Проблемалар оң шешілді

Созақ аудандық мәслихатының депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Базарбай Нұрланов және Созақ ауданы әкімдігінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Дулат Байзақов аудан тұрғындарын арыз-шағымдары мен өтініштері бойынша қабылдады. 

Депутат пен бөлім басшысы қабылдауға келгендердің сауалдарын тыңдап, мәселелерінің оң шешілуіне көмек көрсетті. Айталық, Жартытөбе ауылдық округінің тұрғыны, «Алтын алқа» иегері Б.Жамал ақылы қоғамдық жұмыста жүргенін айта келе, ірі қара  малды бордақылау бойынша қайтарымсыз грант алуға конкурсқа қатысудың ережелері мен заңдылықтарын сұрады. Аудандық мәслихат депутаты оған бұл мәселені заңнамада көрсетілген ережелер бойынша түсіндіріп берді.
Б.Жамал, сондай-ақ Жартытөбе ауылдық округінің қиылысында орналасқан көшеге асфальт төсеу жұмыстары қашан басталатынын сұрады. Аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Жартытөбе ауылдық округінің көшелеріне асфальт жол төселетіндігін жеткізді.
Шолаққорған ауылдық округінің тұрғыны Г.Бейсенбаева отбасылық жағдайын айтып ұлы Е.Өмірқұлға мамандық талап етпейтін жұмысқа орналасуға көмектесуді сұраған екен.  Аудандық мәслихат депутаты Г.Бейсенбаеваның ұлын «Нұрлан ата» құрылыс дүкеніне жұмысқа орналастыруға уәде берді. Ол сонымен бірге жалғызілікті ана ретінде тұрғын үй кезегіне тұруға ықпал етуін сұрады. Бөлім басшысы ҚР Тұрғын үй кезегіне тұру заңдылықтарын және үй кезегінде тұрып пәтер жалдап тұрған азаматтарға мемлекет тарапынан берілетін субсидия жайын түсіндіріп берді. Сондай-ақ бөлім басшысы Г.Бейсенбаеваның жағдайын ескеріп, қажетті құжаттарды рәсімдеуге өзі жәрдемдесетінін айтты. 

Мақсат ҚАРҒАБАЙ. Созақ ауданы.

Пікір қалдырыңыз