Мұстафа мен Мария

Санкт-Петербургте революциялық көңіл-күйдегі дворяндардың 1825 жылы желтоқсанда жаппай көтеріліске шыққаны тарихтан белгілі. Тарихшылар декабристер деп атап кеткен сол көтерілісшілерді патша өкіметі аяусыз жазалады. Өлім жазасына кесілгендері өлім жазасына кесілді, одан аман қалғандар Сібірге айдалды. Айтайын дегеніміз бұл емес, айтайын дегенім – сол декабристердің жарларының ерлеріне өлгенше адал, идеяға берік болғандығы. Дәл осындай тағдыр кешегі отызыншы жылдардағы зобалаңда Қазақстанда да қайталанды. Тіпті, жазаға тартылғандардың әйелдеріне арналып, «Алжир» сияқты лагерьлер ашылды. Мұны мен бүкіл түркі жұртының ұлы перзенті Мұстафа Шоқай мен жары Мария Яковлевна Горинаның бастарына түскен тағдырды еске ала отырып жазып отырмын.
Кеңес өкіметі бар болғаны алпыс төрт күн ғана өмір сүрген Түркістан мұқтариятын қарудың күшімен басып-жаншып, Қоқан қаласын қанға бөктірген соң Үкімет басшысы Мұстафа Шоқай бас сауғалап, бірнеше күн Ферғана тауларын жаяу аралап, неше түрлі қиындықтарды бастан кешіріп, Ташкентке жетті. Осындай қиын-қыстау кезеңде өзіне сүйеніш болатын адам іздеді. Таңдау Мария Яковлевна Горинаға түседі. Ал, Горина кім еді? Қолдағы мәліметтеріміз тым жұпыны және орыс тілінде жазылған «Екінші дүниежүзілік соғыстағы қазақтар: шетелдік архив құжаттары» атты кітапта «Гурина (туғандағы тегі – Ә.Б.) Мария 1890 жылы 23 желтоқсанда Вильнюсте дүниеге келген. Әке-шешесі Яков және Анастасия Карцинкиндер. Одесса опера театрының әншісі болған» деп жазылған. Сосын білетініміз: төрт жасынан он алты жасқа дейін Одессада тұрып, 1912 жылы Мәскеу опералық труппасында болады. Ал, тағдыр қосқан Мұстафасымен бірге өткізген кейінгі ширек ғасырдан астам өмірінің шежіресін өзі жазып кеткен еді.
Мұстафа Шоқай болашақ жары Мария Яковлевнаны Петербургтегі студент кезінен танитын. Ташкентке келгенде жолдастары – генерал Еникеевтің ұл-қыздарымен бірнеше рет бірге болады. 1916 жылы патшаның 19 жас пен 49 жастың аралығындағы қазақтарды окоп қаздыруға алу туралы жарлығы шыққаны белгілі. Осыған байланысты қазақ даласының әр-әр жерінде көтерілістер бұрқ ете қалды. Осы көтерілістердің қатыгездікпен басылғаны туралы арнайы материалдар жинау мақсатымен құрылған Мемлекеттік Дума жанындағы Мұсылман фракциясының төрағасы Қ.М.Тевкелев жетекшілік еткен құрамында фракция мүшесі Ш.Мұхамедияров және кейін қосылған депутат А.Ф.Керенскийлер бар делегацияның құрамында аудармашысы, хатшысы және маман зерттеушісі ретінде Мұстафа Шоқай Ташкентке келеді. Тексеру жұмыстарына Ташкент өлкелік прокуратура мүшелерінің құрамында Мария Горинаның күйеуі де қатысқан еді. Тіпті, бұлардың үйінде қонақта да болды. Ол кезде Ташкенттегі опера театрының әншісі астаналық модамен өте әдемі киінген, тәрбиелі, өте ұқыпты жанға арнап бірнеше ән де шырқаған болатын. Мұстафа Шоқай он шақты күннен бері өзі жасырына жүріп Мария Яковлевна Горинаны іздегенде ол өзінен жиырма жас үлкен, он жыл отасқан күйеуінен ажырасып, Мәскеуге кетуге пойызға билет алып қойған болатын. Содан көп ұзамай екеуі ортақ тіл табысады. 1918 жылы 18 сәуір күні екі өзбек жігітінің куәлік етуімен ескі Ташкент қаласының имамы екеуінің некесін қиып, болашақ жарының талап етуімен Мария Яковлевна ислам дінін қабылдап, өзіне фамилия етіп Шоқай есімін
алады.
