Басынан бұлт кетпеген Бабай батыр

Біздің көпшілігімізде өткен ғасырларда өмір сүрген қазақ батырларының барлығы қалмақ заманының қаһарманы болған деген теріс ұғым бар. Бұған қазақ тарихын жете оқытпаған кезең кінәлі. Сонымен қатар бұрынғы дәуірлер тарихнамасын пайымдап, терең түсінуге өресі жетпейтін базбір жазбагерлердің бір заманның тұлғасын екінші заманға апарып тели беретін жалған жазбалары да айыпты. ХV ғасырдың ортасынан ауа құрылған Қазақ Ордасына ХІХ ғасырдың аяғына дейін жан-жақтан анталаған жау бір сәт те тыныштық берген емес. Ал, екі жүз жылға жалғасқан қазақ-қалмақ шайқасы – Қазақ Ордасының жатжерліктермен айқасқан дүрбелеңге толы дәуірінің бір парасы ғана. ХVІ-ХVІІІ ғасырлар аралығында бізге қалмақпен қатар Моғолстан хандары, Бұқар әмірлігі, Хиуа басқыншылары, орыс отаршылдарының қолшоқпарлары казактар да жау болды. Өзінің төрт жүз жылға таяу тарихында Қазақ хандығы еш болмаса 20-30 жыл мамыражай күн кешкен емес. Осы сыртқы басқыншылармен айқаста өткен төрт жүз жылдың ішінде қазақтан неше мыңдаған батырлар, қолбасшылар, сардарлар шықты. Әлбетте, осы мыңдаған қаһарманның барлығы тек қазақ-қалмақ соғысында ғана аты шықпаған. Ел аузында батыр деген аты қалған олардың көпшілігі одан бұрынғы һәм одан кейінгі шапқыншылықтардың баһадүрлері.
Екі жүз жылға ұласқан қазақ-қалмақ жауласуы (1771 жылғы «Шаңды жорықты» есептемегенде) 1756 жылы түпкілікті аяқталды. Ал, оңтүстік өңірінен қалмақтар 1747 жылы қуылды. Одан кейін оңтүстік қазақтарына қырғыздар жау болды.  Әлі күнге дейін толық зерттелінбей келе жатқан қазақ-қырғыз қақтығысы 1740 жылдары Ташкент төңірегінде басталып, 1779 жылғы Абылай ханның тарихта  «Жайыл қырғыны» деген атпен қалған атақты жорығына дейін үздіксіз жалғасқан. Бұл қақтығыс одан кейін де көп жылға созылды, тіпті, Қоқан хандығы қазақ-қырғызды қатар жаулап алған кезеңдерден соң да жалғасын тапқан. Қырғызбен қатар Тәшкент билеушісі Жүнісқожа да қазаққа жау шығып, 1798 жылы алты Алаш баласын шаһар маңында қырып, қалғандарын сол өлкеден бездіріп жіберген. Бұл кезең қазақтар үшін өте ауыр болған еді. Халыққа ортақ хан мен би жоқ-ты, күллі оңтүстік жұрты бытыраңқы күн кешіп жатқан. Осыны пайдаланған әрі Ташкентті Жүнісқожа билігінен оп-оңай тартып алған Қоқан хандығы 1808-1814 жылдар аралығында Ташкенттен Ұзынағашқа, Алатаудан Ақмешіт, Сарысуға дейінгі қазақ даласын, яғни қазіргі Қазақстанның шартты түрде оңтүстік деп аталатын аймағын түгелдей  басып алды.  Міне, осы кезеңде қазақтан ел қамын ойлап, қол бастап атқа қонған, басқыншыға қарсы күресте ел қаһарманы атанған қаншама би-батырлар шықты. Біздің бүгінгі мақаламыздың бас кейіпкері болғалы отырған Бабай бабамыз да дәл сол заманда атойлап атқа қонған белгілі батырлардың бірі еді.  
