«Аупарткомды емес, жүрегімді тыңдадым»

Тарихшылар «ХХ ғасырдың 40-50 жылдары да Қазақстанда жартылай ашаршылық болды» деп жазып жүр. Бұл сөзді көнекөздер де растайды. Елде тойып ас ішетіндер аз еді. Медицинаның дами қоймаған кезі, дәрігерлер де аз. Жұқпалы қызылша ауруы талай баланы баудай түсіріпті. Осылай ашаршылық жағадан алып, қызылша алқымнан алып тұрған шақта соғыс өрті бүкіл елді дүрбелеңге салды. Ол бір қиын күндер еді. Елдегі 18-ден 45 жасқа дейінгі азаматтар әскерге алынып, соғысқа кетті. Ауылда қария кісілер мен әйелдер және балалар ғана қалды. Колхоздың барлық тірлігі солардың мойнына түсті. Осынша қиындықтарға қарамастан олардың оқуға деген құштарлығы ерен еді. Солардың бірі — ұлағатты ұстаз, Төлеби ауданының құрметті азаматы, Қазақ КСР халық ағарту ісінің озық қызметкері, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері Құрбан Нұрымбетов таяуда 90 жасқа толды. Ол тау етегіндегі Нысанбек ауылында 1935 жылы наурыз айында дүниеге келген.
Қыста мектепке жалаңаяқ та барғанмын...
– Құреке! Сіздің балалық шағыңыз қалай өтті? Ол кезде соғыс зардабын тартпаған отбасы кемде-кем еді ғой. Әңгімені осыдан бастасақ...
– Әкем Нұрмағамбет Әжібаевтан 12 жасымда жетім қалдым. Ол кісі колхозда қойма бастығы болып жұмыс істеген. Жеңгелері әкемді Нұрымбет деп атап кеткен. Қарындасым Зейнеп екеумізді анам Қанымкүл бағып-қағып өсірді. Біздің ауылда мектеп жоқ, көрші ауылға жаяу қатынап оқимыз. Құрдастарым Көпбосын Панзабеков, Тасболат Тойшиев екеуміз сабақты тек «беске» оқимыз. Бірде қыста коньки теуіп жүріп, етігімнің табаны түсіп қалды. «Мектепке бара алмай қалатын болдым» деп түнімен жыладым. Ертеңіне шөп артқан есекке мініп, аяғымды шүберекпен байлап мектепке бардым. «Бір оқушы сабаққа жалаңаяқ келді» деп мұғалімдерден естісе керек, Тұрсынбаев деген директорымыз келді де: «Үйіңе қайт» деп ұрысты. Мен қайтпадым. Сол күні бес пәннен бес алдым. Сөйтіп, сабақ біткен соң есегіме қайта мініп, үйге оралғаным әлі есімде. Келсем, әкем етікті тігіп қойыпты...
Жарықтық жасы ұлғайып 1947 жылы қайтыс болды. Анам мен қарындасымның ендігі арқасүйері өзім екенін түсіндім. Қандай жұмысты да ауырсынбай, жұрт қатарлы жер аудардым, егін ектім, шалғыорақпен шөп те ордым. Пішенді қоға мен шашыратқы шөбімен баулап, тамның төбесіне төртбұрыштап, су өтпейтіндей етіп жинаушы едік. Шаруашылықта егін егу және астық жинау жұмыстары түгел қолмен атқарылады. Техника атымен жоқ. Әйелдер егін орып, қырманды қызыл дәнге толтырады. Сөйтіп астықты майданға жөнелтетін. Түнде анам майданға шұлық пен қолғап тоқиды. Орылғын астықты қос өгіз қосқан арбамен қырманға тасу – азап. «Соб» немесе «сәбе» деп дауыстап, қамшы үйіріп, өгіздерді оңға және солға бұрып жүргіземіз. Қырмандағы бидай, арпа, сұлы, тары дақылдарының сабағынан дәнді ажыратып алу үшін «уал» немесе «тоқылдақ» бастырылады. «Уал» дегеніміз жас шыбық, тікенекті ағаштардан жалпақ етіп буылған, ені 1 метр, ұзындығы 2-2,5 метр болатын сүйретпе. Ал, ұзындығы 70-90 сантиметр, ені 50-60 сантиметр дөңгелек цилиндр сияқты тас «тоқылдақ» деп аталады. Біздің балалық шағымыз осы уал мен тоқылдақтың қасында өтті.
Құжатыма Маркстің туған күнін жаздыртып алып ем...
– «Біздің буын ашқұрсақ жүрсе де білім іздеп, құштарлықпен оқыды» деген ойды айтқыңыз келіп отыр ғой...