Енді қаладан тысқары жерге аттап басуға рұқсаты жоқ, басына 1000 рубль бәйге тігілген Мұстафа Шоқайдың өмірін сақтап қалу үшін Ташкенттен тезірек кету керек болады. Іздестіру шаралары жүріп жатқан кез. Мұстафаны таныған кез келген ресми органның адамы оны «пролетариат диктатурасының жауы» деп атып тастауы мүмкін еді. Мария Яковлевна жарына әскер киімін кигізіп, бет-аузын таңып, ауыр жаралыға ұқсатып, жолға даярлайды. 1 мамыр күні стансаға келіп, екеуі пойызға отырады. Бұлар жолаушылардың билеттері мен рұқсат қағаздарын тексеріп жатқанын көріп қатты абыржиды. Ол кезде құжаттарға сурет жапсырылмайтын. Сондықтан бет-жүзін ашып тексерсе, оны танып қоюы мүмкін еді. Кезек осыларға келгенде тексеруші артына қарап біреумен сөйлеседі де, жаңылысып, келесі купеге өтіп кетеді. Осылайша, бұлар тексеруден ойда-жоқта аман құтылады, пойыз да қозғалады.
Мұстафа және Мария Шоқай мінген пойыз Ақтөбеге жеткен соң әрі қарай жүрмейді. Себебі, Орынбор бағытындағы теміржол соғысқа байланысты жабылып қалған. Одан ары бірде жаяу, бірде көлікпен Қазақ даласы, Ресей қалалары арқылы Уфаға жетіп, Мемлекеттік Думаның отырыстарына қатысады. Бірақ, Екатеринбургтегі жағдайдан соң бұлар Челябинскіге жетеді. Осы жерден Мұстафа Шоқай Уфадағы кеңеске шақырылған украиндық Вадим Чайкин екеуі бөлініп, Кавказға қарай кетуге мәжбүр болады. Ал, Мария Шоқай 1918 жылдың 24 желтоқсанынан бірде қиындыққа тап болып, бірде жанашыр жандарға кезігіп, 1919 жылы 20 сәуірде Бакуге жетеді. Бірнеше күннен кейін Грузияға виза алып, 1 мамыр күні Тифлиске келгенде, стансада қолында бір шоқ гүлі бар Мұстафа Шоқай күтіп алады. Осылайша ерлі-зайыптылар жарты жылдан кейін қайта табысады.