Бабайдың шыққан тегі – қазақ ішінде қожалар деген қауымның бір парасы атанып жүрген Сунақ тобынан.  Шежіре бойынша, Сунақтың түп-тегі Мұхамед пайғамбардың төрт шарысының бірі – Әбу Бәкір әс-Сыддыққа барып тіреледі. Әбу Бәкір әс-Сыддықтың  он бесінші ұрпағы Һисамиддин болады. Һисамиддиннің он жетінші ұрпағы Әбдуәлі. Әбдуәліден – Мұрат шейх пен Шүкірқұлбай (Бердішүкір). Бердішүкірден – Нұрбай. Одан Жолды, Ырыскелді, Малтабар, Бектемір, Өзтемір, Тастемір, Шынтемір, Жантемір, Оразбай, Жұмантай, Бабай таралады. Біз әңгіме еткелі отырған Бабай – осы.  
Бүгінде Бабай батырдың бесінші-алтыншы ұрпақтары өмір сүруде. Осы буындық шежіреге қарасақ және ел аузындағы ескілікті әңгімелерге зер салсақ, Бабай 90 жасында өмірден өтіпті. Батыр ұрпағы Қошқарбек қария былай дейді: «Менің 1865 жылы туған Тәшімбет әкем «Бабай батыр өлгенде мен 17 жаста едім дегенді көп айтатын еді» дейді. Сонда Бабай 1882 жылы өмірден өткен болып шығады. Ал, туған жылы 1792 жыл болады. Расында, барлық көнекөздер де батыр 90 жасында өмірден қайтқан деп бірауыздан пікір айтады.     
Ол он тоғызыншы ғасырда қазаққа аса қатерлі дұшпан болған Қоқан хандығына қарсы күрескен айтулы тұлға. Бірақ, біз алдымен оның қазақ халқының бостандығы жолында жасаған ерліктерін айтудан бұрын  қай жерде туып-өскенін анықтап алуымыз керек. Батыр туралы жазбагерлердің біразы оны Түркістан қаласында туған деп көрсетеді. Ал, базбір деректерде Бабай қазіргі Жаңақорған–Түркістан тасжолы бойындағы Жалғызтөбе деген жерде туған дейді. Ал, атақты Манап ақын Көкенов оның туған жері Жаңақорғанға таяу жердегі Көделі деген жер дейтін. Сексенінші жылдардың басында Манап ақын маған Бабай туралы бір жыр жолдарын айтып еді. Соны бастан-аяқ түгел жазып алмағаныма әлі күнге дейін өкінемін. Жырдың басы былай 
басталатын: 
Сыр бойынан батыр шыққан Бабай деген, 
Бір өзінен талай дұшпан таяқ жеген. 
Хас батырдың туған жері Көделі дейд, 
Бұрыннан сунақтарға болған мекен... 
Манап ақын айтқан жырдың осы бір шумағы ғана  есімде қалыпты. «Ал, Көделі деген жер Жаңақорғанның солтүстік аумағында болған. Қазір ол жерге жаңа тұрғын үйлер түсіп кетті де, Көделі атауы ұмытылды» деп еді тағы да Манап ақын.
Бабай туралы жазған жазбагерлердің дерлігі оның өмірін және жорық жолдарын Бұқар хандығымен байланыстырып жазған. Мұндай пайымды мен сол жазбагерлердің он тоғызыншы ғасырдағы оңтүстік қазақтарының тарихын жөнді білмегендігінен және олардың құры долбарлы қара әңгімеге сүйеніп кеткендігінен туындаған тұжырым деп білемін. Өйткені, 1808-1814 жылдары Қоқан хандығы қазіргі Жамбыл, Түркістан, Қызылорда облыстарының аумақтарын түгел жаулап алған. Содан аталған оңтүстік өлкесін 1864 жылы орыстар басып алғанша, бұл өңірге Бұқар хандығы кіре алмаған және Түркістан өлкесіндегі қазақтар Бұқармен байланыс жасай алмаған.  Анығын айтқанда, қоқандықтар бұқарлықтарды бұл жерлерге жібермеген һәм қазақтарды да онда сапарлатпаған. Соған байланысты Бабайдың жас кезіндегі һәм кейінгі кездердегі жорық жолы Қоқан хандығымен айқаспен өткен. Ішінара Хиуа хандығымен де жауласқан. Орыс отаршылдары келгенде олармен де соғысқан. Олар жайында сәл кейінірек, ал, қазір Бабай батырдың Қоқан хандығымен соғысқан кезеңдерін 
жазайық. 
