Жұмыссыздық – қылмысқа апарар төте жол

Бауыржан ЕРМАН, «Ońtústik Qazaqstan».

Бүгінгі таңда еліміздің дамуына және қоғамдағы тұрақтылықтың сақталуына кедергі келтіретін проблемалар аз болмай тұр. Олардың ішіндегі ең қауіптісі – адам қолымен жасалатын қылмыстар. Өзінен бұрын өзгелердің де түрлі қиындықпен бетпе-бет қалуына себепкер болатын құқық бұзушыларды тезге қалай салса болады?

Қолы бостар қалай күн көреді? 

Ұлттық статистика бюросының деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың алғашқы 6 айында 16 мыңға жуық қазақстандық қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Олардың 14 пайыздан астамы экономикалық қызмет саласындағы қылмыстар болса, қалғандары меншікке қарсы қылмыстық заңбұзушылықтар. Барлық қылмыстық құқықбұзушылықтардың салдарынан жалпы республика бойынша 194257,8 млн. теңге материалдық шығын орын алған. 
«Республиканың құқық қорғау органдары қылмыстық құқықбұзушылық жасаған 30 949 адамды анықтады. 15 856 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың 12,8 пайызын – әйелдер, 2,3 пайызын – кәмелетке толмағандар, 1,7 пайызын мемлекеттік функцияларды атқарушылар құрады» делінген бюро мәліметінде.
Статистика бойынша орташа есеппен әрбір жетінші адамның мас күйде және әрбір сегізінші азаматтың қылмыстық топ құрамында заң бұзғаны анықталып отыр. Басым бөлігі, нақтырақ айтсақ, 79 пайызы жұмыссыздар екен. Демек, еліміздегі қылмысқа баратын адамдардың моральдік жай-күйі ғана емес, материалдық жағдайы да мәз болмай тұр емес пе?.. 

Сенаторлар айтуын айтты...

Естеріңізде болса, жыл басында қос сенатор Мұрат Бақтиярұлы мен Айгүл Қапбарова еліміздегі кедейлік пен жұмыссыздық жайлы мәселе көтерген болатын. 
– Жергілікті атқарушы органдар, Үкімет жұмыссыздық пен кедейшілік деңгейін үнемі төмен көрсетумен келеді. 2021 жылы Үкімет елде 450 мың адам жұмыссыз деп көрсетсе, кедейшілік деңгейі 4,5 %-дан аспайды деген ресми ақпарат берді. Осы шындыққа сәйкес келе ме? Сондықтан да Үкімет бірінші кезекте кедейшілікпен күресудің жаңа жүйесін жасау керек. Келешекте жалған статистикадан толық арылу керек, – деген Мұрат Бақтиярұлы өз сөзінде.
Ал, Айгүл Қапбарова республикалық бюджеттің жартысынан астамы әлеуметтік салаға және халықтың өмірін жақсартуға бағытталатынын, алайда, оны тиімді пайдалануда кемшіліктер бар екендігін бүкпесіз айтқан. Оның сөзіне сүйенсек, 2020 жылы жұмыссыздық деңгейі 4,9 пайызды құраған және ол көрсеткіш қазірдің өзінде айтарлықтай өзгере қоймапты. 
Қазіргі таңда елімізде азаматтарды жұмыспен қамтуға бағытталған «Еңбек», «Жұмыспен қамтудың жол картасы» сынды бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Оларға бюджеттен 1 трлн. теңге бөлінген екен. Ал, ол қаражат дұрыс игеріліп жатыр ма? Сондай-ақ, Сенат депутаттары сенімсіздік танытқандай, еліміздегі жұмыссыздар саны кемітіліп көрсетіле ме? Әзірге біз бұл сауалдардың нақты жауабын білмейміз.
Бір білетініміз, биылғы 7 айдың қорытындысы бойынша 296 мың қазақ-стандық жұмысқа орналасыпты. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Үкімет отырысында айтты. Жалпы, жұмыспен қамтылған азаматтардың 163 мыңы тұрақты жұмысқа ие болған. 

Өңірдегі ахуал қандай?

Өңірімізде биыл 88 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылады. Атап айтсақ, «Еңбек» бағыты бойынша 70 250 адамды, және ұлттық жобалар аясында жаңадан ашылатын жұмыс орындарына 7 086 адамды жұмысқа тарту көзделген. Одан бөлек, жеке бастамалар арқылы 10 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылмақ. Бұл туралы облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева айтып берді. Ал, облыс әкімі халықтың табысын арттыру бойынша «Түркістан облысында 2022-2025 жылдарға арналған жұмыспен қамту картасы» жобасы бекітіліп, нәтижесінде 144 мыңдай жұмыс орнын ашу жоспарланғанын мәлімдеді. Еңбек министрлігі ұсынған деректерге сәйкес, 10 мың тұрғын саны негізіне 16-62 жас аралығындағы халық саны есепке алынып, Түркістан облысына 10 854 тұрақты жұмыс орындарын ашу межеленген. Тиісінше, биылдан бастап «Жастар тәжірибесі» жобасы аясында 5 658 адамға 6,2 млрд. теңге, «Алғашқы жұмыс орны» жобасы аясында 386 азаматқа 436,7 млн. теңге қаралған. Сонымен қатар, жастардың іскерлік бастамаларына қайтарымсыз 3,4 млрд. теңгенің 2 765 грантын беру көзделіп отыр.

Қымбатшылық

Қазір екінің бірімен әңгімелесе қалсаң, жанып тұрған қымбатшылық жайлы сөз бастайды. Себебі, бағаның бағынбай бара жатқандығы және ол халықтың қалтасына ауыр соққы болып тигені ақиқат. Екіншіден, халық табысының кеміп жатқандығы тағы бар. Естеріңізде болса, осыдан бір айдан аса уақыт бұрын Мемлекет басшысы халықтың табысын арттыру бағдарламасын сынға алып, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау және Түркістан облыстарындағы тұрғындардың табысы орташа республикалық деңгейге жетпейтініне тоқталған еді. 
– Бұл көрсеткіш Алматы және Шымкент қалаларында да төмен. Ал, Қызылорда облысында халықтың табысы тіпті азайып кетті. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші 2,9 пайыз болды. Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз, – деген Президент өз сөзінде.
Айтса, айтқандай-ақ, бірнеше күн бұрын бұл проблема жайында Ұлттық статистика бюросы да дабыл қақты. Деректерге сүйенсек, маусым айында халықтың нақты ақшалай табысы 2 пайызға төмендеген. Бірақ, ведомство 2022 жылғы шілдеде бір қызметкердің орташа айлық жалақысы 312 124 теңге болғанын мәлімдеді. Ал, бұл көрсеткішке көпшілік «күліп» қана қарағанын жасыра алмаймыз.
Сөз соңында қазіргі таңда белең алып отырған жұмыссыздық, қымбатшылық пен табыстың мардымсыздығы халықтың тұрмысын төмендетіп қана қоймай, қоғамдағы қылмыскерлердің санын да көбейтіп жатыр деп айтуға тура келеді. Бұл сөзімізге жоғарыда келтірілген Президент сөзі, ресми мәлімдемелер мен деректер – бұлтартпас дәлел. «Халық үнін еститін Үкімет» дәл осы проблемаларды дер кезінде шешпесе, басқа тірліктерінің пайдасы шамалы болып қалады- ау...
Пікір қалдырыңыз