Тамақтан уланып қалудан сақтаныңыз!

Ораза айында қоғамдық тамақтану орындары мен мешіттерде, үй жағдайында күнделікті ауызашар өтетіні белгілі. Ауызашар өткізетіндер алдын-ала азық-түлік, оның ішінде әртүрлі тез бұзылатын аспаздық және кремді кондитерлік өнімдер сатып алып жатады. Алайда, үй жағдайында дұрыс консервіленбеген өнімдерді тұтыну мен санитариялық талаптарды сақтамай әзірленген тағамдардың  салдары ботулизмге, тағамдық токсико-инфекциялық ауруларға, және өткір ішек жұқпалы ауруларына әкеліп соғуы мүмкін.

Ботулизм ауруының улы таяқшалары ауасыз кеңістікте еркін дамиды. Ерекшелігі де осында, яғни тағамның түсі, түрі еш өзгеріссіз қалпында қалады. Аурудың ерте белгілеріне аз уақыт ішінде байқалатын тамақтан улану симптомдары жатады (жүрек айну, құсу, бас ауру), бара-бара бұл ботулизм ауруына тән жүйке жүйесі жұмысының бұзылуы белгілеріне ауысады. 
Азық-түлік өнімдерін тасымалдау, әзірлеу, дайындау, сақтаудың бұзылуы және жеке бас гигиенасының сақталмауы ботулизм, тамақтан улану мен өткір ішек жұқпалы ауруларының бірден-бір себебі екенін ескертеміз.
Үй жағдайында қол жууға жағдайдың жасалуы, тамақтану бөлмелерінің ауасын жиі алмастыру, шикізат пен тамақ өнімдерін қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасы бар орындардан сатып алу, үй жағдайында дайындалған консерві өнімдерін пайдаланар алдында 15-20 минут термиялық өңдеуден өткізу, ет, құс, жұмыртқадан тез бұзылатын тағамдар, сондай-ақ паштеттер, аспаздық өнімдер, кремі бар кондитерлік өнімдер, салаттарды дайындағаннан кейін бірден қолдану, сақталу талабы бұзылғанда келесі күні пайдаланбау сияқты қарапайым қағидаларды өкінішке қарай, көбіміз ескере бермейміз. Сондай-ақ, қолын жарақаттап алған, терісін сыдырып алған, жоғары тыныс алу жолдары аурып тұрған адамның тамақ істемей-ақ қойғаны жөн.
Қоғамдық тамақтану нысандары мен мешіттерде ауыз су жүйелері, түрлі деңгейдегі жұқпалы аурулардың алдын алу үшін келушілер мен персоналға арналған раковиналар, қол жуу, өңдеу, сүрту немесе кептіру құрылғыларымен және құралдармен жарақталуы, желдету және ауа баптау жүйелерінің дұрыс жұмыс істеп тұруы, қоғамдық тамақтану өнімдерін дайындау үшін пайдаланылатын азық-түлік шикізатының, тамақ өнімдерінің және қосымша материалдардың қабылдау, сақтау, тасымалдауының қадағалануы және қауіпсіздігін куәландыратын тауардың ілеспе құжаттамасы бар орындардан сатып алынуы өте маңызды. Сонымен бірге жабдықты пайдалану, жуу және дезинфекциялау, тамақ қалдықтарын жинауға арналған жарамды жағдайдағы бөлек контейнерлер, оларды тазалауды, жууды және жануарлардың кіруінен қорғауды қамтамасыз ететін, қоқыс пен тамақ қалдықтарын жинауға арналған шаруашылық алаңының көзделуі,  персоналдың арнайы киімдермен қамтамасыз етілуі мен жеке бас гигиенасын сақтау жағдайының болуы да назардан тыс қалмағаны жөн. Әр жұмыскердің медициналық тексеріп-қараудан, гигиеналық оқытудан өткендігі туралы анықтамасы  және жұмысқа рұқсаты бар жеке медициналық кітапшасының жұмыс орнында сақталуы, терінің іріңді аурулары бар, іріңді кесілген, күйген, терісі сыдырылған, сондай-ақ жоғары тыныс алу жолдарының ауруы бар, инфекциялық аурулармен ауыратын және инфекциялық ауруларға күдікті адамдар жұмысқа жіберілмеу керектігін ұсына келе, жоғарыда аталған санитариялық-эпидемиологиялық талаптар сақталмаған жағдайда халық арасында улану жағдайына, өткір ішек жұқпалы аурулар жағдайларының тіркелуіне себепкер болатынын қаперлеріңізге саламыз.  
Сонымен қатар, мереке күндері алаңдарда, саябақтарда, көше бойларында тәтті мақта, қуырылған жүгері, құйылмалы квас, самса, бәліш, жұмсақ балмұздақ сататын белгіленген орны жоқ, рұқсатсыз сауда орындары пайда болады. Егер өзіңізге жаулығыңыз болмаса, мұндай орындардан ешнәрсе сатып алмаңыз.
Мереке күндері балалар мен жасөспірімдер бірінші кезекте жұмсақ балмұздақты тұтынатынын, ол сапасыз болған жағдайда улану жағдайына алып келуі мүмкін екендігін ескертеміз. 
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау саласымен жұмсақ балмұздақ сататын нысандарға тексеру жүргізу тек арыз-шағым негізінде, оның үстіне дәлелді нақты фактілер болғанда ғана жүргізіледі. Сондықтан балмұздақты жемей тұрып, ойланыңыз, өйткені, мұндай өнімдер тез бұзылады. Жұмсақ балмұздақ сатып аларда, нысанның санитариялық жағдайы сізге ұнамаса немесе күдік туғызса, тез райыңыздан қайтқаныңыз жөн.
Жоғарыда көрсетілген талаптарды сақтау мереке күндерінде тамақтан уланудың алдын алады. Тағамнан улану белгілері  пайда болған жағдайда, дереу медициналық көмекке жүгіну қажет. 

Әбдіманап ТӨЛЕБАЕВ,
Шымкент қаласының бас мемлекеттік 
санитариялық дәрігері.

Пікір қалдырыңыз