Қоқан хандығы қазақ жерін басып алған соң жергілікті жұртқа аса ауыр зәбір көрсетеді.  Ес біліп, етек жапқаннан Қоқан хәкімдерінің қазаққа көрсеткен зәбірі мен қиянатын көрген оның басқыншыға деген ашу-ызасы кеудесін от, жүрегін шоқ болып қариды. Есейе келе, оларға қарсы қалай күресуге болатыны һәм олардан құтылу керектігі жайында көп ойланады. 
1814-1821 жылдар аралығында Түркістанға хәкім болған қоқандық Мулдан паруанашы («Бабай батыр» кітабының авторы Базарбай Оспанов оны Мошан деп жазған. Ал, Қоқан хандығына қатысты құжаттарда оның аты Мулдан деп аталады) жергілікті қазақтарға үстеме салық салып, одан қалса, еккен егіндерінің де тең жарымынан астамын зорлықпен жинап алады. Бұған наразылық танытқан Түркістан, Жаңақорған  маңындағы қазақтарды аяусыз жазалайды. Кейбірін өлтіріп те тастайды. Бабайдың Оразбай мен Байсал деген палуан ағалары да ел үшін атқа қонады. Бірақ, қаруы нашар әрі үлкен топ болып ұйымдаса алмаған қазақтарды Мулданның әскерлері жусатып салады. Оразбай мен Байсалды тірідей қолға түсіріп, Түркістанға алып келеді де, жұрттың көзінше дарға асып өлтіреді. Осыны көрген Бабай қоқандықтарға бұрынғыдан да қатты ызаланып, қалайда Мулданнан кек алуды ойлайды. 
Аталмыш оқиға 1815 жылы болған.  Бұл Бабайдың жасы жиырмадан асып, ауыл арасында «палуан бала», «батыр бала» атанып жүрген уақыты. Жауға деген кегі кеудесінде қатқан Бабай атқа қонып, жер-жерден Мулданға қарсы жасақ жинауға кіріседі. Бірақ, Мулданның қатыгездігінен шошынып қалған жұрт оған ере қоймайды. Өйткені, дәл сол жылдары Бабайдың Мулданға қарсы жасаған көтерілісі туралы бірде-бір құжат сақталмаған әрі ел аузында да ондай әңгіме қалмаған. Әлгі жазбагерлердің Бабайдың Бұқарға барды деп жүрген жорамалдары дәл осы кезде болса керек. Өйткені, жерлестерінен қолдау таба алмаған Бабай осы кезде Бұқар шегіне өтсе керек. Ал, ол уақытта Бұқар хандығының Қоқан қол астындағы қазақтармен шекара-шегі қазіргі Өзбекстанның Нұрата таулары болған.             
1820 жылы Қоқанның ханы Омар Қоженд түбінде Бұқар хандығымен болған кезекті бір соғыста жеңіске жеткен соң, өз мемлекетін қуаты асқан елдің қатарына қосып, құзырындағы халықтарға, әсіресе, қазақтарға деген қысымшылығын тағы да күшейтеді. Тіпті ол  өзінің 1811 жылы Алаш даласына салықтың бір түрі ретінде кіргізген, бірақ, төрт жылдан кейін қазақ датқаларының наразылығымен алынып тасталынған қыз салығын қайта көтеріп, дала-даладағы ел билеушілерінен оны орындауды қатаң талап етеді. Зекет пен хараж салықтарының баптарын көбейтіп, оған шөп, қамыс, сексеуіл, көмір, тұз, сондай-ақ киіз, кілем, алаша сияқты үй жасауларын да қосады. Ол аз болғандай, әрбір қазақ руынан әр жылы төрт жігітті хандық әскерінің сапына алынып, үш жыл бойы қызмет етуі тиіс деген пәрмен шығарады.
