«Тіліміз жұтылып барады...»

Қожа Ахмет Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университетіне Түркияның Нийде қаласындағы университеттен 63 жастағы қандас бауырымыз Мұстафа Көк бір семестрге оқуға келді. Біз егде жаста білім қуған ерек жан – Анадолыдан атажұртты аңсап келген бауырымызбен сұхбаттасқанды жөн көрдік.

– Мұстафа аға, Түркістанға қош келдіңіз! Алпыстан асқанда білім іздеп жүр екенсіз, әлбетте, қадамыңыз қайырлы болсын дейміз.  

 – Иә, «Бесіктен бейітке дейін білім ізде» деп хазіреті Пайғамбарымыздың хадистерінде айтылады емес пе?! Ниет оң болса, білім алуға ештеңе бөгет емес деп ойлаймын.  Жасымда оқи алмадым, мүмкіндік болмады. Оқысам деген ізгі ниет жүрек түкпірінде жүруші еді. Балаларымды оқыттым. Ұлды – ұяға, қызды қияға қондырдым. Жасым 60-қа келгенде жұмыстан ерікті түрде зейнеткерлікке шығып, білім грантына тәуекел еттім. Бірінші тері және текстиль технологиясы мамандығын таңдадым, бірақ түсе алмадым. Екінші таңдаған түркология мамандығында оқу бұйырды. Нийде қаласындағы Өмер Халисдемир университетінің 3-курсында тіл-әдебиет факультетінде оқып жүрмін. «Орхун» ұтқырлық бағдарламасымен Түркістанға оқуға келдік. Қожа Ахмет Ясауи бабамыздың кесенесіне тәу етсем деп армандаушы едім. Бұрын Қазақстанға екі рет келгенмін. Дүние жүзі қазақтары құрылтайына қатысып, Алматы мен Астананы көрдім. Түркістанға келген күні бабаның басына барып, құран оқыдым. Кесене қабырғасында жазылған құран сөздерін, тастарға жазылған хикметтерді оқып, толқыдым. Әкелеріміз армандап кеткен атамекен, қасиетті Түркістанның топырағын басып тұрған  менің не арманым бар?! Көз жасымды тыя алсамшы. Ойлап қарасақ, осының барлығы оқудың арқасында болып жатқан хикмет емес пе?! 

– Тағдырдың жазуымен өзі аз қазақтың әлемге тарыдай шашылып кеткені мәлім. Соның бірі Алтайдан Анадолы асқан қазақтар деп білуші едік. Көш тарихы туралы таратып айтсаңыз. 

– 1936-1937 жылдары Қытай өкіметінің жайсыздығынан түрлі толқулар, қақтығыстар орын алған. Аталарымыз Елшіхан батырдың басшылығымен Гималай асқан. Кіші Азияның біраз елдерін паналаған. Бірақ, жерсінбеген. 1951 жылы Пәкстанда тұрғанда Түркия елшілігі арқылы Түрік өкіметіне хат жолдайды. Алғашқыда қабылдамапты. Кейін өтініштер мақұлданады. Сөйтіп 1954 жылы Түркияға 165 отбасы көшіп барған. Алғашында Ыстамбұлдағы, Зейтінбұрындағы қонақүйлерге орналасыпты. Бізден бөлек тағы бір шоғыр Қытай қазақтары Үндістаннан Түркияға көшіп келген екен (Жазушы Хасан Оралтайдың аталары). Олар 135 отбасы түгел Манисаның Салихлы ауданына, Зейтінбұрынға орналасады. Кейін 1956 жылы шілде айының соңында Нийде қаласы Ұлықшы ауданына қарасты бір ауылға тұрақтайды. Үкімет 165 отбасыға үй салып береді. Ақсақалдар атаған Алтай атауы ресми бекітіледі. Біз қазір сонда тұрамыз.  

– Алтай ауылы туралы, Анадолыдағы қазақтардың тыныс-тіршілігі туралы айтып берсеңіз. 

– Иә, біздің ауыл Түркияға қазақтар тұратын ауыл ретінде танылған. Өкінішке қарай, бүгінде ауылда 20-25 отбасы ғана қалды. Көбі қалаға көшіп кетті. Ауылға келіп орналасқанда өкімет жан басына 30 дөнемнен жер бөліп берді. Алайда, мал сауып күнелткен қазақ жерді игере алмады. Ыстамбұлдан мал терісін әкеліп илеп, былғары дайындап, оны базарға апарып сатуды кәсіп етеді. Ол уақытта жол қатынасы нашар, көлік аз, әрі-бері жүру шаршатады. Көбі осы кәсіп үшін Ыстамбұлға, басқа қалаларға көшті. Алпысыншы жылдары біразы Германияға мигрант болып жұмысқа барып, әрі қарай Еуропа елдеріне қоныс аударып, тіпті АҚШ, Канадаға дейін тарап кетті. 

