ТҮРКІСТАНДА ДӘСТҮРЛІ «АБАЙ ОҚУЛАРЫ» ӨТТІ



Бүгін түркістандық оқушылар арасында «Абай оқулары» өтті. Жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын қалалық байқауда 30-дан астам үміткер бақ сынады. Негізгі мақсат - Абай Құнанбайұлының шығармашылығын насихаттау, оқушылардың поэзияға, шешендік өнерге деген құштарлығын арттыру. 

Тағылымды кеште 8-11 сынып оқушылары 6 номинация бойынша сынға түсті. Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова сайыстың тәрбиелік маңызға ие екендігіне тоқталып, барлық қатысушыларға сәттілік тіледі. 

- Оқушылар қазақтың ұлы ақыны Абайдың қара сөздерін  шабыттана орындап, өлеңдерін мәнерлеп оқу арқылы өн бойына қазақы болмысты сіңіреді.  Сахна төрінде қымсынбай бар өнерлерін ортаға салған оларға байқау болашақта кез келген ортада өзін еркін ұстауына септігін тигізері сөзсіз. Сондай-ақ, оқушылардың шығармашылық қырын ашып, рухани тұрғыда кемелденуіне де әсері мол, - деді Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің әдіскері Тоғжан Кенжебаева.

Қазылар алқасының шешімімен Ш. Хадиева, Ұ. Қуат, М. Газханова, Р. Шүкірбек, А. Қарабек жүлдегер атанып, облыстық жарысқа жолдама алды. Аталған оқушылар 29 шілдеде Ордабасы ауданында өтетін «Абай оқулары» сайысына қатысады.   

Нұртас КЕҢЕСБЕКОВ.
Пікір қалдырыңыз