– Иә, тура солай. Алдымен ауылдағы бастауыш мектепте, кейін көрші Диқанкөл елді мекеніндегі жетіжылдық мектепте білім алып, сосын аудан орталығы – Көксәйектегі (Георгиев) орыс-қазақ орта мектебіне барып оқуға тура келді. Тамыз айының кезі. Диқанкөлде ешқандай құжат сұраған жоқ еді. Туған жылым туралы осы уақытқа дейін әке-шешем айтпаған екен. (1935 жылы наурыз айы екенін кейін білдім). Мұнда жетім балаларды жатқызатын интернат бар екен, балаларды тегін тамақтандырады. Соған анықтама керек болды. Георгиев мектебі менен туу туралы куәлік (метрике) талап етті. Көксәйек ауылдық Кеңесінің қабылдау бөлмесінде отырмын. Қабырғаға көз тастасам, Маркс, Энгельс, Ленин, Сталин сияқты партия көсемдерінің портреттері ілулі тұр. Астында туған жылдары, айы мен күндері жазылған. «Енді туған күнімді қалай айтсам?!» деп ойланып отырып, Карл Маркстің туған күнін көріп, соған тоқтадым. Ауылдық Кеңес хатшысы Құрбан Тұрашбеков жайдары кісі еді, күліп қарсы алды. Оған «1936 жыл, 5 мамыр деп жаздырттым. (Жасымды бір жыл кішірейтіп алыппын). Сегізінші сыныптан Георгиевкада оқыдық. Математикадан беретін мұғалімдеріміз өте білімді болатын. Соларға еліктедім. Қаныш Сәтбаев сияқты геолог та болғым келді. Тау кезіп, кен инженері болсам деп те қиялдадым. Онжылдықты бітіргеннен кейін 1953-1954 жылдары шешем «Алматыға жүретін жолыңа» деп 50 сом жинап берді. Ол кезде 50 сомың екі қойдың құны ғой. Көксәйекке жаяу тарттым. «Шымкенттегі бұрынғы 2 жылдық педучилище педагогикалық институтқа айналды» деген хабарландыруды радиодан айтты. Көп ойланбастан соған құжат тапсырдым. Талапкерлер көп. 8 пәннен емтихан тапсырдық. Мыңнан астам абитуриент құжат өткізді, ал, қабылданатыны – 150. Сөйтіп, физика-математика-сызу факультетіне түсіп, студент атандым. Оны 1959 жылы бітіріп шықтым.
Ұлы мұғалім шабыттандырады
– Мұғалімнің барлығы ұстаз атана алмайды. Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің «Әрбір сабақ – үйрену, ұғыну, ұлағат» деген сөзі бар екен. Яғни жәй мұғалім – хабарлайды, жақсы мұғалім – түсіндіреді, керемет мұғалім – көрсетеді, ұлы мұғалім – шабыттандырады. Ал, сіз қандай ұстанымды басшылыққа алдыңыз?
– Әділдік және шындық! Осы екі қасиет менің негізгі ұстанымым болды. Қызметте де шыншыл болуға тырыстым. Алғашқы еңбек жолымды Созақ ауданы, Құмкент кеңшарындағы Мұхтар Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім болып бастадым. Бір жылдан кейін елге қайтуға тура келді. Леңгір (Төлеби) аудандық оқу бөлімінің бастығы Базарбай Махановтың қабылдауына кірдім. Басшы Балдыберектегі жетіжылдық мектепке барасың деді. Кейін мәлім болғанындай, 7-сыныптың 27 оқушысы жазғы емтиханда математика пәнінен түгел екілік алып, күзгі сынға қалған екен. «Сол сыныпқа консультация өткізіп, дайындайсың. Ал, 23 тамызда емтихан алып келесің» деді. Ауданда қалатын жалғыз мүмкіндік осы болғандықтан келіспеске амалым қалмады. Тапсырма орындалды. Сөйтіп, Қасқасу ауылындағы Куйбышев (Бексейіт Түлкиев) атындағы орта мектепке жұмысқа тұрдым. Мектеп директоры Әмір Абдусаттаров еді.
Мен сабақта әрбір тақырыпты ынты-шынтыммен түсіндіруге тырысатынмын. Мектепте белсенді мұғалімнің бірімін. Комсомол ұйымының хатшысымын. Партия қатарына да қабылдады. Оқушылардың математикаға қызығушылығы да жақсы. Математика мамандығын таңдағандар көп болды. Олардың арасынан Еркін Айтбаев математика ғылымының докторы атанып, Шымкент технологиялық институтында ұстаздық қызмет атқарды. Ермек Қамбаров та докторлық диссертациясын сәтті қорғап, Жамбылда, кейін Шымкент технологиялық институттарында оқытушы болды.
Табандылық таразыға түскенде
– Ал, билік баспалдағына қалай келдіңіз?