Қазақ мүддесін ойлаған батыр-билер бұған бірден наразылық танытып, арты кіші-гірім көтерілістерге ұласа бастайды. Ал, 1821 жыл бастала салысымен Қаратау етегін жайлаған Тентек төре жергілікті рулардың батырлары бастаған алты мың жігітті атқа қондырып, көктемге салым, Қоқан хандығы мықты әрі маңызды бекініс-шаһар етіп алған Сайрам мен Шымкентке шабады. Осы соғысқа жасы отызға таяған Бабай да қатысады. Сыр бойындағы Қоқанға іштей қарсы болып жүрген біраз жігіттерді жинап, Шымқалаға келеді. 
Тентек төре жас Бабайдың қайсарлығы мен өжеттігін бағалап, оны Сыр жақтан келген жасақтарға  жүзбасы етіп тағайындайды. Бір айдан соң Тентек төренің қолы он екі мыңға жетеді. Сол жылдың мамыр айының ортасында көтерілісшілер Сайрам мен Шымкентті толық басып алады. Бабай осы шайқаста ерен ерлік көрсетеді.  
Бұдан кейін көтерілісшілер Түркістан мен Созақ тарапқа шеру тартады. Бұдан қатты сескенген Омар хан қазақтарға қарсы Тәшкеннің әмір-ғаскері Исақұл бастаған он алты зеңбірекпен қаруланған он бес мыңдық сыпай аттандырады. Тентек төре бастаған қазақтардың қалың қолы  қазіргі Темірлан елді мекенінің тұсына жеткенде, Исақұл әскерінің Шымкентке қарай шыққанын естіп, кері қайтады. Келе салып, Шымқала қорғанына бекінеді. Үш күн өткенде қарулары мықты қоқандықтар қалаға таяйды. Ертесіне қиян-кескі шайқас басталып, қазақтар төрт күн бойы жауды шаһарға кіргізбейді. Бірақ, әскерлерінің көбісі мылтықпен қаруланған және оттас ататын зеңбіректері бар қоқандықтар бесінші күні қазақтарды қаладан қуып шығады. Аталмыш шайқаста бірнеше мыңдаған қазақ сарбаздары қырылады, бірнеше жүздегені қолға түседі. Бабай, Ақпан, Тышқанбай, Жасамыс, Шоқай сияқты батырлар ғана аман шығып, сытылып кетеді.
  Ферғана архивінде сақталған «Қоқан хандығына қатысты жазбалар» атты арнайы папкалар тізіміндегі құжатта бұл шайқас туралы былай жазылған. «Шымқаладағы бұзық қазақтардың соғысын Исақұл паруанашы аямай басып-жаншыды. Тентек төре, һәм жүдәям қырғын қазақ сардарлары қолға түсті. Бабай, Ақпан, Тышқанбай, Шоқай қатарлы бұзық сардарлар қолға түспей қашып кетті...»    
Бұл Бабай туралы жазылған тарихи және нақты дерек. Мұны сол кездегі Қоқан ханының хаткерлері жазып қалдырған. Ал, ел арасындағы ауызекі айтылатын қара әңгімеде осы соғыс туралы былай айтылады: «Бабай батыр бір кезде Шымкентте Тентек төремен қосылып, қоқандықтармен соғысыпты. Сол соғыста ол Қоқанның бірнеше батырын өлтіріпті. Кейін қоқандықтар жеңгенде дария (Сырдария) тарапқа сытылып кетіпті...».  
