Жобалаушылар қай жерден қателік жіберді?

Дилара Бименова, «Ońtústik Qazaqstan».

Жетісай қаласындағы №7 «Тұран» мектеп-гимназиясына арналып салынған 1200 орынды жаңа мектеп өткен жылдың соңында пайдалануға берілген болатын. Қазір мұнда 997 оқушы білім алуда. Жалпы, Жетісай ауданында 73 мектеп бар болса, соның 9-ы Жетісай қаласында орналасқан. Біз барған №7 «Тұран» мектеп-гимназиясында және осы ауданда соңғы 4-5 жылда салынған мектептерде мәдени іс-шаралар өткізетін орын қарастырылмаған. Сондықтан мектеп ұжымы мереке күндері мен атаулы даталарға арналған іс-шараларды спорт залда өткізуге мәжбүр.

Спорт залдың аты – спорт зал. Мәдени іс-шара өткізетін кезде не безендіруге келмейді, не дыбыстық жүйесі талапқа сай болмайды. Мәдени және әдеби кештер өткізілетін орынның өзіне тән акустикасы мен әсемдігі болуы тиіс емес пе?! Аталмыш мектеп директоры Хадиша Қожбанова амалдың жоқтығынан мектептің кіре берісіндегі аядай гардеробты акт залына айналдырыпты. 
– Алғыс айту күні мен халық- аралық әйелдер күні мерекесін жоғары сынып оқушылары мектеп кітапханасының оқырмандар залында, ал, бастауыш сынып оқушылары осы жерде өткізеді, – дейді Хадиша Нартайқызы. – Мектеп ішіндегі фойелерде көбіне кішігірім іс-шаралар мен тәрбие сағаттары өткізіледі. Дегенмен, бізде жалпы мектептік іс-шараларды ұйымдастыратын орын жоқ. 
Аудандық адами әлеуметті дамыту бөлімінің бас маманы Шадияр Иманбердиевтің айтуына қарағанда, бұл мектеп жобасында спорт зал екі мақсатта пайдаланылады деп көрсетілген екен. 
– Онда кішкентай қойма бар. Сол жерге сахна мен орындықтарды жинап қоюға болады. Жалпы біз мектептің сызбасына, оның сметалық-жобалық құжатын әзірлеуге қатыспаймыз. Сала мамандарына тек бала саны мен өсіміне қатысты мәліметтерді береміз, – дейді Шадияр Аманжолұлы. 
Мектеп құрылысын жүргізген компания жақында білім ошағына сахнаны жеткізіп беріпті. Көрдік. Сыртта тұр. Мектеп директорынан «сахнаны неге мұнда қойғансыздар?» деп те сұрадық. Сахна темірден жасалған. Кем дегенде 7-8 адам әрең көтеретіндей ауыр екені көрініп-ақ тұр. Спорт залдың бір бұрышында сахна мен денешынықтыру пәнін өткізуге қажетті жабдықтар қоятын орын бар екен. Шадияр Иманбердиев айтқан әлгі қойма осы болса керек деп ойладық. Іші өте тар. Сондықтан мектеп қызметкерлері ол жерге сахнаны сыйдыра алмай, сыртқа шығарыпты. Енді жақын күндері сахнаның бетіне төсейтін тақтайшасы мен безендіруге арналған пердесі келетін көрінеді. Ал, оларды қайда қояды?..  
Қаржы үнемдеу үшін ақшаны акт залынан аяп қалу осылай жалғаса берсе, мәселе алдағы уақытта тіптен ушығуы мүмкін. Өйткені, мектеп іс-шараны көп өткізетін мекеме. 
№7 «Тұран» мектеп-гимназиясында ауа райының қолайсыздығына байланысты Наурыз мерекесі спорт залда ұйымдастырылыпты. 
– Спорт залдың іші кең болғанымен, тақпақ айтып, ән салған балалардың даусы жаңғырып, дұрыс естілмейді. Яғни акустика жоқ. Мен бұл мектепке 2019 жылы директор болып келдім. Бұның алдындағы ескі мектепте де мәдени іс-шараларды өткізетін орын болмады. Мұндай жиындарды фойеде ұйымдастыратынбыз. Енді бұл жақта да іс-шараларды қайда өткізерімізді білмей дал болудамыз, – дейді мектеп директоры. 
Сахна – ең алдымен эстетикалық тәрбие беретін  киелі орын. Өнерпаз балалар жастайынан соны сезініп өсуі керек. Ал, бізде оған мүмкіндіктің болмай тұрғаны өкінішті-ақ. 