– Жаңылмасам, 1966 жыл болу керек, Леңгір аупарткомының бюросына шақырды. Бірінші хатшы Александр Леонтьевич Барданов Ақжар ауылындағы тоғызжылдық мектепке директор болып баратынымды хабарлады. Мені бұл қызметке аудандық партия комитеті үгіт және насихат бөлімінің меңгерушісі Тұрмысбек Ахметов ұсынған екен. Кабинетте бюро мүшелері мен біраз адамдар отыр. Бірінші хатшы менің жетістіктерім жайлы білетіндігін айта келе:
– Сені Ақжар мектебіне директор қызметіне ұсынып отырмыз, қалай қарайсың? – деді.
Ауданда ондай мектеп барын да білмейді екенмін, дағдарып қалдым да:
– Александр Леонтьевич, мен физика-математика пәнінің мұғалімімін. Өз мамандығымды жақсы көремін. Мектепте мұғалім болып қалайыншы... – деп орыс тілінде дұрыс жауап беруге тырыстым.
Бірінші хатшы жанындағыларға күле қарап «сіздер не дейсіздер?» деп сұрады, ешкім үндемеді.
– Онда мейлі, жұмысыңды істей бер, – деп шығарып салды. Комсомол мүшесі болғандықтан еркімнен тыс бұйрық беруге батпаса керек.
Аупартком мұнымен мені жайыма қалдырған жоқ. Алдымен КОКП мүшелігіне кандидат етіп қабылдады. Сосын: «Саған партиялық тапсырма! Ақжар мектебіне қалайда директор болып барасың!» деді. Көнбеске амал қайсы?! Оның үстіне, Ақжар кеңшарының сол кездегі директоры Балта Тоқбергенов мені сыртымнан жақсы біледі екен. Үлкен үміт артыпты. Сол кісінің өтінішімен келгенімді кейін естідім.
Сонымен, Ақжардағы мектепті 8 жылдай басқардым. Балта ағамның сенімінен шықтым ғой деп ойлаймын. 1974 жылы аудандық партия комитетінің және халық депутаттары аудандық Кеңесі атқару комитетінің шешімімен Калинин ауылдық Кеңесіне төраға болып сайландым. Бұл қызметтің жауапкершілігі өте жоғары еді. Тұрғындардан ет және сүт өнімдерін жинап, оны мемлекетке өткізу жоспарын орындауға күш салдық. Елдің жағдайын бақылауда ұстадық. Екі мәрте аудандық кеңестің депутаты болып сайландым. Үш жылдай жұмыс істеген соң «Диқанкөл» орта мектебін басқару жүктелді.
Оқушылар жыл сайын ұжымшардың жеміс-жидек, егін жинау жұмыстарына қатысып жүрді. Үш жыл солай болды. Төртінші жылы бригадир «Бастық сізге 5-10-сынып оқушыларын картоп жинауға алып барсын деді» деп хабар айта келді.
Ойлап қарасам, ол алқап ауылдан 6-7 шақырым қашықтықта. «Оқушыларды көлікпен апару керек, жаяу апара алмаймын» дедім. Үш рет айтты, үшеуінде де көнбедім. Төртінші күні аупарткомның бірінші хатшысы Иван Константинович Кирпичкин телефон соқты. Аудан басшысы екенін танып тұрмын:
– Нұрымбетов, сен не істеп жүрсің? Тез арада оқушыларды картоп жинауға апар. Түсіндің бе?
– Заң бойынша оларды 3 шақырымнан ұзақ жерге жаяу жібере алмаймын.
– Саған не керек өзі?!
– Аупарткомнан немесе аудандық оқу бөлімінен рұқсат қағаз...
– Көрсетемін саған!..
Ол телефон трубкасын қоя салды. Осылайша биліктің заңсыз талабын орындаудан бас тарттым. Оларды емес, жүрегімді тыңдадым. Мәселемді бюрода қарады. Партиялық билетіме қатаң сөгіс жазылып, қызметіммен қоштастым. Бес жыл бойы тұрған суретім Құрмет тақтасынан алынды.
– «Халыққа қызмет ету білімнен емес, мінезден» дегендей, қызыл компартияның билігіне қарсылық көрсетіп, табандылық танытқан екенсіз! «Өзіңе сен, өзіңді алып шығар, еңбегің мен білімің екі жақтап» деп ұлы Абай айтқандай, мықты педагог екеніңізді қалай дәлелдедіңіз?
