Ерте жүктіліктен елге қарайтын бет қалмады...

Ерболат АЙНАБЕКОВ, «Ońtústik Qazaqstan».

Құмырсқаның илеуіндей қыз-қыз қайнап жатқан Жер планетасын бүгінде 7 миллиардтан астам адам мекендеп отыр. Сол халықтың бәрінің ішкен-жегенін, туған-өлгенін жіпке тізгендей етіп есептеп отыратын Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы деген бар. Сол ұйымның дерегіне сенсек, жыл сайын әлемде балиғатқа толмаған 16 миллион қыз жүкті болып қалады екен. Дүние жүзінде не шаруамыз бар деуіңіз мүмкін, алайда, бұл дауасыз дерт біздің елімізді де айналып өткен жоқ. Әлгі ДСҰ жариялаған статистиканың көш басында, өкінішке қарай, біздің еліміз жүр. Еліміздің Денсаулық сақтау министрлігі таратқан ақпаратқа сенсек, 2020 жылдың өзінде 7000-ға жуық (!!!) оқушы қыз жасына жетпей жерік болған. Оның ішінде 1086 бойжеткен перзентінен ерте айырылуды қалап, жасанды түсік жасатқан екен. Жоғарыда келтірген деректердің бәрін жай ғана статистика деуге ауыз бармайды, керісінше қанша айтсақ та дауасы табылмаған, тұтас адамзат баласының сүйегіне таңба болып басылатын дерт деген дұрыс шығар?!
Отбасы болып үлгермей жатып от басқандардың  санының осынша көптігіне, біздің қоғам таң қалмайтын болған. Себебі, жұрттың оған еті өліп кеткен. Ерте жүктілік әлем бойынша Оңтүстік Кореяда сирек тіркеледі екен. Онда 1000 қыздың тек екеуі ғана кәмелеттік жасқа толмай, ана атанады. Ал, Қазақстанда ше? Бізде бұл көрсеткіш Оңтүстік Кореядан 15 есе көп.
Бұл не сонда? «Ұлыңды бөтен жерден тойдырма, қызыңды бөтен үйге қондырма» деген қағиданы ұстанатын қандастарымыздың қатары сиреген бе? «Қызға қырық үйден тыйым» дейтін қазаққа бұл дерт қайдан келді? Жауабын табан астында тап басып айту қиынның қиыны. Кезінде орыстың ұлы философы, Пушкиннің жақын досы Петр Чадеев: «Бір жерден жылаған адамның даусын естісем, япыр-ау, біз тағы нені бүлдірдік деп қуыстанамын» деген екен. Ал, біз не бүлдірдік?
Осы тақырыпты зерттей отырып, тағы бір жаға ұстатарлық дерекке ұшырастық. Елімізде ерте жүктілік бойынша біздің облысымыз көш бастап тұр екен. Одан кейінгі орынға Жамбыл, Алматы облыстары жайғасқан. Шымкент пен Түркістан облысы бөлінбей тұрған кезде-ақ бұл көрсеткіш мәз емес еді. Мәселен, 2016 жылы облыс бойынша 750 қыздың жүкті екені анықталған. Ал, 2017 жылы бұл көрсеткіш 800-ге жеткен. Тасада туып, тастап кететіндер мен жасанды жолмен сәбиінен құтылатындарды есептесек, бұл цифр еселеп көбейейін деп тұр.
Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасының мәліметіне сүйенсек, мектепте жүріп ана атанатындардың қатары сиремей тұр. Өңірімізде 2020-2021 жылдар аралығында ерте жүкті атанғандардың 90-92 пайызы 17-18 жастағы балғын қыздар екен. Ал, 7-8 пайызы 16 жасқа енді толған бұрымдылар. Басқарма мамандарының сөзіне сенсек, әр ауданда жасөспірімдер арасындағы жүктілікті төмендету бойынша жұмыстар жолға қойылған. Бірақ, біздің жүрек бұл әңгімеге сене алар емес. Расымен де бұл жұмыс жолға қойылған болса, облысымыз бұл көрсеткіште республика бойынша көш бастамас еді ғой...
Дәрігер мамандардың айтуынша, жыныстық даму қыздарда 9-10, ұлдарда 10-12 жастан бастап байқалады екен. Алайда, ерте жүктілік қыз балалардың денсаулығына аса қауіпті. Жүктілік кезінде ағза күшейген тәртіпте жұмыс істейді – жүрек-қан тамыры, эндокриндік жүйе және ішкі органдарға үлкен салмақ түседі екен. Мұның қиындығы жасөспірімнің гормондық қайта құрылуы жүктілік қайта құрылуға жүктелгенінде болып тұр. Жас аналарда көбінесе плацентарлық тапшылық, анемия, токсикоздар туындайды. Балғын  қыздардың ағзасы мұндай жүктемелерге дайын болмайды.
Етегін ерте түргендердің қаптап кетуіне кім кінәлі? Мамандарға салсақ, бұл дерттің дауасын жыныстық сауаттылыққа әкеп тірейді. Қыз да, ұл да бұл істе ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін мектепте үйренуі керек дегенді көлденең тартады олар. Қайбір жылы халық сенген қалаулыларымыз мінберде тұрып, «оқушыларға тегін мүшеқап тарату керек. Бұл ерте жүктіліктің алдын алады» деп көкіген. Сонда ол депутаттың ұлттық тәрбиенің, қазақы құндылықтардың осы мәселенің күрмеуін шешуге шамасы жететініне күмәнданғаны ғой! Халқымызда қыз баласының оң жақта отырып, ана атануы бұрындары болмады деп айта алмаймыз. Болды, бірақ дәл қазіргідей жаға ұстатарлықтай көрсеткіште емес еді.
