«Бірліктің қадірін білсек ел боламыз, білмесек кем боламыз»

Аңсар ӨСЕРБАЕВ, Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы:

Қазіргідей әлемдік геосаяси ахуал ушыққан шақта бірлік пен берекенің қадірі бұрынғыдан да артық сезіле түседі. ХХІ ғасырда адамзат парасат биігіне шықты-ау деген үміт ақталмай, көрші елдерде бейбіт тұрғындар өлім құшып, тұтас қалалар бордай үгіліп, халық миллиондап босып кетіп жатыр. Мұндайда ынтымаққа төр берген, этносаралық достықты нығайтуға барын салған Қазақстанның қазіргі күніне шүкір дейсің. Дана халқымыз «Байлық емес, бірлік – байлық» деп бекер айтпаса керек.
1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының басшысы Аңсар Өсербаевпен қоғамның осы құндылығы жөнінде кеңінен әңгімелесіп, көкейіміздегі сауалдарға жауап алған едік.

– Аңсар Жаңабайұлы, кез келген қоғам үшін бейбітшілік, қауіпсіздік пен тұрақтылықтың маңызы зор екені белгілі. Елімізде осы бағытты нығайта түсу үшін Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын. Аталған институттың бүгінгі қоғамдағы рөлі қандай, өз жұмысын лайықты деңгейде атқарып отыр ма?
– Қазақстанды түрлі этностар мен ұлыстардың ортақ Отанына айналдыруда  Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Елдегі тұрақтылықтың, этносаралық келісім мен бірліктің арқасында әлемдік кеңістікте Қазақстан өзіндік орны бар мемлекетке айналды. 1995 жылы 1 наурызда Ассамблеяның алғашқы сессиясы өтті. Содан бергі уақытта Қазақстан халқы Ассамблеясы этносаралық, конфессияаралық татулық пен ел бірлігінің пәрменді құралына айналды. Бүгінге дейін бұл ұйым көптеген игі істердің бастамашысы бола білді. Қазақстан халқы Ассамблеясы – конституциялық деңгейде қорғалған, қоғамға қажеттілігін дәлелдеген әрі дүние жүзінде баламасы жоқ институт. Ассамблея өзіне жүктелген міндеттерді жоғары дәрежеде атқарып келеді. Өркениетті елдер Қазақстан халқы Ассамблеясы бастамасын әлемдік қауымдастық арасында адами тұрғыдан ең ізгі идея екендігін даусыз мойындады. Бүгінде Ассамблеяға түрлі қайрымдылық іс-шараларын үйлестіру, қоғамдық келісім кеңестері мен аналар кеңестерінің қызметін жүргізу міндеттері жүктелді. Осындай жұмыстың тоқтамауы, үздіксіз болуы маңызды. Ассамблеяның басты ұраны – қазақ ұлтының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, этнос өкілдерін бір шаңырақ астына біріктіру. Бұған қоғам болып қолдау білдіруіміз қажет деп ойлаймын.
– Біздің елдегі қаңтар оқиғалары, қазір әлемде болып жатқан соғыс – өз қоғамының түпқазығы ретінде бірлікті айқындаған Қазақстан саясатының дұрыс болғанын дәлелдей, айқындай түсе ме, қалай?
– Өте дұрыс айтып отырсыз. 30 жылда тыныштық пен даму жолын таңдаған Қазақстанның саясаты толық үдеден шықты. 30 жыл бұрын таңдалған саяси бағыт өзінің өміршең екенін дәлелдеді деп ойлаймын. Әлбетте, соңғы онжылдықтар ішінде біздің қоғамда да этносаралық қарым-қатынасқа, сыртқы саясатымызға әртүрлі скептикалық көзқарас танытқандар болды. Егер біз осы 30 жылдың ішінде этносаралық қарым-қатынасты арнайы институттардың көмегімен реттеп, этностардың араласып-құраласып, ортақ мүддеде бірігуіне мұрындық бола алмасақ, бүгінгі күніміз не болар еді? Ұлты бөлек екі адамның кикілжіңі тұтас мемлекеттердің арасына сына қағып жатқанына куә болып отырған жоқпыз ба? Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 16 наурыздағы Жолдауында «Осы күндерде жұртымыз Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін жан-жүрегімен сезінді. Татулық пен тұрақтылық, тыныштық пен бейбітшілік  қаншалықты маңызды екенін жете түсінді» деп мәлімдеді. Қаңтар оқиғасынан кейінгі сөзі еді бұл. Меніңше, геосаяси жағдайлар Мемлекет басшысының осы сөзін тіпті шегелей түсті деп ойлаймын. Әлемтапырық заманда бірліктің қадірі бөлекше сезіледі. Сол себепті біз қоғамымызды алға жылжытатын осы құндылықты барынша қорғай да, сақтай да білуіміз керек!
 – Түркістан облысы – бірлік пен татулықтың ордасына айналған өңір. Бүгінде қаншама этнос өкілдері мекен етіп жатыр. Өзіңіз айтып отырған бірлікті нығайтушы этномәдени бірлестіктердің тыныс-тіршілігі қалай?