Жетісай аудандық мәслихатының депутаты Рүстем Наматуллаев бұл проблемамен етене таныс. Ол мұндай олқылықтардың орын алып келе жатқанына бірнеше жыл болғанын және мұндай жағдайдың әбден тозығы жеткен ескі білім ұяларында емес, керісінше бүгінгі заман талабына сай етіп тұрғызылған мектептерде кездескеніне қынжылыс білдірді. 
– Нақты айтар болсақ, соңғы 4-5 жылдың ішінде бой көтерген білім ұяларында мәдени кештер өткізетін орын мүлдем қарастырылмаған. Мектептегі ұстаздар мен оқушылар қандай да бір кеш ұйымдастыратын болса, спорт залға сыныптардағы орындықтарды тасиды да жүреді. Сосын іс-шара аяқталғаннан кейін оларды қайта орнына апарып қояды. Ал, денешынықтыру пәнінің мұғалімдері спорт зал босағаннан соң ғана сабақтарын жалғастырады. Білім мен тәрбие егіз ұғым дейміз. Ал, мектепте мәдени және әдеби кеш ұйымдастыратын орын болмаса, ұлттық тәрбиеміздің өзегі – салт-дәстүріміз бен әдеп-ғұрпымызды, мәдениетіміз бен өнерімізді өскелең ұрпағымыздың бойына қалай сіңіреміз? – дейді депутат. 
Қоғамда жүрегінде жылуы жоқ, мейірімсіз, қатыгез балалар көбейіп барады деген пікір жиі айтылады. Расында да қазір оқушыларды адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеуден гөрі оларға алдымен есеп-қисапты, кәсіпті үйретуге көбірек көңіл бөлеміз. Мектептің міндеті тек білім берумен ғана шектелмейтінін естен шығарып алғандаймыз. Айтайын дегеніміз, тәрбие беру ісінде ұсақ-түйек деген болмайды. Сіз ең ұсақ деп есептейтін мәселенің өзі бала тәрбиесінде тағдыршешті мәселе болуы мүмкін. Мәселеге осы тұрғыдан келгенде мектептерде мәдени-әдеби іс-шаралар өткізетін акт залының болмауы, оның жобада қарастырылмауы кейде ұлт руханиятын ақсатуға арналған диверсиялық шабуыл сияқты болып елестеп кететіні де бар. 
Тағы да қайталап айтайық, мектеп күнделікті іс-шара өткізіп, абыр-сабыр болып жататын мекеме. Пән олимпиадаларына қатысатын бала өз білімін өздігінше толықтыра түсер. Сурет салуға ебі барлар үшін де арнайы бір орынның аса қажеті бола қоймас. Ал, ән салуға, би билеуге, түрлі образдарды сомдауға қызығатын балақайлардың сұранысын қалай қанағаттандырамыз? Олардың келешектегі жетістіктерінің кілті осы өнерде жатқан болар, бәлкім. Мектепте руханияты толысып шыққан баланың ертең елін өрге сүйрейтінін бәріміз де білеміз. Біле тұра осындай келеңсіздіктерге жол береміз. Руханиятқа қолдан жасалынған қысастық емес пе екен деп күмәндануымыз содан.

Р.S:  Аталмыш мектеп директоры жаңа ғимаратты қабылдау актісіне қол қойып, қабылдап алған жоқ. Мақаланы жазу барысында мұның кімнен кеткен қателік екенін анықтауға тырыстық. Бірқатар сала мамандарымен тілдестік. Тоқетерін айтқанда, нысанды жобалаушы және оның құрылысын жүргізуші мекемелер алдымен сол саланың мамандарымен кеңесіп алып, содан кейін сызбаны дайындайтын болса, мұндай өрескел қателіктің кетпесі анық. Ал, бізде, өкінішке қарай, мамандармен ақылдаса жұмыс істеуді ешкім қажет деп таппайды.
Айта кетейік, мектептің төлқұжатында нысанның жобасын «Әсем Жоба Құрылыс» ЖШС-і сызған деп көрсетілген. Оған аудандық сәулет, қала құрылысы және құрылыс бөлімі тапсырыс беріпті. Ғимараттың құрылысын «АСТ-Жетіген» мердігер компаниясы жүргізген екен... 



Пікір қалдырыңыз