Азия ойындарына дайындық пысықталды

Түркістан облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінде XIX жазғы Азия ойындарына баратын спортшылардың дайындық барысы пысықталды. Күзде Қытайдың Ханчжоу қаласында өтетін додаға аталған спорт мектебінің 12 спортшысы қатысады. Бұл туралы мектеп ұжымы өткізген педагогикалық кеңесте айтылды.
Спорт додасы қыркүйек айының 10-25 аралығында Қытайдың Ханчжоу қаласында өтеді. Олимпиада ойындары мен түрлі деңгейде өтетін Азия, əлем чемпионаттарына жоғары санаттағы саңлақтарды дайындайтын Түркістан облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің ізбасарлары қазірден бастап оқу-жаттығу жиындарына кірісті. Аталған мектеп директоры Нұрмахан Мелдехановтың айтуынша, олардың алаңсыз дайындалуына барлық жағдай жасалған.
Бүгінде облыс спортының дамуына сүбелі үлес қосып келе жатқан бұл спорт мектебінде олимпиада бағдарламаларына енген 15 спорт түрінен 140-тан астам шəкіртті 35 бапкер даярлауда. Кеңейтілген педагогикалық жиында барлық спорт бөлімдері бойынша атқарылып жатқан жұмыстар талқыланды. Кемшіліктер де сөз болып, дзюдо, еркін жəне грек-рим күрес бөлімдерінің жаттықтырушыларына қатаң ескерту жасалды. Жоспарлар бекітіліп, нақты тапсырмалар берілді.

«Оңтүстік»-ақпарат.


Пікір қалдырыңыз