«Бір-ақ мақсатымыз бар, ол – оқырмандарға адал болу!»

Марина ЛИМАРЕНКО,
облыстық  «Южный Казахстан» 
қоғамдық-саяси газетінің директор-бас редакторы:

– Марина Анатольевна, әріптес әрі қанаттас басылымдар ретінде «Оңтүстік Қазақстан» газетінің шығармашылық ұжымы мерейтойларыңызбен шын жүрекпен құттықтаймыз! Айтыңызшы, бір ғасырлық белесте қандай жетістіктерге жеттіңіздер?
– 100 жыл! Бұл – сирек құбылыс! Ғасырлық мерейтой! Бұл – кез келген редакцияның маңдайына жазыла бермейтін тағлымды тағдыр. Үлкен сый! Сүйіншілеп айталық, осы мерзімде біздің басылым жаңа тыныспен, соны леппен өмір сүріп келеді, алдағы кезеңдеріміз де жарқын болады деп сенеміз. Біз – бүгінгі «южныйказахстандықтар»  өзімізді бақытты санаймыз. Өйткені, жарқын заманның жаңа тынысын жазып келеміз.
Шындығында, ғасырлық мерейтойды газет редакциясы қандай жеңістермен, қандай жетістіктермен қарсы алды? Менің осы газетті басқарып келе жатқаныма 16 жыл болыпты.  Басылымның байыпты да тағлымды болып шығуына барлық күш-жігерімді салып келемін деп айта аламын. Басшы ретінде журналистерді жақсы жазуға жетелей білумен қатар, қандай жағдайда да дұрыс шешім қабылдай білуге үйреттім.  Басшы – ұжымның ұйытқысы әрі ұстаз. Міне, осындай жағдайда ғана ұжым басшымен ортақ тіл табыса алады.
Ұйымшыл ұжыммен ақылдаса келе ғасырлық мерейтойымызды жыл бойы атап өтуге бел байлап отырмыз. Қашанғыдай оқырмандарымызға қызықты да мазмұнды мақалалар, танымдық материалдар беруді тоқтатпаймыз. Бұл туралы оқырмандарымыз газеттің әр нөмі-рінде білетін болады.
Мерекелік іс-шаралар туралы газетіміздің тілшілері әр нөмір сайын жазып келеді. Менің бір жерден «тілші мен бал арасы ұқсас» дегенді оқығаным бар. Расында, тілшілер де ел-елді аралап, өндіріс орындарына барып, оқырмандарға керекті тұщымды деректер жинайды. Олардың ұмтылысы мен еңбектеріне қарап отырып, ойыма кәдімгі еңбекторы ат келеді. Мұндайлар өз тапсырмаларын шабандоз сияқты жылдам да сапалы орындайды. 
– Солардың ішінде қай тілшілерді  ерекше атап өтер едіңіз?
– Біздің бір ғасырлық тарихымызда тілшілердің еңбегі ерен. Атап айтсақ, Татьяна Корецкаяны біз өз мамандығының білгірі ретінде үлгі тұтамыз. Ол өзекті тақырыптарды қозғаудың шебері. Журналистік зерттеулері көптің көкейінде жүрген мәселелермен үндесе кетеді. Оның өткір қаламынан мемлекеттік құрылымдарға арналған редакциялық сауалдар, құқық қорғаушылардың міндеттері мен жауапкершіліктері туралы қаншама мақала дүниеге келді десеңізші. Оның жадынан небір айтулы оқиғалар мен айғақтар, деректер ешқашан шыққан емес. Біз оны тірі энциклопедия деп мақтаныш етеміз. 
Игорь Лунин – жазудың нағыз шебері. Ол бұрын полицияда жұмыс істеген. Осы қызметтен журналистика саласына келіп, сөз өнерін қалай тез меңгергеніне қайран қаламыз. Сөз оралымдарын шебер ойнатып, оқырмандарға қызықты дүниелер ұсынады. Проблемалық материалдарға батыл барып, өткір сын айтады, кемшіліктерге көзжұмбайлық танытпайды. Кез келген тақырыпта жазған материалдарында оқиғаға, жағдайға оң баға бере біледі.
Ирина Притула жан-жақты, білімді әрі бәріне үлгере біледі.  Жауапты хатшының орынбасары ретінде ол тілшілермен  қоян-қолтық жұмыс істейді.  Облысымыздағы үш ауданға жауапты, іссапарларға жиі шығады, газетке жазылымды ұйымдастырады,  даладағы науқанды жұмыстардан репортаждар жүргізеді, еңбекшілермен етене сөйлеседі, үнемі ізденіс үстінде  жүреді, оқырмандардың сұраныстары бойынша жауап қатады. Сонымен қатар авторлардың хаттарымен де жұмыс істейді.
Шығармашылық жұмыстарымен оқырмандар ілтипатына бөленіп жүрген журналистеріміздің бірі – Берік Монтаев. Ол жол-жөнекей репортаждар жазады.  Еңбек адамдарының ортасында болып, қызықты сұхбаттар жазады, оларға көмек көрсетеді. Оның репортаждары ерекше  әсерлі шығады. 
Қаламы жүйрік тілшілеріміздің бірі – Татьяна Бурдель. Ол медицина тақырыбына төселген. Осы саланың проблемалары, аурухана, дәрігерлер өмірі, адамдарды ажалдан құтқару жайындағы мақалалары өзектілігімен құнды. Газетке оқылымды дүние керек болғанда ол біздің құтқарушымыз да. Оның жан-тәнімен жазған мақалаларын соңғы нүктесіне дейін сүйсініп оқисыз. 
