Офицерлер корпусы — қоғамның элитасы

Бүгінгі білім беру жүйесіндегі ең басты міндеттердің бірі – бәсекеге қабілетті мамандар даярлау. Олардың осы қабілетін қалыптастыруда жоғары оқу орындарының атқарар рөлі өте зор. 

Жыл сайын елімізде 150 мыңға жуық оқушы мектеп бітірсе, солардың көпшілігі мамандық таңдауға келгенде абдырап қалып жатады. Себебі, қазір мамандықтың түрлері өте көп. Ал, олардың келешектегі қадамдарының сәтті болуы көп жағдайда мамандықты дұрыс таңдауына байланысты. 
Әскери мамандарды даярлау саласында тек құқық қорғаушыларды ғана емес, Қазақстан Республикасының басқа да әскерлері мен әскери құрылымдары үшін офицерлер даярлайтын Ұлттық ұлан академиясының орны ерекше. Академияның тарихы 1997 жылдың көктемінде Тұңғыш Президенттің Петропавл қаласында ҚР ІІМ ішкі әскерлерінің жоғары әскери училищесін құру туралы шешім қабылдауынан басталады. 25 жылдық тарихында мен білім алып жүрген оқу орны 4 мыңға жуық жас офицерлерді даярлап, олардың 270-і оқуды үздік бітіріп, елуге жуығы «Әскери университетті үздік бітіргені үшін» төсбелгісімен марапатталған. Бүгінгі таңда академия офицерлерді жеті мамандық бойынша әскери қызметтің түрлі бағыттарына сай даярлайды. Академия түлектері Қорғаныс министрлігі, ҰҚК шекара қызметі, ТЖМ, Мемлекеттік күзет қызметі бөлімдерінде, ІІМ мен ҰҚК арнайы мақсаттағы бөлімшелерінде қызмет атқарып жүр. 2009 жылдан бастап оқу орны әскери кадрларды даярлау бойынша халықаралық деңгейге көтерілді. Осының негізінде Қырғызстан мен Тәжікстан жастарының академияда білім алуларына мүмкіндік туды. 
Академияда жеке тұлғаны дамыту, адамгершілік және әскери-кәсіби қасиеттерді қалыптастыру үшін барлық қажетті жағдайлар жасалған. Заман талабына сай келетін оқу-материалдық және техникалық базаны жасақтау бойынша да жұмыстар үздіксіз жүргізіліп келеді. Оқу барысында курсанттар күніне үш рет тегін тамақпен, ақшалай үлеспен, әскери киім-кешекпен, қажетті оқулықтармен, нормативтік құжаттарға сәйкес басқа да жеңілдіктермен қамтамасыз етіледі. Демек, жастар жоғары әскери білім алу үшін Ұлттық ұлан академиясын таңдай отырып, өзін-өзі дамытуға мол мүмкіндік беретін, жайлы өмір сүру ортасымен, жоғары әлеуметтік мәртебемен қамтамасыз ететін оқу орнын таңдайды. Осы орайда Ұлттық ұлан академиясы биыл да курсанттарды оқуға қабылдайтынын айта кеткен жөн. Оқуға түсуге ниет білдіруші жастар тұрғылықты жерлері бойынша ҚР Ұлттық ұланының әскери бөлімдеріне өтініш бере алады. 
Қай кезде болмасын, еліміздегі офицерлер корпусы қоғамның элитасы болып, өскелең ұрпаққа үлгі болып келеді. Академия қабырғасында бойымызға біліммен қатар сіңірген адами қасиеттер, ақыл-ой мен физикалық қабілеттер өз ісімізде сұранысқа ие маман болуға және қоғамнан лайықты орнымызды табуға ықпал ететініне сенімдімін. Бұл ретте біздің академиядағы білікті педагогтар, командирлер мен мамандардың көмегі мол екенін айта кеткен жөн. Сөз соңында әскери білім алып, еліміздің Қарулы Күштерінде қызмет ету, киелі Отанымыздың қауіпсіздігіне үлес қосу – әрбір рухты азаматтың дұрыс таңдауы әрі борышы дегім келеді.

Бекзат СОПЫБЕК,
ҚР Ұлттық ұлан академиясының курсанты, қатардағы жауынгер.
Пікір қалдырыңыз