Омар хан осы соғысқа қатысқан қазақтардың қолға түскендерін аяусыз жазаға тартқан. Артынша тосыннан келген ажалдан өзі жер жастанып, орнына хан болып Мәделі тағайындалады. Мәделінің кезінде де қазақтар бар тараптан көп зәбір тартады. Күллі оңтүстіктегі  Алаш баласын тек зорлықтың күшімен басқаруға көшеді. Басқыншының осындай запысына шыдай алмаған қазақтар әр-әр жерде бой көтереді. Бабай да өзіне жақтастардан топ құрып, қоқандықтарға талай жыл маза бермейді. Осының кесірінен әр жер-әр жерде майда-шүйде толқулар бой көрсетеді. 
Қоқандық хаткерлердің жазбаларына қарағанда 1830-40 жылдардан кейін датқалыққа тағайындалған қазақ азаматтарының бірсыпырасы елдік мүдде үшін осы орынға жетуге талпынған сияқты. Себебі түсінікті, датқалық шенге жетсе, елді көтеріліске бастауға, болмаса басқыншының шексіз зәбіріне шектеу жасауға, жөнсіз басынуына тосқауыл қоюға мүмкіндік туады. Расында, сол кезде датқалық шенге жеткен шымыр Байзақ, қоңырат Сапақ, Тұрғынбай, сіргелі Қозыке, сиқым Қасымбек, ботбай Тойшыбек секілді азаматтар Қоқанға  қарсы күресіп бағады. Қоқандықтар Бабайды да өз жақтарына тартып алу үшін оны датқа тағайындамақ болады. Бірақ, олардың қулықтарын сезген Бабай бұл ұсынысқа көнбей қояды. 1830-40 жылдар аралығында Сарысу, Сыр бойындағы Қоқанға жаны қас жігіттерді бастап,  бірнеше ірілі-ұсақты көтеріліс ұйымдастырады.
Оңтүстік руларының Қоқанға қарсы тағы бір айтулы соғыстары 1842-ші және 1845 жылдары өткен.  Бұл кезде Сыр,  Сарысу бойындағы сарбаздарды жауға қарсы тағы да Бабай басқарады. 1842 жылы  Созақ жерінде тарақты, қоңырат, тама, ысты, сіргелі руларынан жиналған мыңнан аса жігіт қоңырат Жаманқара мен тама Ерсібай, ысты Шоқай, сунақ-қожа Бабай батырлардың бастауымен Саудакент пен Шолаққорғандағы Қоқан хәкімдерін өлтіріп, шеріктерін талқандайды. Одан соң мықты қамал – Созаққа шабуылдап, оны да азат етеді. 
Негізі, Қоқан хандарының хаткерлері жазып қалдырған деректерге ден қойсақ, 1842 жылы қоқандықтарға қарсы оңтүстіктің әр аймақтарында бірнеше көтерілістер ұйымдастырылған екен. Көтерілістің бастапқысы Талас бойындағы Байзақ батыр бастаған дүмпумен басталады да, іле-шала Түркістан, Қаратау, Ақмешіт, Тәшкент, Келес бойындағы қазақтар да көтеріледі. Бұл кезде Бабайдың жасы елуге таяған, бірақ, әлі аттан түспей,  қол бастауға жарап, бұла күші бойынан таймаған кез екен.  Әрі бұл уақытта ол күллі Сыр бойындағы көтерілісші қазақтарға   сөзі өтетін тұлғаға айналған. Әлгі көтерілістерден рух алып, қанаттанған ол, сол жылы күзге таман Сыр, Сарысу, Созақ төңірегіндегі рулардан 1500-дей жігіт жинап, алдымен Түркістан түбіндегі Иқанда отырған Қоқан шеріктерін талқандайды.