Мұстафа Шоқайды 1918 жылдың 26 мамырында тәуелсіздік алған Грузия Демократиялық Республикасының басшысы Ной Жордания мен ішкі істер министрі Н.Рамишвили үлкен құрметпен қарсы алады. Осындай себеппен саяси қызметін Грузияда жалғастыруды жөн санаған Мұстафа Шоқай Солтүстік Кавказдың көрнекті өкілі Ахмет бей Цаликатидің (Цаликов) «Вольный горец» газетіне жұмысқа тұрады. Грузия үкіметінің қаржылай жәрдемімен Тифлисте «На рубеже» айлық журналын шығарып, оған өзі редактор болады. Журналдың алты саны ғана шығып үлгереді. Сонымен бірге ол «Борьба» газетінде де жұмыс істейді, 1920 жылы «Йени Дунья» атты апталық газет ұйымдастырады. М.Шоқай бұл басылымдарда жарық көрген материалдарында Ресейде қалыптасқан жағдай мен өздерінің саяси күресінің мәні мен мақсатын жұртшылыққа түсіндіруді мұрат тұтады. Түркістан құрылтай жиналысын шақыру жөніндегі комитеттің төрағасы өзі және хатшысы ретінде В.А.Чайкин 1920 жылдың сәуір айында баспасөз өкілдеріне арнайы сұхбат ұйымдастырып, Түркістандағы саяси жағдайға қысқаша сипаттама береді. Түркістан өлкесі мен қазақ жеріндегі экономикалық жағдай, шаруашылық апат пен ашаршылық жөнінде мәлімдеме жасалады. 1920 жылдың 28 сәуірінде Мұстафа Шоқайдың «Мен» деген бүркеншік есіммен «Грузия» газетінде «Түркістандағы ұлттық мәселе және ұлтаралық қатынастар» деген мақаласы жарияланады. Мақалада «Әдетте ұлттық проблеманың мазмұны ұлттық азшылық мәселесімен шектеледі, ал, Түркістан жағдайында біз қарама-қарсы құбылыспен ұшырасып отырмыз, мұнда мәселе ұлттық көпшіліктің құқы туралы» деп көрсетеді. Осылайша, М.Шоқай большевиктерге қарсы сөз майданын бастай отырып, ұлт-азаттық қозғалысты қолдайтын одақтастар іздестіреді. Петлюралық Украинаның өкілі Красковскиймен бірге ақпараттық бюро, орыс және Батыс Еуропа тілдерінде басылымдар ұйымдастыру жөнінде жоспар құрады. Бұл идеяны грузиндер де қолдайды. Олар «Еркін одақ» атты баспа құрады.
М.Шоқайдың большевиктер режиміне қарсы күреске Түркістаннан басқа да елдерді жұмылдыру жөніндегі осы кезеңдегі әрекеттері оның Париждегі жеке мұрағат қорындағы «1919 жылы Украина, Түркістан және Кавказдың күштерін Ресей империализміне қарсы күресте біріктіру жөніндегі менің талпыныстарым» деген бірі екі беттік, екіншісі он үш беттік екі құжатта егжей-тегжейлі бaяндaлады.
Бас-аяғы екі жылдай болған Грузиядағы күндер де аяқталады. Мұнда Қызыл армия келіп, қаланың быт-шытын шығарып, басшыларын тұтқындай бастағанда, Мұстафа мен Мария Батумиден Түркияға жылжиды. 1921 жылдың 22 сәуірінде екеуі Стамбұлға жетеді. Араға екі айдай уақыт салып Францияға келіп, орналасады. Сол кездегі Франция үкіметінің заңдары шетелдік эмигранттар үшін, демократиялық тұрғыдан басқа елдерге қарағанда әлдеқайда қолайлы болған көрінеді.
Мұстафа мен Мария Шоқай Париж қаласына жеткен соң да жат жердің жаңа қиыншылықтарына кезігеді. 1939 жылғы 1 мамырда Муссолини Францияға соғыс жариялайды. Италияның әскери ұшақтары Париж аспанын торлайды. Көшеде жүру қауіпті болып, Мұстафа үйде отырып жазумен айналысады. 5 лампалы радиоқабылдағыштан үзбей соңғы жаңалық тыңдайды. Радио ескі болғандықтан кейде хабарлар дұрыс естілмей, Мұстафа қатты ашуланып, каналдарды түрік, неміс тілдеріндегі толқындарға ауыстырып әбігерге түседі. Кей шақтарда өзімен-өзі болғанды ғана қалайды. Әсіресе, соғыс басталғалы жүйкесі сыр бере бастайды. Ақылдасу керек дегенді жиі айтады. Бірақ, жары ештеңе сұрап мазаламайды, кейін осының бәрінің себебін Мұстафаның өзі айтып береді екен. Мұның барлығы Мария Яковлевнаның «Менің Мұстафам» атты естелік кітабында баяндалған.