– Қазіргі таңда облыста екі миллионнан аса халық болса, оның ішінде 500 мыңға жуығы, яғни халықтың төрттен бірі – этнос өкілдері. Жалпы саны 11 облыстық этномәдени бірлестік жұмыс істейді. Олар – өзбек, славян, түрік, күрді, иран, тәжік, шешен-ингуш, татар-башқұрт, әзірбайжан, грек және «Ынтымақ» этномәдени бірлестігі. Сондай-ақ, олардың аудандар мен қалаларда 7 филиалы және 14 өкілдігі жұмыс атқаруда. Өңірде жыл сайын әр этномәдени бірлестік өзінің тілі, мәдениеті және дәстүрі күндерін атап өтуде. Түркістан облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы этномәдени бірлестіктер былтыр 218 іс-шара және 2022 жылдың басынан бері 35 іс-шара өткізді. Жыл басынан Кеңестер тарапынан аймақтардағы этносаралық татулықты сақтау және қоғамдық келісімді нығайту мақсатында 24 кездесу өткізілді. Этнос өкілдері үшін «Қазақтану» жобасы аясында мемлекеттік тілді меңгеруге де жан-жақты қолдау жасалуда. Қазірдің өзінде облысымыздағы этнос өкілдерінің 90 пайыздан астамы қазақ тілін жетік біледі.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған салтанатты жиында: «Қазақстандағы тыныштық пен тұрақтылық үшін ең алдымен, ел иесі – қазақ халқы жауапты» деген еді. Өңіріміздегі этностар арасындағы татулықты қамтамасыз етудің тетігі неде деп ойлайсыз? Жалпы, қазақтың бірлігі қандай болуы керек?
– Қазақтың айтулы үш биінің бірі Төле би бірде атақты Әнет бабаға сәлем бермекке келіпті. Қазаққа аты шыққан қарт би ынтымақ пен ырыс жайында сөз айтып отырса керек. Сонда жас Төле Әнет бабадан: «Қалай еткенде бірлік болады, оның мәні қандай болмақ?» деп сұраған екен. Бұған би бір топ буылған шыбықты ұсынып, осыны «сындырып көрші» десе керек. Жас Төле оны олай бір, бұлай бір иіп сындыра алмапты. Мұны көрген қарт би «Енді сол шыбықты біртіндеп сындыр» десе, ол бұл жеке шыбықтарды оп-оңай быртылдатып сындыра беріпті. Әнет баба жас баладан «Бұдан не түсіндің?» деп сұрағанда, Төле: «Мұның мәнісі – ынтымағы, бірлігі бар елді жау да, дау да ала алмайды. Онсыз тірлік жоқ!» депті. Сонда Әнет баба: «Дәл таптың, балам! Ел билеу үшін, ең алдымен, ауызбірлік, ынтымақ қажет! Бақ қайда барасың – ынтымаққа барамын дегеннің мәнісі осы» деген екен. Бабалардан қалған осынау өсиетті ұрпақ ұмыт қалдырмай, бүгін де, Қазақстан әлемге ынтымағымен танылған мемлекетке айналды. Рас, елдің де, жердің де иесі қазақ! Қазақстанның болашағы үшін ең бірінші кезекте ұрпақ алдында қазақтың өзі жауапты. Қазақ қазір ескі заманның дертінен арылып, рушылдық пен жікшілдікті ұмытып, технократ ұлтқа айналуы тиіс. Әр халықтың тарихын шолып қарасаңыз, құндылығын айқындай алмаған елдердің тарих сахнасынан өшіп кеткенін көресіз. Менің ойымша, бірлікті сақтай отырып, біз білімге төр беруіміз керек! Алаш арыстары өз мақсатының түпқазығы ретінде текке ұлтты ағартуды – басты мұраты етіп айқындап алған жоқ. Кешегі өткен Әлихан, Ахмет, Міржақыптар ең бірінші кезекте халықтың білімді болуына күш салды. Өйткені, білімді ұлт күні ертең кез келген елмен тең тұрып сөйлесе алатынын, өз мүддесін өзгеге бермейтінін білді олар! Жүз жылдан кейін де олардың жолы ескірген емес. Арыстардың аманатын бүгінгі Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев та сезініп отырғанын, сол үшін ең қажетті реформалар пакетін жариялап жатқанына куә болып отырмыз. Сол себепті меніңше, қазақтың бірлігі білімге, ағартуға негізделуі керек.
– Қоғамда түрлі адамдар тобы болғаннан кейін келеңсіз жағдайлар орын алуы мүмкін ғой. Осы орайда, этносаралық шиеленістердің қақтығыстарға ұласып кетуінің алдын алуда өңірде қандай жұмыстар атқарылуда?