– Өз біліміме сенімді болғандықтан қызметтен кеткеніме қатты өкіне қойған жоқпын. Қасқасудағы Куйбышев атындағы мектепке кітапхана меңгерушісі болып кірдім. Қосымша математикадан 10 сағат берді. 1985 жылдан жоғары сыныптарға сабақ бердім. Бұл кезде Полат Аюбаев директор болып келген еді. Жастың аты жас қой, мектептегі педагогикалық жұмыстар жолға қойылып, іскерлігімен таныла бастады. Одан кабинет сұрап, мүмкіндігінше талапқа сай жабдықталатынын айттым. Екінші қабаттағы 13-ші кабинетті бекітіп берді. Сабақ бере жүріп, кабинетті жабдықтаумен айналыстым. Мектепте қолданылмай жатқан «электронды математикалық сынып» аппаратын 15 партаға орналастырдым. Үйге берілген және тақтада шығарылған есептердің жауабын бесеуден жазып, оқушылардың алдындағы 5 батырма арқылы дұрыс деп біреуін басатын жүйе құрастырдым. Қазіргі тест сияқты ғой. Ал, мұғалімнің алдындағы тақтайшада дұрыс жауапты кімдердің тапқаны көрініп тұрады.
Математиканың негізгі формулалары шыныларға жазылып, тек қажетті уақытта көрсететін электрлі тақтайша түрінде тақтаның үстіне орналастырылды. Планиметрия мен стереометрияның формулалары мен макеттері сымдар мен шынылардан жасалынып, бөлменің артқы қабырғасына көрнекі құрал ретінде қойылды. Электрлі математикалық ойын тақтасы мен түрлі планшеттер қолдан жасалды. Түрлі слайдтар мен киноленталарды көрсететін проектор мен кино аппараты қондырылды. Бұлардың барлығын басқаратын, қосып және ажырататын тетіктер мұғалімнің үстелінде орналасқан еді. Осы кабинетті толық жабдықтауға бір жарым жылдай уақытым кетті.
Оқушы толықтай білім алуы үшін мынадай үш қабылдау жүйесі болуы керек. Біріншіден, құлақпен есту, екіншіден, көзбен көру, үшіншіден, қолмен ұстап, түйсіну. Менің кабинетімде осы үш фактор да ескерілді деп ойлаймын. Қайтарымы сол, оқушылардың математика сабағына құштарлығы артты.
Министрден мақтау алған
– Жаңылмасам, 1987-1988 оқу жылында республиканың Оқу министрінің өзі бастаған комиссия біздің облысқа келіп, Шымкент қаласы, Жетісай, Созақ және Леңгір аудандарына бөлініп, тексеру жұмыстарын жүргізді. Сол комиссия мүшелері Қасқасудағы Куйбышев атындағы мектепте сіздің сабаққа 3 рет қатысқаны есімде қалыпты. Аудандық газетке «Азаматтық формуласы» – педагог Құрбан Нұрымбетовпен болған 45 минут сұхбат» деген материал жазған едім.
– Иә есімде, республикадан келген комиссия мүшелері жұмысыма жоғары баға берді. Мақтағанды кім жек көрсін, ондай жабдықталған математика кабинеті Алматыда да жоқ еді. Бұл кісінің сабақ беру тәсілдерін озық тәжірибе ретінде тарату керек деді. Республикалық тексерудің қорытындысы бойынша сол кездегі министр М.Жолдасбеков баяндама жасады. Шүкір, менің оқу-тәрбие жұмысымдағы жетістіктерімді, сабақ берудегі әдіс-тәсілдерімді дәріптеді.
Тәжірибем аудан, облыс, республика көлемінде таратылды. 1993 жылы шығармашылықпен жұмыс істейтін мұғалімдердің облыстық слетіне қатысып, жеңімпаз атандым. 1995 жылы жалпы білім беретін мектептердің арасында оқытудың техникалық құралдарымен жабдықталған «Пәндік жақсы кабинет» І республикалық байқауына қатысып, аудан мен облыста бірінші, республикада үшінші орынды иелендім. Сөйтіп, 1995 жылы зейнеткерлікке шықтым. Мұғалімдердің бүкілодақтық съезіне де делегат болып сайландым.
Суретімді ауданның Құрмет тақтасына қайта ілді. Аупарткомның бюросында мені облыстық партия конференциясына делегат етіп сайлады. 700-дей адам қатысқан форумға аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы Әбдікерім Бектаев екеуміз бардық. Ыбырай Алтынсарин төсбелгісін облыста алғаш алғандардың қатарындамын.
Математикадан тереңдетіліп оқытылатын сыныптарды министрлік ашқандықтан оны жабуға болмайды екен. Ал, біздің мектепте ондай мұғалім жоқ. Сондықтан басшы зейнеткер болсам да жұмысымды жалғастыруға мүмкіндік берді. Тағы 14 жыл еңбек еттім. 1959-2009 жылдар аралығындағы еңбек өтілім – тура жарты ғасыр...
Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ.