ТҰЖЫРЫМДАМА ҚАЛАЙ ІСКЕ АСЫП ЖАТЫР?

Тұжырымдама Президент айтқандай, халықтың сұранысына жедел және тиімді жауап беру арқылы мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы кері байланысты қалыптастыруды көздейді.

Мемлекет басшысының бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы билік пен қоғам арасындағы байланыстың ашық болуын әрі маңызды шешім қабылдар кезде қарапайым халықтың ұсынысын ескеруді көздейді. ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің бастығы, аға әділет кеңесшісі Асқар САПАРҒАЛИЕВПЕН сұхбаттасып, тұжырымдаманың қалай жүзеге асырылып жатқанын сұраған едік.

 – Президентіміз «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында «Азаматтардың барлық сындарлы өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет. Билік пен қоғам арасында тұрақты диалог орнату арқылы ғана қазіргі геосаяси ахуалға бейімделген үйлесімді мемлекет қалыптастыруға болады» деген болатын. Құқықтық статистика комитетінің осы тұжырымдаманы іске асыруға белсенді атсалысып жүргенін білеміз. Айтыңызшы, Президент тапсырмасы қалай орындалып жатыр?

– Қазақта «тыңдалмаған сөз жетім» деген астары терең сөз бар. Айтылған сөзге құлақ асып, сөзді жетімсіретпеудің үлгісі ретінде Президентіміз «Халық үнінен құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын ұсынғаны белгілі. Тұжырымдама Президент айтқандай, халықтың сұранысына жедел және тиімді жауап беру арқылы мемлекеттік органдар мен азаматтар арасындағы кері байланысты қалыптастыруды көздейді. Президент тапсырмасын іске асыру үшін комитет ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, 2021 жылдың 1-шілдесінен бастап «e‑Өтініш» ақпараттық жүйесін іске қосты.

– Жүйенің тиімділігі неде? Мұның пайдалы тұсын қарапайым халық сезініп жатыр ма?

Әрине, қазір өтініштерді жолдау рәсімі жеңілдетілді. Бұрын азаматтар өтініш беру үшін мемлекеттік органдарға барып, оны қағаз түрінде тапсырып, оның қаралу барысын кеңсеге телефон шалу арқылы бақылап отыратын. Ауыл тұрғындары кей жағдайларда аудан орталығына, тіпті, қалаға немесе облыс орталығына баруға немесе пошта қызметтерін пайдалануға мәжбүр еді. Бұл өз кезегінде олардың уақытын және қаржысын шығындайтын. Айталық, бір өтінішті жіберу үшін 2-3 күн күтіп, оған кемінде 600-700 теңге жұмсайтын. Қазір келген азамат ғаламтор арқылы өтінішті аудандық, облыстық және республикалық деңгейдегі мемлекеттік органдарға жолдай алады. Есесіне, бұрынғыға қарағанда уақыты да үнемделді.

Екіншіден, өтініштерді қарау процесі толық автоматтандырылды. 2021 жылдың 1-шілдесінен бастап күшіне енген Әкімшілік рәсімдік процессуалдық кодексі мемлекеттік органдарға өтініштердің талаптарға сәйкестігін тексеру, мүдделер қақтығысы мен өкілдік мәселелері бойынша шешім қабылдау, тыңдау ұйымдастыру, әкімшілік актілер қабылдау, шешімдер мен әрекеттерге шағымдану және тағы басқа да жағдайларды жедел шешуді міндеттеп отыр.

Аталмыш ақпараттық жүйе өтініштерді қарау процесін автоматтандырылған режимде жүргізуге бейімделген. Кодекс талаптарына сәйкес әкімшілік актіге қатысты сотқа шағым түсірілген жағдайда өтініштердің қаралу барысы мен нәтижелері туралы материалдар қамтылған әкімшілік істі қалыптастыру қажет. Ақпараттық жүйе әкімшілік істі сот дерекқорына автоматты түрде жіберуге мүмкіндік береді, бұл өтініш берушілерді шағымды сотта қарастыру үшін материалдар жинау жүгінен босатады.

