«Мақсат – жоғары сапалы медициналық көмекке қол жеткізу»

Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы 
Асхан БАЙДУАЛИЕВ: 

– Асхан Мархабайұлы, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметтің кеңейтілген отырысында медицина саласында атқарылатын міндеттерге де кеңінен тоқталды. Мәселен, алғашқы медициналық көмек көрсету нысандарының барлығын жыл соңына дейін аяқтау жөнінде тапсырма берді. Жалпы, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық  жобасы аясында  қандай жұмыстар атқарылды?
– Облыста былтыр 49 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысандарының (20 – ДА, 23 – ФАП, 6 – МП) құрылысы жүргізіліп, желтоқсан айында толық аяқталды. Аталған нысандар денсаулық сақтау саласындағы ұлттық оператор «Turar Healthcare» коммерциялық емес акционерлік қоғамы тарапынан әзірленген типтік үлгілі жобаларды қолдану арқылы жүзеге асырылды. Облыста тозығы жеткен 58 медициналық-санитарлық алғашқы көмек нысаны бар. Биыл аталған нысандарды зерделеп, маңыздылығына қарап, 25 нысанды дайын ғимаратты сатып алу арқылы пайдалануға беру жоспарлануда. 
— Медицина саласына былтыр қанша қаржы бөлінді? Ол толығымен игерілді ме? Жетістігіміз қайсы, кемшіліктеріміз неде?
– 2024 жылға облыстық, жалпы сипаттағы трансферттер және республикалық бюджет қаражаты есебінен денсаулық сақтау саласына 31 440,4  млн. теңге қаржы қаралып, оның 31 394,3 млн. теңгесі игерілді. Көрсеткіш – 99,9 пайыз. Ал, қаржының толық игерілмеу себебі, cот сараптама орталығына арналған құрал-жабдықтардан 45,8 млн. теңге және мемлекеттік сатып алу қорытындысы бойынша 0,3 млн. теңге үнемделді. Атап айтқанда, мәйіттерді сақтауға арналған тоңазытқыш камера және криминалистикалық үстел сатып алуға 2024 жылдың 21 қазанында мемлекеттік сатып алу веб-порталында конкурс жарияланды. Конкурс нәтижесіне сәйкес, былтыр 22 қарашада жеңімпаздар анықталды. Алайда, конкурсқа қатысушы өзге әлеуетті жеткізушілер қорытынды хаттамаға келіспей, ішкі мемлекеттік аудит департаментіне шағым түсірді. Осыған байланысты келісімшарт түзілмей, қаржы игерілмей қалды.
Ал, биыл осы салаға 34 997 млн. теңге қаржы бөлініп, өткен жылмен салыстырғанда бюджет 3 556,5 млн. теңгеге өсіп, 10,1 пайызға көбейді.
– Медициналық нысандардың материалдық-техникалық базасына, тиісті құрал-саймандармен жабдықталуына көңіліңіз тола ма?
– Облыстың медициналық ұйымдары заманауи, диагностикалау мен аурудың алдын алуда маңызы зор жабдықтармен жасақталып келеді. Бұл өз кезегінде халықтың өмір сапасына оң әсер ететіні түсінікті. Мысалы, былтыр өңіріміздің медициналық ұйымдарына барлығы 574 дана әртүрлі құрал-жабдық сатып алынды. Жалпы, жарақтандыру негізінде, оның ішінде 15 дана ауыр медициналық құрал-жабдықпен (2  МРТ, ангиограф, 5 эксперттік санаттағы УЗИ, 3 видеоэндоскопиялық жиынтық, 1 видеогостроскоп, 1 АИК, 1 ЭКМО) қамтамасыз етілді. Ал, биыл қосымша 361 медициналық құрал-жабдық, оның ішінде 32 ауыр медициналық техника (2 МРТ, 3 КТ, 3 видеоэноскопиялық жиынтық, 2 с-дуга, 3 маммография, 3 флюорография, 5 эксперттік УЗИ, 3 рентген аппаратын) сатып алу жоспарлануда. Осылайша бүгінгі таңда Түркістан облысындағы медициналық мекемелердің техникамен жарақтандырылуы 85,22%-ды құрап отыр.