Қазақтар әр жерде әр топ болып, өз беттерінше айқас жүргізіп, әрекеттерін шашыраңқы түрде іске асырып жатқанда, оларды жазалау үшін Ташкенттен түйелерге 20 зеңбірек артқан, бас-аяғы 15 мыңды құрайтын ауыр ғаскер Шымкент шегіне жетеді. Жете салысымен, бас көтерген ауыл-аймақтарды қанға бөктіреді. Бұл жазалаудан қазақтың бар тарапындағы бас көтергендер де құтылмайды. Өздеріне қылыш көтерген қазақтармен бірге талай жазықсыз жандарды қан жоса етіп қырған қоқандықтар жер-жердегі көтерілістерді басқан соң, оларды ұйымдастырушыларды іздей бастайды. Ұйымдастырушылардың талайы ұсталып, өлімге кесіледі. Талайы ұстатпай кетеді. Ұстатпағандардың ішінде Бабай батыр да  болады. 
Содан кейін қоқандықтар Бабайды басты жау санайды. Бірақ,  қанша аңдыса да, еш ұстай алмайды. Өзіне сенімді жүзге жуық жігіттен сарбаз құрып алған ол, Қаратау шатқалдары мен Сырдың нулы жағасы мен сар даласына тығылып жүріп, жаудың талай жыл мазасын алады. Ары-бері өткен Қоқан шеріктеріне жар-тасалардан тап беріп, қырып салады, шаһар-шаһарларға қатынаған керуендерін тонайды, хандыққа жан-тәнімен беріліп қызмет еткен датқаларды, хәкімдерді ретін тауып, жазаға тартады.
1845 жылдың көктемінде Арқадан Кенесары хан көп қолмен Сарысу жеріне келеді. Тарихи деректер мен сол кездегі саяси жағдайларға зер салсақ, сол сапарында Кенесары хан оңтүстік жерін  қоқандықтардан азат етуді жоспарлағанын байқаймыз. Ол алдымен Саудакентте тұрған Қоқан шеріктерін талқандайды. Содан соң Созаққа қарай таяйды. Оның жорығын естіген Сарысу, Сыр, Қаратау, Түркістан, Арыс, Шымқала жақтағы Қоқанға жаны қас сардарлар мен батырлар қол астындағы сарбаздарын алып, Созаққа қарай аттанады. Бабай да төменгі Қаратау маңындағы ауылдардан жасақ топтап, Кенесарыға қосылуға асығады. Бабай қолы Созаққа жақындағанда, ар жақтан Кенесары қолы да жетеді. 
Сол кезде Созақтағы Қоқан гарнизонында үш жүзге тарта қарулы аламан бар екен. Аламандардың мылтықтары болғанымен, зеңбіректері жоқ екен. Осыған байланысты қамал ішіндегі аламандар Кенесарының қалың қолына төтеп бере алмайды. Қоқандықтар шабуылдың екінші күні-ақ беріледі. Бірақ, Түркістан тараптан шұғыл аттанған  үш мыңдық Қоқан әскері екі күннен кейін Созаққа жетеді. Кенесары тау асып келген дұшпанды қамал ішінде емес, жазықта қарсы алу мақсатында барлық сарбаздарын қорған сыртына шығарады. Алдыңғы шепке осы жердің ой-қырын жақсы білетін Бабай бастаған сарбаздарды қояды. 
Жаудың қарасы көріне салысымен, Бабай бірден атойлап, оларға қарсы  шабады. Бұның қол астындағы бес жүз жігіттің аттарының жүйріктігі сондай, қоқандықтардың  мылтық атуға да шамаларын келтірмей, демде алдыңғы шептеріне жетіп барады. Содан бірден қолма-қол айқас басталып, екі жақ та, қиян-кескі шайқасқа кіріседі. Бабай қолы жау арасында қидалас ұрыс, қым-қиғаш соғыс салып жатқанда, көмекке Жанқожа батырдың, бір шеттен Шоқай батырдың, тағы бір шеттен Ерсін батырдың қолы келеді. Содан бір-бірін аямаған сұмдық қырғын үш-төрт сағатқа жалғасады. «Қоқан хандығына қатысты жазбалар» құжатындағы жазу бойынша айтсақ, «Созақ соғысында өршеленген қазақтардың талай батырлары оққа ұшса да, бірсыпырасы қылышқа шабылса да, қанша сарбаздары өлім құшса да, беттері қайтпай, аласұра соғысты. Ақыры біздің аламандардың жартысы қырылып, жартысы әрең қашып үлгерді...». 
