«Инвестиция ел игілігін еселейді»

Төлеби ауданының әкімі Еркеғали Әлімқұлов:
Тау етегінде орналасқан Төлеби ауданының табиғаты туризмге сұранып-ақ тұр. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін аймақ егіншілікпен айналысуға, мал өсіруге де қолайлы.
Тоқсан жылдық тарихы бар осы ауданға әкім болып былтыр қараша айында Еркеғали Әлімқұлов тағайындалған болатын. Содан бері біршама уақыт өтті. Газет тілшісі таяуда аталмыш аудан басшысымен сұхбаттасып қайтқан еді.
– Еркеғали Амантайұлы, аудан тізгінін қолға алғаныңызға төрт айдан асты. Ауданның әлеуеті, экономикалық мүмкіндігі қай салаға бейім екен? Әңгімені осыдан бастасақ...
– Жалпы, Төлеби ауданы ең алдымен туризм саласын дамытуға өте ыңғайлы. Ақмешіт, Біркөлік шатқалдарында, Сайрам-Өгем, Қасқасу, Көксәйек, Төңкеріс елді мекендерінде 254 демалыс аймағы бар. Өкінішке қарай, олар архитектуралық дизайнмен салынбаған. Талғам жоқ. Әркім өз бетінше тұрғызған. Жаңылмасам, олардың тең жартысы, нақты айтқанда, 126-сы Төлеби ауданы бойынша салық төлеуші ретінде тіркелмеген. Демек, олардан бірде-бір тиын салық түспейді. Жұмыстарын біздің ауданда атқарса да салық төлеуші ретінде басқа аймақтарда тұр. Туристер мәдениетінің төмендігі, қоқыстарды кез келген жерге бей-берекет тастап кететіні қынжылтады. Одан бөлек, бірқатар санитарлық-гигиеналық мәселелер өз шешімін табуы тиіс. Біздің жоспарымыз – туристік аймақтардың потенциалын көтеру. Осы орайда бірқатар ұсыныстарымды облыс басшылығына жеткіздім. Мәселен, демалыс аймақтарында бассейндер болғанымен, құтқарушы жоқ. Балалар мен суда жүзе алмайтын ересектер батып кетсе, кім көмектеседі? Сондықтан әр демалыс аймағында құтқарушылар болғаны дұрыс.
Астанада қызмет атқарып жүрген кезімде ауылға қыдырып келіп, Біркөлік шатқалындағы бір демалыс аймағында балалармен түскі және кешкі ас ішіп, сонда қондық. Таңертең үш бала құсып, қатты қиналды. Олардың тамақтан уланғаны белгілі болды. Ең өкініштісі, сол демалыс аймағы мен ауылдан дәріхана мен дәрігер таппадым. Сервистің осындай жағдайы көңіл-күйді түсіреді.
Заңды белден басып, су жағалауы белдеуін қалдырмай, көптеген нысан салынып кеткен. Кейбіреуінде топырағы сырғып жатыр. Осы заңнаманы өрескел бұзғандар тәртіптік жауапкершілікке тартылуы тиіс. Мәселен, Ақмешіт шатқалындағы бірқатар демалыс үйлері табиғатты ластап, күл-қоқыстарын өзенге тастағандықтан тіпті ол өзеннің суын мал да іше алмайтын жағдайға жеткен... Осы орайда жер телімдерін тиісті мақсатында пайдаланбай отырған кейбір кәсіпкерлердің үстінен сәулет бөліміне, жер инспекциясына және ГАСК мекемесіне шара қолдану үшін ресми хат жолдадық. Біздің мақсатымыз — жабайы туризм емес, мәдениетті туризм құру.
– Инвестиция – ел игілігі. Бұл бағыттағы жұмыстардың жай-күйі қандай?
– Былтыр ауданымыздың негізгі капиталына 43,2 млрд. теңге тартылды. Биыл бұл межені 45 млрд. теңгеге жеткізу ойымызда бар. Қазіргі таңда өнеркәсіп саласында құны 6,5 млрд. теңгені құрайтын 4 инвестициялық жоба іске асырылуда. Атап айтқанда, Леңгір қаласында құны 1,5 млрд. теңгені құрайтын «KazРlast» компаниясының жаңа тігін цехының құрылысы аяқталуға жақын. Кәсіпорын пайдалануға берілсе, қосымша 150 жұмыс орны ашылады. Төңкеріс елді мекеніндегі Балдыберек өзенінің жанында «Тау энерго» ЖШС-і құны 2,5 млрд. теңге, қуаттылығы сағатына 3,2 мВт болатын шағын ГЭС құрылысын жүргізуде. Сарқырама ауылында Ақсу өзенінің бойынан «Jasyl Quat» ЖШС-і құны 1,5 млрд. теңгелік, қуаттылығы сағатына 20 мВт болатын шағын ГЭС салып жатыр. Ал, Мәдени елді мекенінде «3-Энергетик СНГ» ЖШС-інің құны 1 млрд. теңге тұратын, сағатына 2 мВт электр қуатын өндіретін шағын ГЭС-і бой көтеруде. Зертас ауылында құны 1 млрд. теңге болатын «Азия мед» тауарлы-сүт фермасының құрылысы да қарқынды жүруде. Бұл нысан іске қосылса, 44 адамды жұмыспен қамтымақ. «Бірінші мамыр сауда белгісі» фермасында 300 сауын сиыр бар. Мұнда 10 адам жұмыс істейді. Достық ауылындағы «Фиш Хауз» мекемесі балық шаруашылығымен айналысады. Бұл балық өңдеу зауыты 25 адамды жұмыспен қамтып, 250 миллион теңге инвестиция құймақ.