Осындай жағдайдан Франциядағы эмигранттардың бірсыпырасы Америкаға, мұсылмандары Түркияға кетіп жатты. Шоқайларға да кетуге мүмкіндік болған еді, Америкаға визалары да бар болатын. Алайда, ол «Маған паналайтын орын берген мемлекетті тастап кету, өз Отаныңды тастап кеткенмен бірдей» деп ойлайды. Жары да осы ұстанымда болды.
1940 жылы 13 мамыр күні немістер Парижге басып кіреді. Германия Францияны басып алғаннан кейін Мұстафа Шоқай тұтқындалып, Кампиен түрмесіне жабылады, одан босатылған соң Германияға, Берлинге кетуге дайындалады. Оған түркістандық тұтқындар алдында радиодан сөз сөйлеу туралы ұсыныс жасалады, бірақ Мұстафа тұтқындармен кездеспей оларға ештеңе айта алмайтынын түсіндіреді. Берлинге кетерінде ол хабарласып тұруы үшін үйлерінде екі рет болған неміс полициясының қызметкері Уали Каюмның адресін беріп, ашық хат жазуын өтініп, өзінің де хаттар салатынын, соғыс кезінде осылай еткеннің дұрыс екенін айтады. Мария Шоқай жарының кетіп бара жатқан сәтін көру үшін терезеге жақын барып, оның соңғы рет ишарат етіп, «сүйдім» дегенді білдіріп, қолын бұлғағанын, содан кейін оны көре алмағанын қинала еске алған болатын.
Мұстафа Шоқай екі жарым ай лагерьлерді аралап қайтатын болып, пойызға отырғанда басы ауырып, ыстығы көтеріледі. Берлинге жетіп, «Виктория» ауруханасына түседі. Бір апта жатқан соң, 27 желтоқсанда сүзек деген диагнозбен бақи дүниесіне аттанады. Ауыр қайғыдан кейін Мария Шоқай өз-өзіне келіп, жарының тірлігін түгендеуге шығады. Алдымен 1941 жылдың 27 желтоқсанында, сосын 1942 жылдың 8 ақпанында Париж мешітінің «Дебасси» залында қырқын өткізіп, оған оның елу шақты жақын достарын жинайды. Онда Мемлекеттік Думаның мүшесі болған, Грузия Ұлттық үкіметінің сыртқы істер министрі А.Чхенкели, Әзірбайжан Ұлттық үкіметінің басшысы М.Расулзаде сияқты достары мен әріптестері Мұстафа Шоқайдың күреске толы өмірі мен қызметі туралы жылы лебіздер білдіреді. Әсіресе, Александр Яковлевич Шульгиннің сөзін жиналған көпшілік беріле тыңдайды. Ол «Тірілердің ішіндегі ең тірі жанның өмірден өтті дегеніне еш сенгің келмейді» дей келіп, Мұстафа Шоқай Орта Азияның, тұтас Түркістанның нағыз көсемі, егер тірі болса, Неру, Ататүрік сияқты қайраткер болатынын айтады.
Мария Шоқай алдымен бар байлығы, қанша жоқшылықта жүрсе де көп жылдан өздерімен бірге алып жүретін жалғыз пианиносын сатып, ерінің басын қарайтып, ескерткіш орнатады. Сонан соң Мұстафадан қалған мол тарихи мұраны келер ұрпаққа жеткізудің амалын қолға алып, оларды сұрыптап, түптеп, арнайы қораптарға салып, мұрағатқа өткізеді. Осыларды бітіргеннен кейін, асықпай күрделі іске кіріседі. 1963 жылы 75 жасында ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, «Менің Мұстафам» атты естелігінің соңғы нүктесін қояды. 1969 жылы жиырма сегіз жыл жалғыздықтың талай тауқыметін басынан өткізіп, пәни дүниеден бақи дүниеге «Мұстафам!» деп аттанады.