– Түркістан облыстық Ассамблея хатшылығы бөлімі мен «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері облыстық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, этникалық топтар жинақы тұратын аудандардағы этнос өкілдері арасындағы туындауы мүмкін шиеленістерді анықтау және олардың алдын алу жөнінде тұрақты түрде жұмыстар жүргізуде. Биыл ақпан айының 1-17 күндері аралығында Түркістан облыстық ҚХА жанындағы ақпараттық-насихаттық топтың қатысуымен 13 аудан, қала тұрғындарымен «Агроөнеркәсіптік секторда прогрессивті технологияларды ілгерілету», «Бүгінгі келісім – мәңгілік бейбітшілік» және әскери міндет саласындағы заңнамаларды орындау қажеттілігі тақырыптарында кездесулер өтті. Әрине, ел болғаннан кейін кейде этностар арасында келіспеушіліктер, кикілжіңдер кездесетіні анық. Бұл ретте біз мамандармен этносаралық ынтымақтастық мәселесін жіті талдап, ұсыныстарды саралап, жолдап отырамыз.
Жалпы, облыс бойынша биыл тұрғындармен 56 кездесу өткізілгенін айта кетейін. Сондай-ақ, 2022 жылғы 30, 31 наурыз және 1 сәуір күндері ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мен құқық қорғау органдары бірлесе отырып, облыстағы жергілікті атқарушы, құқық қорғау органдары және білім саласының мамандарына арнап «Дағдарыстық және қақтығыстық жағдайларға әрекет ету алгоритмі» тақырыбындағы үш күндік семинар-тренинг ұйымдастырылды. Жалпы алғанда, өңірдегі этносаралық ахуалды тұрақты деуге болады. Өңіріміздегі түрлі этностар бір шаңырақтың астында қиын жағдайда бір-біріне көмектесіп, береке-бірлікте өмір сүруде. Облыстық «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлерімен облыс аумағында жергілікті тұрғындар мен этнос өкілдерінің арасындағы этносаралық ахуалды саралау мақсатында облыс тұрғындары арасында социологиялық сауалнама, фокус топтық зерттеу жұмыстары жүргізілуде.
– Мемлекет басшысының биылғы халыққа арнаған Жолдауынан не түйдіңіз?
– Жолдауды тыңдадық. Оқыдық. Міндеттер айқындалды. Енді Мемлекет басшысы тапсырған міндеттерді адал атқаруды көздейміз. Бүгінде елімізде 100-ден астам этнос өкілдері, яғни тегі әртүрлі, бірақ, мақсаттары ортақ қазақстандықтар бір шаңырақ астында еңбек етуде. Бұл халқымыздың ауызбіршілігін көрсетеді. Президент қоғамға нақты ойын білдірді. «Жаңа Қазақстанның» іргесін бірге қалауға шақырды. Береке-бірлігімізді сақтамасақ, жетістіктеріміздің бәрінен айырылып қалуымыз мүмкін екенін ескертті. Диалог пен мәміленің жоғары мәдениеті еліміздегі азаматтық ынтымақты арттыратын басты фактордың біріне айналатынын айтты. Мемлекет басшысы Жолдауда: «Біз ең басты құндылығымыз – Тәуелсіздігімізді сақтап, ұлттық бірегейлігіміздің негізін нығайтып, елімізді жаңғырту жолында ұйысуға тиіспіз. Бұл – болашақ ұрпақ алдындағы қасиетті борышымыз» дей келе, одан әрі бірлік принциптерін нығайта түсу маңызды екенін жеткізді. Көзбен емес, көкірекпен көре білсек, бұдан артық не деуге болады? Реті келгенде айта кетейін, облыс орталығында заманауи Достық үйі бой көтермек. Қазіргі таңда нысанның жобалау-сметалық құжаттамасы дайындалып жатыр. Оның құрылысы жақында басталады деп жоспарлануда, келесі жылы ел игілігіне беріледі. Жалпы алғанда халықтың рухын асқақтататын, елді біріктіруге, ұлтты тұтастыруға қызмет ететін іс-шаралар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғаса береді.
– Аңсар Жаңабайұлы, бірлік мерекесі қарсаңында ел тағдырына бей-жай қарамайтын ойлы оқырмандарға қандай тілек-пікір айтасыз?
– Ең бастысы – ел тыныштығы. Бұл пікір қолда бардың қадірін білмеу, еліміздегі тыныштықты, саяси тұрақтылықты, этносаралық жарасымды тиісінше бағаламау жақсылыққа соқтырмайтынын ескертеді. Президентіміз атап өткендей, біз жаңа Қазақстанда «түрлі көзқарас, бірақ, біртұтас ұлт» қағидатын берік ұстануға тиіспіз. Қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлы 6-шы қара сөзінде: «Бірлік – ақылға бірлік, малға бірлік емес» дейді. «Ақылға бірлік» идеясының мәні тереңде жатыр. Біздің ең басты байлығымыз – Тәуелсіз Отанымыздың бірлігі. Отанның қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді. Ортақ шаңырағымыздың әрбір жетістігіне елдегі тыныштықтың арқасында жетіп отырмыз. Біздің барымыз да, бағымыз да – халықтың бірлігі. Бұл ретте, бірлікті бекемдеу, қастерлеу – баршамыздың елдік, әрқайсысымыздың  перзенттік парызымыз.
– Ашық сұхбатқа уақыт бөлгеніңізге көп рахмет!

Сұхбаттасқан Баян ДАРҒОЖИНА, «Ońtústik Qazaqstan».


Пікір қалдырыңыз