Мен 2004-2009 жылдары 5 жыл ауыл әкімі болдым. 2006 жылы ауылдың құрылғанына 50 жыл толғанын атап өттік. Сол тұста Түркиядағы Қазақстан елшісі Бейбіт Исабаев мырзаға барып мән-жайды айттым. Қиын кезде төрінен орын берген Түрік еліне алғысымызды айтып, кең көлемде атап өтсек  дедім. Ол кісі Түркияда мұндай ауыл барынан хабары жоқ екен. Ауылды келіп көрді, қолдады. Сөйтіп,  2006 жылы 30-31 тамызда тағлымды бір іс-шара өтті, дүбірлі той болды. Қазақстаннан 72 адамнан тұратын делегация келді. Арасында депутаттар, жазушылар, өнер адамдары бар делегацияны қауымдастық басшысы Талғат Мамашев бастап келді. Нийде қаласында Абылай ханның алып ескерткішін орнаттық. Нийде мен Шымкент қалалары бауырлас қала ретінде ресімделді. Қазақстаннан Шымкент қаласының сол кездегі әкімі, ақын Бекарыс Шойбек, басқа да өнерпаздар келді. Күмбірлеп домбырадан күй төгіліп, әуелетіп жырдан шашу шашылғанда қарияларымыз көздеріне жас алды.

Ауылда 20 шақты үй, көрші Бор деген жерде 40 үй (ол жерде мектеп бар), қалада 10 үй қазақ тұрады. Ауылымызда хал-қадерімізше қазақы салт-дәстүрді сақтауға тырысамыз. Бір қауым ел Манисадағы Салихлыға қоныстанды деп айттым. Сол ағайындардың арасынан Шәризат деген ағамыз қазақ этносының өкілі ретінде халқымыздың дәстүрін сақтап, іргелендіру мақсатында биліктен жер сұрап алған. Сонда бие байлап, қымыз ашытып, саумалын сауып, ұлттық мейрамхана ашқан. Он екі қанат үй тігіп, «Алаш» деген этноауыл құрған. Елден келген қазақтардың дені сонда түседі. Ол кісінің есімі Қазақстанға танымал. Түркияда бүгінде 20 мыңға жуық қазақ тұрады. Көбі елуінші жылдары көшіп келгендер. Біразы 1978-79 жылдары Ауғанстаннан көшіп барған қазақтар. Ауған қазақтарының көбі тәуелсіздіктен кейін осында Атажұртқа оралды, байырғы қазақтардың дені Еуропаға қоныстанып кеткен жайы бар.

– Жалпы, Түркия қазақтары ана тілін, ата дәстүрін сақтай алды ма?

– Ауылда тұрмыс-тіршілік қазақша. Қолда уақ мал ұстаймыз, қара мал жоқ. Бұрындары әр үй 30-40, 100 қойға дейін ұстайтын, соңғы кезде мал азайды. Құрт-ірімшігімізді жасап, қыста соғым сойып аламыз. Қазақ қай қиырда жүрсе де – қазақ қой. Біздің бала күнімізде, жас кезімізде тілдік орта жақсы деңгейде еді. Кейінгі балалар тілді ұмытыңқырап барады. Үйде қазақша сөйлесуге тырысамыз, бірақ олар түрікше жауап береді. Өйткені, жүрген орталары түрік тілді.  Бір өкініштісі, тіліміз жұтылып барады. 

Өзім әкім болып тұрғанда Коньяда оқитын қазақ студенттерді ұстаздарынан сұрап алып, Наурыз тойға шақырдым. Араларынан бір жігіт «не сойғалы жатырсыз?» деді. Мен «қой соямын, аздау  болса екі қой соямын» деп едім, «аға, тай сойсаңызшы, жылқы етін сағындық» деді. Риясыз шын көңілін орындадық. Балалар өз үйіне келгендей мәз-мейрам болды. Наурыз тойы керемет өтті. 

– Мұстафа аға, елге оралғыңыз келмей ме? Орала қалсаңыз қай қалаға қоныстанар едіңіз?

– Мұнда қос азаматтыққа рұқсат жоқ екен. Елге оралу үшін Түркия азаматтығынан бас тарту керек. Балалар, туған-туыстың көбі сол жақта, екі жақта да жүргіміз келеді. Алайда, шынымен азаматтық алып, елге келіп жатсақ Шымкентті не Түркістанды таңдар едім. Осында келгенде қоғамдық көліктегі «Ары отыр, ортаға қарай жылжы» деген сөз құлаққа майдай жақты. Жүрекке жылы естілді. Қандай ғажап, барлығы қазақша сөйлейді. Бұдан артық бақыт бар ма?! Атамекенге деген сағынышымыз басылар емес. 

– Уақыт бөліп, сұхбаттасқаныңыз үшін көп-көп рахмет, аға! 

Сұхбаттасқан Әтіргүл ТӘШІМ,

«Оңтүстік Қазақстан».

Пікір қалдырыңыз