Мария Шоқай «Оқырмандардың бұл шығарманың әдеби көркемдігіне аса мән бермеуін өтінемін. Өйткені, мен шығарма жазуға қабілетсізбін» деп аса қарапайымдылық танытқанымен, бұл тұңғыш әрі нақты мәліметтерге толы екі бөлімді орыс тіліндегі тамаша еңбегін қолжазба күйінде Мұстафа Шоқайдың шәкірттері, профессор Әбдуақап Оқтайға және оның жұбайы Саида Оқтайға жібереді. Сонан соң 1972 жылы Мұстафаның дүниеден өткеніне 30 жыл толуы қарсаңында бұл дүние «Жұбайының аузынан Мұстафа Шоқайұлы» (166-бет) деген атпен Т.Шағатайдың аудармасымен Стамбұлда түрік тілінде жарық көреді. 1997 жылы «Мұстафа Шоқай. Мария Шоқай. Естеліктер» деген атпен қазақ тілінде Стамбұлда жарық көрген кітаптың бірінші бөлімінде Мұстафа Шоқайдың «1917 жыл естеліктерінен үзінділер» атты шығармасы беріліп, екінші бөлімінде Мария Шоқайдың «Мұстафа Шоқай туралы естеліктері» жарияланады. Бұл кітаптың шығуына бүкіл түркі жұртшылығына белгілі азаматтар Тұран Язған мен Хасен Оралтай қамқорлық етеді. Естелік шағатай тілінен қазіргі қазақ тіліне Айтан Нүсіпханның аудармасы бойынша алғаш 1999 жылғы Мұстафа Шоқайдың таңдамалы шығармаларының екі томдығына «Менің Мұстафам» деген атпен енді. Оны екінші рет 2000 жылы Стамбұлда «Тұран» мәдениет қоры жеке кітап етіп бастырды. Бар саналы ғұмырын берісі Түркістанның, арысы бүкіл түркі жұртының азаттығына арнаған Мұстафа Шоқай туралы алғашқы туынды оқырман қолына осылай тиеді.
1918 жылдың сәуірінде Ташкентке келген Шоқайдың үлкен ұлы Сыздық інісінің үстелі үстіндегі Мария Горинаның суретін көріп, «әйелің ғой, ә?» деп сұрайды. Інісі мақұлдағандай бас изеген соң, бақыт тілейді. Қоштасарда інісіне бұрылып: «Сенің дұшпаның көбейіп барады, Құдай қаласа, әйелің саған нағыз дос болар» дейді. Мария Шоқайдың өмірі мұны толық растады.
Мұстафа Шоқай бар саналы ғұмырын тарихы мыңдаған жылдарға кететін, 1917 жылғы революциядан бұрын Қазақ және Түркістан өлкелерін, Бұхара және Хорезм хандықтарын біріктірген Түркістанның азаттығына арнады. Сондықтан да мыңға тарта еңбегінің 230-дайын бүкіл түркі жұртының қасиетті де киелі мекені «Түркістан» атауымен байланыстырды, бұл өңірді ерекше жырлаған Мағжан Жұмабаевты сонау Еуропаның төрінде жүріп, айрықша қастерледі. Өмірінің соңғы кездерінде ел тәуелсіздікке жетіп, «Жастар үкімет құрса, мен елімнің тарихы және басқа өлке халықтары туралы кітаптар жазумен шұғылданар едім» деп армандады.
Өткен жылы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде өткен «Алаш руханияты және Тәуелсіздік» атты республикалық ғылыми теориялық конференцияда Мұстафа мен Мария Шоқайдың ескерткішін Түркістанға қою туралы жасалған ұсыныстың төркінінде осындай сырлар жатқан еді. Алла жазып, бұл ұсыныс шындыққа айналса, ұлы тұлға бейнесі бүкіл түрік әлемін мәңгі бірлікке, түркілік тұтастыққа шақырып тұрар еді.
Әбдіжәлел БӘКІР,
саяси ғылым докторы, профессор.