– Президент көпбейінді орталық аудандық ауруханаларды жаңғырту жұмыстары созылып кеткенін әділ сынап, бұл жұмыстарды келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды. Мұндай проблема біздің облыста да бар. Мәселен, Түркістан қаласындағы облыстық көпбейінді кешенді медициналық орталық қашан пайдалануға беріледі? Бұл нысанның құрылысы не себепті баяулап қалды? Ол қаржы тапшылығына байланысты ма, әлде басқа да себептері бар ма? Сондай-ақ, өзге де аудандар мен қалалардағы салынып жатқан денсаулық сақтау нысандарының құрылыстары туралы да айта кетсеңіз.
– Иә, Түркістан қаласындағы 570 төсек-орынды көпбейінді аурухана құрылысы  2020 жылдың мамыр айында мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында басталған. Жобаның тапсырыс берушісі – Денсаулық сақтау министрлігі мен «ATM Turkestan» ЖШС. Бүгінгі таңда жалпы құрылыс (ғимарат ауданы 83 277 м2) жұмыстарының 80,7%-ы аяқталды. Мұндағы жұмыс күші 110 адамды құрайды. Құрылысты 2025-2026 жылдары аяқтау жоспарланған. Сондықтан құрылысын баяу деп айта алмаймын. Нысан биыл жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.
Алдағы жылдары осы нысанды қоса алғанда ірі-ірі 7 жоба іске асырылмақ. Атап айтқанда, Сарыағаш қаласында 300 орынды перинаталдық орталығы бар көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 төсек-орынды заманауи медициналық орталық, Түркістан қаласында 200 орынды облыстық балалар ауруханасы, Мақтаарал ауданында 200 орынды аудандық аурухана салынады. 2021 жылы Түркістан қаласында Мұхаммед Бен Заид Аль Нахаян атындағы 80 орынды перзентхана құрылысы үшін Түркістан облысының әкімдігі 3,3 гектар жер телімін бөлген болатын. Абу-Даби қоры демеушілікті мойнына алса, конкурс нәтижесінде «Эристайл-Казахстан» ЖШС мердігер мекеме атанды. Алдағы уақытта құрылыс жұмыстары басталады. Сауран ауданында ауысымына 500 келушіні қабылдайтын емхана құрылысы жүргізілуде.
– Өңірдегі медицина саласына қандай жаңалықтар енгізіледі? Биылғы жоспарларыңызбен бөлісе отырсаңыз.
– Жағымды жаңалық ретінде атап өтер жәйт, 2023 жылдан бастап облыстық клиникалық ауруханасында бүйрек трансплантациясы отасы сәтті жүргізілуде. Алғашқы жылы 8 операция жасалса, өткен жылы олардың саны 15-ке жетті. Оның 14-і тірі донордан, ал, біреуі мәйіттік донордан алынды. Мәйіттік донордан жасалған трансплантация төрт адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бір бүйрек облыстық клиникалық ауруханасында, екіншісі Астана қаласындағы Ана мен бала орталығында трансплантацияланды. Шымкент қаласындағы «Жүрек орталығындағы» науқасқа жүрегі берілсе, ал, бауыры Алматы қаласындағы А.Н.Сызганов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығында трансплантацияланды. 
Облысымызда 8 дәрігер және 3 мейірбике трансплантология бойынша арнайы сертификаттарға ие. Біліктілігін арттыру мақсатында олар А.Н. Сызганов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы сияқты жетекші медициналық мекемелерде, сондай-ақ, Беларусь, Оңтүстік Корея мемлекеттерінде тәжірибелерін шыңдап қайтты. Биыл біздің дәрігерлер Түркия мен Қытайда тағлымдамадан өтуді жоспарлауда. 
Биыл облыстық клиникалық ауруханада өңірде алғаш рет тірі донордан бауыр трансплантациясы отасы сәтті жасалды. Бұл өңіріміздегі трансплантология ісінің дамуындағы маңызды қадам болды. Біз трансплантация саласын белсенді түрде дамытып, заманауи технологияларды енгізіп, мамандарымыздың біліктілігін жетілдіру үрдісін одан әрі жалғастырамыз. Бұл саланың келешегі зор. 
Сонымен қатар, өңір халқына облыстық клиникалық ауруханасының базасында онкологиялық орталық қызмет көрсетуде. Мұнда 40 төсек-орынға арналған онкохирургиялық бөлімше, 65 төсек-орынға арналған химиотерапиялық бөлімше және 14 төсек-орынды күндізгі стационар бар. Онкологиялық орталықтың онкохирургия бөлімшесінде былтыр 1012 науқас ем алып, 994 ота жасалды, 75 адамға эмболизация жасалды. Химиотерапия бөлімшесінде жыл басынан бері  тәуліктік стационар бойынша 3786 науқас ем алды. Ал, күндізгі бөлімде 1 235 науқас емделді.  