Біздің ауданда индустриалды аймақ жоқ. Сондықтан Шымкент қаласына шекаралас жерде аумағы 100 гектарды құрайтын алқапта индустриалды аймақ құру мәселесін қолға алдық. Кезінде бу генерация қондырғысы базасында электр стансасы құрылысы үшін «Самұрық-Қазынаның» еншілес кәсіпорны – «ПВУ Түркістанның» теңгеріміне өткен бұл жер өз иелігімізге алынды. Енді осы нысанның инфрақұрылымы жүргізілуде. Бұл ретте облыс әкімі Нұралхан Оралбайұлы Көшеровтің көмегін атап өткен жөн. Сәтін салса, кәсіпкерлердің өз істерін дөңгелетуге үлкен мүмкіндіктер беретін индустриялды аймақ биыл ашылады. Ал, Киелітас ауылында 14,5 гектар алқапқа өндірістік парк құру көзделуде. Оның жері мен қаулысы дайын.
– Елді мекендерді аралап, жергілікті тұрғындармен жүздестіңіз. Әкімдікте де қабылдау өткізіп жүрсіз. Тұрғындар не айтады, зерделеп көрдіңіз бе?
– Төлеби ауданында 55 ауыл бар. Оларды түгелге жуық аралап, тұрғындармен кездестім. Аптаның әр сейсенбісінде таңертеңгі сағат 10-нан бастап келушілерді жеке қабылдаймын. Жалпы, аудан тұрғындарын маңызды әрі күрделі үш бағыттағы проблема толғандырады. Ең біріншісі – жер мәселесі. Кейбір қызметкерлердің қателігінен оның құжаттары ресімделмеген. Кей тұрғын үйлер мен нысандар рұқсатсыз салынған. Бірқатар азаматтар соны қайта ресімдеп, заңдастыруды сұрайды. Екіншісі – ауыз су мәселесі. Аудандағы 55 елді мекеннің барлығы орталықтандырылған су торабына қосылған. Алайда, 25 ауылдың ауыз су жүйесіне жөндеу жұмыстары қажет. Үшіншіден, баспана салу, тұрғын үй кезегіне тұру және басқа да коммуналдық мәселелер де өте өзекті. Леңгір қаласында көп қабатты үйлерден мыңға жуық тұрғынға пәтер берілген. Бірінші шағынауданда бұдан басқа бес қабатты тағы үш тұрғын үй салынып жатыр. Қала бойынша 6 500 тұрғын кезекте тұр.
– Тұрғындарды жұмыспен қамту да өзекті мәселе. Осы бағыттағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Бізде инвестициялық жобалар өте көп. Әсіресе ауыл шаруашылығы, туризм, өнім өңдеу салаларында. Жұмыссыздық деңгейі 4,8 пайызды құрайды. Ауданымыздың ерекшелігі, Шымкент қаласына жақын орналасқандығымыз.
Қазір жұмыс істеймін деген адамға барлық мүмкіндік жасалған. Кәсіп бастаймын деген адамға «Ауыл аманаты» жобасы бойынша 2,5 пайыздық несие беріліп жатыр. Демеушілердің есебінен спорт нысандары салынуда. Ол нысандарға да жұмысшылар керек. Аудан мен қалада бұған дейін тұрмыстық қалдықтарды, күл-қоқыстарды тазалаумен айналысатын мекемелер болмаған. Бұл – осы жұмысты қолға аламын деушілерге мүмкіндік. Балық өсірушілер үшін бізде 5 су тоғаны бар. Жұмыс істеймін деген азаматтарға ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өнеркәсіп салаларында да көптеген жобаларымыз бар.
Қазіргі басты мақсат – жоғарыда айтқан қордаланған 3 мәселені шешу. Көптеген ауылдарда автокөлік жолы болғанымен аяқжол, жарық жоқ. Барлық елді мекенге аяқжол төсетіп, түнгі жарықтар орнатсақ дейміз. Екіншіден, 25 елді мекеннің сапасыз су ішіп отырғаны қабырғаға батады. Оның ішінде Леңгір қаласы да бар. Ауызсу мәселесін түбегейлі шешу де уақыт талабы. Аудан орталығындағы кәріз жүйесінің (канализация) құрылысы өте күрделі. Бізде 2 кәріз тазалау нысаны бар, екеуі де жөндеуді қажет етеді. Үшіншісінің құрылысы 2022 жылы басталған. 2024 жылы оған республикалық бюджеттен қаржы бөлінбеген. Облыстан сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттарына рахмет, оған 1 миллиард теңге қаражат бөлдіртті. Кәріз тазалау жүйесінің құрылысы келесі жылы аяқталса, нұр үстіне нұр! Үшінші мәселе – экономикалық әлеуетімізді көтеретін өндірістік парк ашып, үлкен ғимараттар салып, өндірістік нысандарды іске қоссақ дейміз. Бұл жұмыссыздық деңгейін төмендетеді. Аймағымызға өзгеше мәдениет алып келеді. Одан кейін индустриалды аймақты пайдалануға береміз. Арнайы экономикалық аймақты Шымкент қаласына жақын жерден салсақ деген ниетіміз бар.
– Қызметіңізге табыс тілеймін! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Серікқали ЖЕКСЕНБАЕВ,
«Оңтүстік Қазақстан».