Редакциямыздың бет-бейнесі суретшінің еңбегіне тікелей қатысты. Осы орайда Владимир Привалов табиғат көріністерін бейнелеген суреттерімен таң қалдырады. Ол өлкетанушы ретінде де танымал. Ел тарихы, көне дүниелер құпиясы, ескерткіштер сыры туралы айтары көп. Владимир өңіріміздің бай тарихы туралы көптеген тамаша туындылар жазды. Оның әр сапарындағы басынан өткергендері сахна сыртындағы көріністерге, интеллектуалды шоуларға, концерттерге сұранып-ақ тұр. 
Қызықты оқиғалар мен ғажайып адамдардың өмірі туралы жазудың тағы бір шебері – Салтанат Әбдіжаппарова.  Оның материалдары фотосуреттермен үйлесіп, жарасымды шығады. Жазбалары сонысымен де құнды. Тындырымды, берген тапсырмаларды дер кезінде орындайды. Мұндай маман ұжымда жоғары бағаланады. Ол өз кейіпкерлерін адаспай, дөп табады. Біз оның мақалаларынан өмірімізді қалай жақсартуды, жан дүниемізді қалай тазалауды үйренеміз. Туған жерінде кім адал жұмыс істесе,  бақытқа да сол жетеді. Салтанаттың мақалалары осылай сыр шертеді.
– Бас редактор ретінде, осы салада ұзақ жылдардан бері жүрген тәжірибелі маман ретінде бүгінгі журналистика қандай болуы керек деп есептейсіз?
– Кез келген журналистік ұжымда кері байланыс болуы шарт. Бұған қалай жауап берер едіңіз? Алдыңғы буын тәлімгерлерден білуімше, тәртіп бұзушылықтар мен кемшіліктер туралы сын мақалалар жазуға ешқашан тыйым болмаған көрінеді. Қазір заң басқа, заман басқа. Біз бүгінде заңсыз ағаш кесу, ауру балаларға керекті дәрі-дәрмектің уақтылы берілмеуі туралы мың рет жазғанымызбен шығар қорытынды жоққа тән. Кейде  әкімдіктерге  сауалдармен шығамыз. Тіпті, телефонмен жауап қатуды артық көретіндер бар. Бірақ, «су ағады, тас қалады» деген бар, қалайда қоғамдық пікір тудыруды, оқырмандар тілектерін орындауды басты парызымыз санаймыз. Билік біздің үн қатуларымызға жауапкершілікпен қарайды, кемшіліктерге атүсті қарамай, тиісті қорытынды шығаруға әрекет жасайды.  Мемлекеттік мекемелер мен құқық қорғау органдары сынды түсіністікпен қабылдайды. Кейбір кедергілерге қарамастан, біз халықтың сөзін сөйлеуден бас тартпаймыз.
– Сіздер газет шығарумен ғана шектеліп қалмай, түрлі мәдени іс-шараларға да ұйытқы болып жүрсіздер. Осы жөнінде өз аузыңыздан естісек деп едік.
– Жыл сайын өткізетін «Масленица» халықтық мерекесі – халықтар достастығының кепілі. Бұл дәстүрлі мерекеде біздің ұжымның бірлігі, ұйымшылдығы анық көрінеді. Мереке барысында түрлі ойындар, спорттық жарыстар өтеді.
Жас орындаушылардың «Казахская Романсиада» халықаралық байқауы, «Детская Романсиада» байқауы – бірегей жобаларымыз. Сирек музыкалық жанрларда жаңа тұлғалар танылып келеді. «Играй, гармонь» фестивалі халықтық музыкалық аспаптарда шебер орындаушыларды елге танытуда. Оқушылар арасындағы тақырыптық шығармалар жас қаламгерлерді сөз құдіретін тануға, кітапқұмарлыққа, классикалық және заманауи әдебиетті оқуға бастамашы болып келеді. «Новое поколение» атты олимпиада болашақ мамандарды туған өлке тарихымен таныстыруға, білімдерін жетілдіруге бағытталған. Осының бәрінің ұйытқысы – 100 жылдық тарихы бар біздің газет.
Сонымен, біздің «Южный Казахстан» газетіне 100 жыл толып отыр.  Бас редактор ретінде сүйікті газетіме өз ұстанымымда қалып, құдіретті сөзге адал болып, сондай-ақ, жаңа форматта жұмыс істеп, замандас оқырмандармен тығыз қарым-қатынаста бола беретінімізді жеткізгім келеді. Оқырмандар сұранысына ие, олар іздеп жүріп оқитын маңызды дүниелер жазу, талантты журналистер тәрбиелеу дәстүрлі жұмысымыз болып қала бермек. 
Бұл мерейтой айтулы күн  болып ғана қалмауын тілейміз. Алдағы уақытта да басылым өз оқырмандарын жақсы жаңалықтарымен қуанта беретініне сенемін.
Мерекелеріңізбен, оқырмандар!  Тағдыр газетке бұдан да ұзақ ғұмыр бергей!
– Әсерлі әңгімеңіз үшін рахмет! Тойларыңыз тойға ұлассын!

Сұхбаттасқан  
Сабырбек ОЛЖАБАЙ,
«Оңтүстік Қазақстан». 
Пікір қалдырыңыз