– Сұрақты сіздің мамандығыңызға қарай бұрсақ. Осыдан бес жыл бұрын елімізде ер кісілердің 65 пайызы денсаулығына қарамайды деген дерек айтылған-ды. Шындығына келгенде, ерлердің саулығы да ұлттың байлығы. Десек те, простатит, аденома аурулары белең алып, көптеген азаматтар белсіздікке ұрынуда. Облыстық клиникалық аурухана бұрын Жарбосынов атындағы урология институтымен бірлесіп, шеберлік дәрістерін ұйымдастыратын. Қазір бұл жұмыстар саябырсып қалғандай. Уролог маман ретінде бұған не айтасыз? 
– Облысымызда «Ерлер денсаулығы және отбасылық ұзақ өмір сүру» орталығы бар. Ол көпсалалы облыстық аурухананың құрылымдық бір бөлімшесі болып табылады. №1 консультативті-диагностикалық емхананың базасында ұйымдастырылған бұл құрылым өз қызметінде облыстық аурухананың барлық емдеу-диагностикалық және қосымша бөлімшелерін пайдаланады. Орталықтың ашылуына бірнеше маңызды себептер болды. Нақты айтқанда, ерлер арасында жүрек-қан тамырлары ауруларының жоғары деңгейде (жалпы өлім-жітім бойынша бірінші орында) болуы, қауіп факторларының (артериялық гипертензия, гиперхолестеринемия, темекі шегу, семіздік, алкогольді тұтыну, гиподинамия) уақтылы анықталмауы, ерлерге арналған арнайы орталықтардың тапшылығы, еліміздегі демографиялық жағдайдың (туу деңгейінің төмендеуі, ерлер арасындағы бедеуліктің көбеюі, ерлер мен әйелдер арасындағы өмір сүру ұзақтығының үлкен айырмашылығы және т.б.) нашарлауы өзекті болып тұр. Бұрын пациенттер әртүрлі медициналық орталықтарда емделетін. Медициналық қызметтердің қымбатшылығы, ауылдық жерлерде жеке мамандардың (уролог, кардиолог, т.б) жетіспеушілігі мен диспансерлік есепке алу және динамикалық бақылаудың жоқтығы теріс нәтижелерге және жүргізілген емнің тиімсіздігіне әкелді.
Ерлер денсаулығы орталығына диспансерлік есепке әртүрлі урологиялық патологиясы бар 500-ден астам ер адам алынған. Олардың ішінде туа бітті пайда болған және жасының ұлғаюына байланысты гипогонадизмі бар 82 адам, эректильді дисфункциялы дертпен – 124, бедеулікпен – 174, созылмалы простатит, копулятивті дисфункциялы кеселмен 42 адам тіркеуде тұр. Олар андрологтың кеңесін алып, зертханалық зерттеулерден өтеді. Көрсеткіш бойынша кардиолог, эндокринолог, уролог мамандардың кеңесі беріледі.
Түркістандық тұрғындарды МӘМС-ке тарту ісі аяқталды ма?  Оларды дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету ісі қай деңгейде? 
– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесімен облысымызда азаматтардың 83%-ы қамтылған. Халықты МӘМС жүйесіне тарту жөнінде Түркістан облысы бойынша әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен және мемлекеттік органдармен өңірлік штаб құрылып, қала-аудан әкімдіктеріне тапсырма беріліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Өңір тұрғындарын дәрі-дәрмекпен қамту бойынша да бірқатар жұмыстар атқарылған. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 15,9 млрд. теңгеге дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың 549 түрін сатып алуға өтінім беріліп, бүгінгі күнге дейін «Д» есепте тұратын 213 665 науқас жалпы сомасы 16 882 419 мың теңгенің дәрі-дәрмегімен қамтамасыз етілген. Соның ішінде, 18 жасқа дейінгі 64 257 науқасқа 3 523 275 мың теңге қаржы қарастырылған.
Біздің басты мақсатымыз – пациенттерге өз өңірінде, басқа қалалар мен елдерге бармай-ақ, жоғары сапалы медициналық көмек алу мүмкіндігін қамтамасыз ету. 
– Жұмыстарыңызға табыс тілейміз! Әңгімеңізге рахмет! 
            
 Сұхбаттасқан 
Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».
Пікір қалдырыңыз