Аталмыш жеңістен соң Кенесары Созақ пен Саудакентті жергілікті қазақ батырларының қарауына қалдырып, өзі Талас жаққа кетеді. Осы жерде қалған қазақтар батырлары жан-жақтағы туыстарға хабар айтып, мол жасақ құруды, сөйтіп, Түркістан мен Шымкентке шабуыл жасауды ойластырады. Бірақ, жер шалғайлығынан ба, әлде басқа себеп болды ма, ол жағы белгісіз, батырлардың ойлағандары іске аспай қалады. Арада алты ай өтіп, қара күздің нақ ортасы түскен кезде  Созаққа Шымкент жақтан бірнеше зеңбірегі бар бес мыңдық қоқандық жазалаушы әскер жетеді. 
Мұны естіген Бабай қол астындағы екі жүздей жігітті ертіп, Созаққа суыт келеді. Бұл уақытта Созақта қазақтардың бар-жоғы бес жүзге таяу ғана сарбазы шоғырланған еді. Сөйтіп, қазақ жасақтарының сандары жеті жүзге жетеді. Алайда, қазақ қосындарының саны қоқандықтардан әлдеқайда кем түседі. Бірақ соған қарамай, жеті жүздей ержүрек қазақ сарбаздары қарасы мол, қаруы одан да зор жау аламандарын тайсалмай қарсы алады. Тағы да қиян-кескі шайқас басталып, Созақ–Қаратау жері қанға бөгеді. Бесін кезінде басталған шайқас тек түн түсе басылып, аман қалған жүз елудей ғана қазақтар Бетпаққа қарай сытылып кетеді. 
Бабай батыр содан кейін Жалаңтөс батырға ілесіп, Қазалы, Арал жаққа кетеді. Содан бірнеше жыл бойы Жалаңтөс әскерінің сапында Сырдарияның сыртында хиуалықтармен, Арал маңында арғы жақтан келген орыс басқыншыларымен соғысады. Қоқан хандығының хаткерлерінен қалған жазбада 1858 жылы Жөлек бекінісінің түбінде қоқандық әскерлер жергілікті  қыпшақ және кіші жүз руларынан құралған сарбаздармен соғысты деген бір дерек жазылған. Бірақ, онда қазақ сарбаздарын қандай сардарлар басқарып жүргені жазылмайды. Біздің болжамымыз бойынша Бабай батыр осы соғысқа да белсене араласса керек. 
Бабай батыр атақты Махамбет Өтеміс-
ұлымен де жақсы қарым-қатынаста болған және жорықтас болмаса да, пікірлес, тағдырлас, мүдделес болған. Махамбеттің 1839 жылы Бабайға арнап жазған мына бір хаты Орынбор архивінде сақтаулы. «Ардақты ағаларым – Бабайға, Нәдірқұлға, Сәлиге, Жармаханбетке және Жамантайға... барлығына сәлем. Өздерің секілді достардың дұғасымен Құдайға шүкір, есенмін. Мен Хиуадан аман-есен қайттым. Сіздерді сағындым, осынша-ақ көргім келеді, бірақ бару қиыншылыққа түсіп тұр. Әскер шығардың алдында ханға (Хиуаның) тағы бір жолығып шығам. Әрілегенде әскер алдымыздағы жаз шығады. Егер жағдай көтерсе, қалайда старшын Сәлиді жіберіңдер. Ол жаққа барардың алдында мен сіздердің қандай халде екендіктеріңізді білуім керек қой...» (Б.Оспановтың «Бабай батыр» кітабындағы мәліметтен). 