Балаға дұрыс тәрбие беру – ең бірінші ата-ананың борышы емес пе?! Қазіргідей сананы тұрмыс билеген заманда баласына «тәйт» деуге уақыт таппай жүрген ата-ананы да сөге жамандағымыз жоқ. Десе де, айналасына қарап ой, ата-анасына қарап бой түзейтін жеткіншектердің дұрыс азамат болып қалыптасуына да бірінші кезекте әке-шешенің ықпалы ауадай қажет. Әсіресе, ұлттың ары болатын қыз баланың тәрбиесіне үлкен жауапкершілікпен қарау керек.
– Жалпы,  ерте жүктілік біздің менталитетке байланысты жыныстық тәрбиенің қалыптаспауынан болады. Яғни жыныстық қатынастың соңы жүктілікке әкелуін түсіндіру қажет. Ерте жүктілік тек қана психологиялық күйзелістерді ғана емес, ол физиологиялық тұрғыда да  ағзаға үлкен зиянын алып келеді. Себебі, ол жасөспірімнің ағзасы жүктілікке дайын болмайды. Ол жүктілік ананың ғана емес, баланың да өміріне қауіпті. Ананың қызбен, ұлдың әкемен жақын, сенімді қарым-қатынас орнатуы, ашық сөйлесуі, түсіндіру және де қандай жағдай болмасын ата-анаға сенім арта білуін қамтамасыз етуі қажет. Егер ата-ана баласымен, қызымен ашық сөйлесуге ұялса, кітап және басқа да материалдарды оқытса болады.
Балаға әрқашан «мен сені қандай жағдай болмасын жақсы көрем, сен жаман бол, жақсы бол, сол қалпыңда қабылдаймын» деп жиі айтқан жөн.
Медициналық тұрғыда ненің қалай болатынын, өз ағзасында не болуы мүмкін екенін ғылыми түрде түсіндіру, тек қыздарға емес, ұлдарға да айтылуы керек. Балалармен қатал, агрессивті түрде сөйлеспеген абзал, керісінше, сенімді қарым-қатынас орнату керек. Қарым-қатынас орнатқаннан соң, ерте жүктіліктің неге алып келетінін ашық айту қажет, –  дейді психолог Жансая Әлиасқарова.
Психолог бесіктен белі шықпай бала көтеретіндердің оқиғалары жеке талдауды қажет ететінін айтады. Әрине, кез келген ата-ана өз қызының қылығы «түзде» болса да, дұрыс тәрбиенің арқасында теріс істердің жолын кесе алады. Кері жағдайда кей ата-ана қыздарының жүктілігін жасанды жолмен тоқтатуға мәжбүр болады.
Тірісін төресі билеген қағидаға бағынып, кәлимаға тіл сындырып, ардан безген адамын ағайынға күлкі ғып, атқа теріс мінгізген қазақ қоғамында мұндай дерттің болуы тиіс емес еді ғой. Бұл тақырыпқа келгенде «елімнің Естайлары есті болса, қазақтың Қорландары қор болмайды» деп аруларды ақтайтындар да, «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» деп жігіттерді жақтайтындар да табылады.
Балғын қыздардың ерте жүкті болып қалмауымен күресетін қаншама мекемелер мен ұйымдар бар. Бұл күреске денсаулық сақтау мамандарынан бастап, білім, жастар ісі саласындағы мамандар да араласады. Алайда, соның бәрі елдегі ерте жүктілікпен күресте нәтиже көрсетіп отырған жоқ. Олар үшін бұл дерт емес, цифрлық, пайыздық көрсеткішпен нақтыланатын статистика сияқты. Осы тақырыпты зерттеу кезінде өңіріміздегі дәл осы іспен айналысатын мамандармен сөйлесіп шықтық. Бәрінің айтатыны цифрлар ғана. «Мына ауданда ерте жүктіліктің алдын алу бойынша мынанша іс-шара өтті. Пәлен адам қамтылды. Бәрін тындырып тастадық» деген сынды есепке құрылған ақпаратын алдыңа көлденең тартқанда жылқының майын жаққандай сүйегіңе  дейін жібіп сала береді. Ал, нақты нәтиже әлгіндегідей...
Бұл түптеп келгенде, ұлттың трагедиясы екенін ұғынуымыз қажет. Адамның жүрегі қатайса, қайғы-мұң оған үйреншікті проблема сияқты болып қалатыны ғылымда да, дінімізде де айтылады. Ерте жүктілік те, жасанды түсік жасату да осындай күнделікті проблемамызға айналып кеткендей.
Кейде біз күрмеліп байланған күрделі мәселенің түйінін әр шетінен бір тартып, кейде тістеп, кейде күшке салып, шеше алмай әуреге түсеміз. Тартып қалсаң, шешіліп сала беретін ең қажет ұшын табуды ойламаймыз. Біз осы ұлт тәрбиесінде, ұрпақ тәрбиесінде жорғамыздан жаңылардай қай жерден ағат кеттік? Сатып алам десе, сары алтынның да құны жетпейтін ұлттың ұяты қайда қалды? Осы сұрақтарға жауап таба алсақ, бәлкім, осыншама жазған проблемамыздың түйіні бір-ақ ауыз сөзбен шешілер...



Пікір қалдырыңыз