Үшіншіден, өтініштерді қарау мерзімдерін бақылау күшейтілді. Ақпараттық жүйе барлық мемлекеттік органдар үшін бірыңғай платформа болғандықтан, өтініштерді қарау мерзімдерін бақылауға арналған тиімді механизм құру мүмкіндігі пайда болды. Бұрын бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесінде деректер бір жерге шоғырланбағандықтан, мемлекеттік органдар өз ведомстволарының жұмысын дер кезінде бақылай алмады. Қазіргі таңда ақпараттық жүйедегі «сквозной контроль» функционалы орталықтан бастап ауылдық деңгейге дейін өтініштердің қаралу мерзімдерін үздіксіз қадағалауға мүмкіндік береді.

Төртіншіден, өтініштердің қаралу барысы туралы ақпараттың жеделдігі артып, жауап сапасына берілетін бағалау қызметі енгізілді. Бұрын өтініш берушілер өз өтініштерінің қаралу барысын мемлекеттік органдардың кеңсесі мен Call‑орталықтарына телефон шалу арқылы бақылай алатын. Қазіргі таңда ақпараттық жүйе немесе мобильді қосымша арқылы жолданған өтініштердің мәртебесі туралы ақпарат пайдаланушының жеке кабинетіне, ал, пошта арқылы жолданған өтініштерге SMS‑хабарламалар арқылы келеді.

Бесіншіден, аналитикалық зерттеулер жүргізуге жол ашылды. Мәселен, өтініш берушілердің жас ерекшелігі, ұлты, аймақтық бөлінісі бойынша талдаулар жасалынады. Сонымен қатар өтініштердің сипатына қарай, яғни азаматтардың ел аумағында, жекелеген өңірлерде, соның ішінде ауыл тұрғындарын не мазалайтынын анықтауға болады. Азаматтардың қандай қызмет салаларына жиі жүгінетінін анықтауға, олардың ведомстволық бағыныстылығын бақылауға, сондай-ақ орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдардың жұмыс тиімділігіне қатысты рейтингін қалыптастыруға мүмкіндік туды. Мұндай деректерді талдау арқылы уәкілетті мемлекеттік органдар жеке және заңды тұлғалардың құқықтарының бұзылуын алдын алу бойынша превентивті шаралар қабылдап, өз қызметіне қатысты тәсілдері мен тәжірибесін жетілдіре алады.

– Азаматтардың өтініштерін қарау тәртібін кім қадағалайды? Өтініштерді орындамаған жағдайда мемлекеттік органдар қандай жауапкершілікке тартылады?

– Құқықтық статистика комитеті уәкілетті орган ретінде өтініштерді есепке алу, тіркеу тәртібінің сақталуын бақылап отырады. Сонымен қатар Президенттің 2003 жылдың 28 наурыздағы №1050 Жарлығымен бекітілген өкілеттіктері аясында Құқықтық статистика комитеті мемлекеттік органдарда өтініштерді тіркеу, есепке алу тәртібі бойынша статистикалық есептің толықтығы мен шынайылығын қамтамасыз етеді. Мәселен, жыл басынан бері 600-ге жуық бақылау-қадағалау іс-шаралары жүргізіліп, 100-ден аса түрлі заңбұзушылық анықталды. Анықталған заңбұзушылықтар бойынша тиісті ықпал ету шаралары қабылданып, нәтижесінде 60-қа жуық лауазымды тұлға әртүрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

ҚР Конституциясына сәйкес еліміздің әрбір азаматы мемлекеттің қызметіне араласуға құқығы бар. Яғни оған «е-Өтініш» платформасы арқылы да жүгінуге болады. Осы тұста көпшілікке қандай ұсыныс айтар едіңіз?

Көпшілікке өз пікірін ашық білдіріп, «е-Өтініш» арқылы елмен, мемлекетпен тығыз байланыс орнатуға шақырамын. Бүгінде әр азаматтың қолында өз үнін билікке жеткізетін нақты құралы бар. Сіздің өтінішіңіз, жай хат емес, ашық әрі халық үніне құлақ асатын мемлекет құру жолындағы маңызды қадам деп түсінеміз.

– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Дәулет ТҰРСЫНҰЛЫ,

«Оңтүстік Қазақстан».

 

 

 

#Заңәне_тәртіп

 

Пікір қалдырыңыз