін ашпайтын балалардың көбейгенінің бір себебі де осы. Біздіңше, бүгінгі оқу процесін артқа тартып жүрген міне, осы балалар. Мұғалім бұл баланы келесі сыныпқа көшірмеймін десе, директор «оны өзің жөндеп оқытпадың» дейді. Сол сияқты директордың өзі де жоғарыдан осындай ұрыс естиді. Жұмыс табудың осындай қиын кезінде кім жеп отырған нанынан айырылсын. Ақыры бәрі бірге ойласқандай балаға «Аш құлақтан, тыныш құлақ» деп жалған «үштік» қойып беріп, бәз-баяғы қорлық қалыпқа қайта түседі. Ең жаманы осының бәрі мұғалім қауымының иілгіштігінен. Олардың жастарға үлгі боларлық елдің, жердің қамын ойлайтын биік азаматтық тұлғадан тым жасқаншақ тобырға айналып бара жатқаны өкінішті.
Осы жерде нақты бір мысал келтірейін. Интернеттен өткен жылдарғы ҰБТ нәтижесін көрдім. Мәселен, 2018 жылы еліміз бойынша 11-сыныпты 147 мыңнан астам оқушы бітірген. Соның 75 пайыздайы, яғни 102 мыңнан астам оқушы ҰБТ тапсыруға өтініш беріпті. Жалпы мектеп бітіруші балалардың 25 пайызы, яғни 45 мыңдай оқушы білім сенімсіздігіне байланысты ҰБТ-ға жіберілмеген. Ал, ҰБТ-ға қатысқан балалардың 14 пайызы, яғни 14 633 оқушы шектік деңгейге жете алмаған. Бұларды да білім деңгейін үлгермеген деп әлгі ҰБТ-ға жіберілмегендерге апарып қоссақ, барлығы 39 пайыз, яғни 60 мыңға жуық бала мектеп бағдарламасын толық меңгермеген болып шығады. Бұл енді нағыз сорақы нәтиже емес пе?! Сонда осыншама жас өмірін мектепте босқа өткізді деген сөз ғой. Міне, біз айтып отырған мектебіңіздің бүгінгі жағдайы.
Шынтуайтына келгенде, қиюы қашқан бұл мәселені тек Оқу-ағарту министрлігі ғана шешеді. Нарық қатынастарын негізге ала отырып, білім беру жүйесін қайта құрмай болмайды. Біздіңше, балалардың оқуға деген ынтасын көтеру үшін Оқу-ағарту министрлігі «9-сыныптан соң 10-11-сыныпқа мектепте тек 4 пен 5-ке оқығандар ғана өтеді» деген бұйрық шығарсыншы! Сонда ата-ана да, бала да соған қарай іс қылады. Ата-ана баласының оқуын бастауыш сыныптан бастап қадағалайды. Бала сабақты жақсы оқымаса 9-шыдан әрі оқуға жол жоқ екенін іштей болса да сезінеді. Тіпті, үлгерімі, тәртібі нашар балаларды өз сыныбында қалдырсақ та біз ешнәрседен ұтылмас едік. Қайта оқушы «мен қатарымнан неге қалдым?» деп іштей намыстанып, қатардан қалмауға тырысар еді.
Сондай-ақ, біз жоғары 10-11-сыныптарға сабақты тек жақсы оқитындарды жіберсек, оларды тәртіпсіз, сабақ оқымайтындардан ажыратып, толыққанды білім алуға нақты алғышарт жасар едік. Бүгінде бұл сыныптарда да мұғалімнің жарты өмірі осындай дым білмейтіндермен алысып, босқа өтіп жатқанын айтуымыз керек. Болашақ ел тұтқасын ұстайтын инженер, агроном, ғалымдар, міне, осы 10-11-сыныптарды жақсы бітіргендерден шығады. Жоғары оқу орындарына да оқуға тек білімді жастар барып, студенттер де бүгінгідей сан түрлі жат әдеттерге бой алдырмас еді.
Осы орайда айта кететін бір жәйт, біздің қазақтар баласының қолына аттестат тисе болды ол балада білім бар ма, жоқ па, оқуға деген ынтасы қалай, о жағына бас ауыртып жатпай, бірден жоғары оқу орнына қарай сүйрей жөнеледі. Жоғары оқу орнында оқудың бір жылғы ақысын төлеп, пәтер жалдап жатқызып, ішіп-жемі, жатыс-тұрысын бәрін ойлап, шыр-пыр, күйдім-пістіммен өткен өмірін өздерінше ата-аналық парыз санайды. Мұны сол балаңыз түсініп, сіз ойлағаныңыздай болып жатса, қанеки! Ал, шын ынтамен оқымаған баладан кім шығады? Шала сауатты баласы кейін қалай, қайдан жұмыс табады? Оныменен ісі жоқ. Сонысына қарамай пара берсе де, тағы да майлы орындарды қарастырады. Міне, қоғамдағы жемқорлық, парақорлық осы жерден басталады. Өкініштісі, жоғары оқу орнында жүрген осындай жастарымыз өте көп.
Ал, енді Норвегия, Дания, Финляндия сықылды өркениеті озық елдердегі жастардың өміріне назар салсақ, ондағы жастардың 70-80 пайызы училище-колледждерде оқып, мамандық алғанды қанағат етеді екен де, жоғары оқу орнына жастардың тек 20-25 пайызы барады екен. 
Бізде де осы бағытқа қарай бетбұрыс басталғаны қуантады. Оның бір айғағы ҚР Президенті Қ.К.Тоқаевтың «Жаңа Қазақстан» атты бағдарламасы аясында биыл техникалық және ауыл шаруашылығы саласы мамандықтарына жылдағыдан гранттардың көп бөлінуі дер едік. Мемлекет әлгі біз айтқан 9-сыныптан соң 10-11-сыныптарға жіберілмей алып қалған жастарды осындай колледждерге орналастырып, кәсіби мамандық беру жағын қолға алса, біз жастар проблемасын біршама шешкен болар едік. Мұндағы бір ескерте кететін жәйт, мемлекет сан жағын емес, сапа жағын мұқият ойланып, жастарды келешекте қомақты жалақы алатындай кәсіби шебер дәрежесіне жеткізуі керек. Ол үшін, әрине, Оқу-ағарту министрлігінің жастарға кәсіптік білім беруді жан-жақты қарастырған нақты іс-жоспары болуы керек. Міне, бүгінгі жастардың оқу-білімге деген ынтасын көтеріп, оларды жұмыспен қамтудың бірден-бір тиімді жолы осы. 

Бердалы РЫСБЕКОВ,
 зейнеткер ұстаз. Келес ауданы.
Пікір қалдырыңыз