Ұсыныс – бізден, таңдау – сізден!

Жыл өткен сайын салауатты өмір салтын ұстанатындардың қатары артып келеді. Егер дене шынықтыруға белгілі бір білім мен дағдыларды қоссаңыз, спорт хоббиден гөрі кәсіби қызметке айналуы мүмкін.
Орталық Азия инновациялық университетінің «Спорт» кафедрасы 6В01404 – «Дене шынықтыру және спорт» және 6В01401 – «Бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау» білім беру бағдарламалары бойынша бакалавр мамандарын даярлайды. Оқыту 4, 3 және 2 жыл күндізгі, қысқартылған және жедел оқу нысаны бойынша жүргізіледі. Студенттер әскери кафедрада білім алып, «сержант», «лейтенант» шендерін қоса алып шығады. Білім беру бағдарламасын меңгерген түлектің магистратурада білімін жалғастыруға мүмкіндігі бар.




Кафедрада ғылым докторлары мен кандидаттары, еңбек сіңірген жаттықтырушылар, спорт шеберлері және спорт шеберлігіне кандидаттар мен магистр-оқытушылар сабақ береді. Сабақтар дене шынықтыру мен әскери дайындықтың түрлі құралдарын, дене даярлығын және қазіргі заманғы сауықтыру технологияларын пайдалана отырып жүргізіледі.
Кафедра шетелдің көптеген жоғары оқу орындарымен және ғылыми-зерттеу мекемелерімен тығыз байланыста жұмыс істейді. ОПҚ мен студенттердің ғылыми-зерттеулері дене шынықтыру және спорт, бастапқы әскери дайындық және басқа да өзекті мәселелер бойынша жүргізіледі.
Кафедрада студенттер оқу-жаттығу жиындарына, ҚР, Азия, әлем чемпионаттары мен Олимпиада ойындары, Азия ойындары және т.б. түрлі деңгейдегі республикалық және халықаралық жарыстарға қатысып, өздерінің спорттық шеберліктерін жетілдіреді. Студенттерді оқуға және спортқа ынталандыру мақсатында атаулы стипендиялар мен оқу төлемақысына жеңілдіктер жасалады.
Университет түлектері Қазақстанда және шетелде дене шынықтыру және спорт саласына қатысты мекемелерде, мысалы, дене шынықтыру және спортты басқару органдарында, жоғары оқу орындарында, әскери бөлімдерде, колледждерде, жалпы білім беретін мектептерде, балалар мен жасөспірімдер және мамандандырылған спорт мектептерінде, спорт клубтарында қызмет етеді. Олардың арасында биіктерді бағындырған саңлақ спортшыларымыз аз емес. Атап айтар болсақ, Сәкен Бибосынов – бокстан Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, ҚР Қорғаныс министрлігінің жанындағы орталық спорт клубының спортшысы, 2019 жылғы әлем чемпионатының қола жүлдегері,  2021 жылғы бокстан әлем чемпионы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері; Садриддин Ахметов – бокстан жастар арасында әлем чемпионы, бірінші орта салмақта WBC Youth World нұсқасы бойынша жастар арасында әлем чемпионы, WBC Asia чемпионы және WBA Continental чемпионы; Ақмаржан Қалмұрзаева – фристайлдан 2018 және 2022 жылдардағы қысқы олимпиада ойындарының қатысушысы;  Мақсат Жанділдаев  – ІІІ Дүниежүзілік көшпенділер ойынының жүлдегері.
Құрметті талапкер!
Мамандық таңдау және жұмысқа орналасу – адамның болашақ өмір жолын анықтайтын маңызды сәттердің бірі. Себебі, дұрыс таңдалған мамандық өмірдің барлық басқа салаларына әсер етеді. Сіз жоғары білім алу үшін Орталық Азия инновациялық университетінің «дене шынықтыру және спорт», «бастапқы әскери дайындық мұғалімдерін даярлау» мамандықтарына таңдау жасап, жоғары білім алуға асығыңыз!


1 пікір

  • Сагындык Куандыков
    Сагындык Куандыков

    Сапалы білім жарқын болашақ кепілі. Орталық Азия инновациялық университеті

Пікір қалдырыңыз