Осы хаттың мәтініне қарағанда, 1840 жылы Махамбет оңтүстік жеріне келуді жоспарлаған сияқты. Бірақ, асыл ер арманына жетпеген-ау...   
1864 жылдың көктемінде Ақмешіт тараптан жылжыған орыс әскері Түркістан өлкесін жаулауды бастайды. Бабай батыр енді осы ортарлаушы орыс әскеріне қарсы соғыс бастайды. Әлбетте, ұйымдасқан әскері, мықты қаруы жоқ қазақ жасақтары қаһары мен жарағы күшті орыс әскерімен қанша айқасқа түссе де жеңіліс тапқаны анық... 
Орыс отаршылдары біздің өңірді жаулап алған соң  Түркістан генерал-губернаторлығын құрған және өлкені уездерге бөлген. Сол кезде Бабай тұрған Жаңақорған ауылы Перовск (кейінгі Қызылорда) уезіне қараған. Уездердегі әр рудың жерін орналасу тәртібіне орай болыстықтарға бөлген. Соған орай Перовск уезі ең алғаш Кентүп, Шаған, Қараөзек, Аламесек, Романов, Жаңақорған, Жөлек, Қостам, Қышбөгет, Сайран, Аяқкөл, Телікөл  сияқты болыстықтарға бөлінген. Сол кездегі  Жөлек және Жаңақорған болыстықтары туралы жазған Михаил Гибилев деген жазбагер Жөлек болыстығында тұратын тарақты Қонай мен Жаңақорған болыстығындағы Бабай  жайында былай ой қозғапты: «Осы болыстықтарда бір кездері Қоқанмен соғысқан, кейін Сыздық Кенесаринмен қосылып, біздің әскерлерге де қарсы шайқасқан бұзақы, ал, қазақтар батыр атаған Тышқанбаев Қонай мен Нұрбаев Бабай деген кісілер тұрады. Қонайды бүгінде Жөлек болыстығының болысы  Қамбар Сембин қамқорлығына алып, орыс үкіметінен кешірім әперген. Ал, Бабайға Перовск уезінің бастығы кешірім берген. Тілмаштардың айтуынша, Қонай мен Бабай конокрадтар туралы қазақтар қиял-ғажайыпқа бергісіз әңгімелер айтады екен. Бірақ оларды өзім көрген емеспін». (Михаил Гибилев, «Краткая запись о Перовском уезде». Ташкент, типография Каменских. 1873 год).      
Тарихи ақиқат бойынша, орыс отаршылдары 1870 жылдан кейін бұрын өздеріне қарсы күрескен аталған қазақ батырларының көбісіне рақымшылық жасап,  оларға түрлі сый-сияпат беріп, кейбіреуіне пенсия тағайындаған. Өздеріне қарсы отыз жыл бойы соғысқан Сыздық төреге де осындай кеңшілік жасаған. М.Гибилевтің жазбасынан біз орыс отаршылдарының Бабай батырға да сондай рахымшылық жасағанын аңғаруға болатындай. Өйткені, тап сол уақыттағы ақ патшаның басқыншылары қара халыққа жағу үшін кейде бұрынғы ел сыйлаған батырлар мен көсемдердің кейбірін қуғынға салмай, кешірім жасаған.  
1870 жылдардың аяғында Бабай батыр бір топ туыстарымен бұрынғы ата-бабалары мекендеген Түркістанға таяу жерге келіп орын тебеді. Сол жерде кішігірім қорған салдырады. Қорған батырдың есімімен Бабайқорған атанады. Ол атау әлі де жойылмай, бүгінде үлкен бір ауылдың атына айналып отыр. 

Момбек АМАНКЕЛДІ.


Пікір қалдырыңыз