Өркениет және өлке тарихы

Түркістан облысы еліміздегі ең көне, ежелгі өркениеттер мекені һәм тоғыз жолдың торабында орналасқан аймақтардың бiрi болып саналады. Археологиялық қазба және іздестіру жұмыстарының барысында Түлкібас тауларында жасы 100 млн. жылдан асқан өсімдіктер мен хайуанаттардың іздері сақталған тастар табылса, ежелгі тас дәуіріндегі адамдар әрекетін дәлелдейтін жәдігерлер Түркістан маңындағы Қошқорған елді мекенінен табылған. Бәйдібек ауданындағы Қарасу көп қабатты палеолит тұрағының, Кіші Қаратау қойнауынан жоғарғы палеолит дәуіріне жататын Үшбас үңгірінің (Созақ ауданы), б.з.д. 6-3 мың жылдықтарға тән Қарақоңыр үңгірінің, (Түлкібас ауданы), қола дәуіріне қатысты Бабата шатқалындағы Таутары моласының, б.з.д. 13 ғасыр (Төлеби ауданы) мен б.з.д. 8-3 ғасырларында өмір сүрген сақ тайпаларының тұрағынан табылған Қошқар ата моласы (Созақ ауданы) сияқты тағы басқа да айғақтардың шығуы бұл өңірде адамдардың өте ерте замандардан бастап өмір сүргенін айғақтайды. Аты бүкіл әлемге аңыз болып тараған Ескендір мен Кир сияқты жеңіліп көрмеген қолбасшыларды тізе бүктірген оңтүстiк өңірін мекендеген сақ пен массагет тайпаларының жауынгерлiк даңқы мен байлығы төрт құбылаға тегіс жайылған. Сондай көне жәдігерлер қатарында Арпаузен мен Қойбағар (Созақ ауданы), Боралдай (Бәйдібек ауданы) мен Қасқабұлақ (Түлкібас ауданы) петроглифтерінің табылуы Түркістан облысы аймағында адамдардың орта тас ғасыры, палеолит пен неолит аралығындағы тас дәуіріне жататын мезолит кезеңінен бастап өмір сүргендігін айғақтай түседі. Археологиялық ескерткіштермен қатар сөз етіп отырған аймақтың ежелгі тарихы, тайпалар мен тайпалық одақтардың орналасу географиясы, рухани мәдениеті мен әдет-ғұрыптары жөніндегі мәліметтер көне парсы, көне грек, латын, қытай, т.б. тілдерде жазылған антикалық авторлардың еңбектерінде де сақталған. Мәселен, Ахемен әулетінен шыққан парсы патшасы І Дарий (б.з.д. 522-486) туралы баяндалатын «Бехистун жазбасында» сөз етіп отырған аймақты Сакистан (Сейстан), ал, онда өмір сүрген тайпаларды хаумаваргалар мен тиграхаудалар деп атаса, «тарих атасы» деп танылған ежелгі грек тарихшысы Геродоттың (б.з.д. 484-425) «Тарих» атты еңбегінде сақ тайпаларының орналасу географиясы, олардың тарихы, рухани мәдениеті, әдет-ғұрыптары баяндалады. Мұндай деректер Ктесий Книдский (б.з.д.V-IV ғ. басы), Страбон (б.з.д. І ғ. – б.з І. ғ.), Диодор Сицилийский (б.з.д. 90-21), Гай Плиний Секунд (б.з. 24-79), Птолемей (б.з. І ғ.– ІІ ғ.) мен Клавдий Элиан (б.з.170-222) сияқты ежелгі грек авторларының жазбаларында да сақталған. Мәселен, Ктесий «Парсы тарихы» атты еңбегінде: «Сақ әйелдері ержүрек келеді, соғыс қаупі төнгенде ерлеріне көмек көрсетіп, ұрысқа араласады» деп жазса, Страбон «География» атты еңбегінде сақтар тұратын аймақтың табиғи жағдайы мен халықтарының тұрмыс-салты туралы, ал, Птолемей «География» шығармасында Еділден Балқаш көліне дейінгі кең-байтақ жерді Скифия деп атап, Қазақстанның оңтүстігі, яғни Сырдария алабының бойында тұратын сақтар туралы сөз етеді.
Соңғы жылдардағы зерттеулерге қарағанда, біршама Еуропа елдері саяхатшыларының жазбаларында Оңтүстік өңірінің тарихы, онда орналасқан елді мекендер мен қалалары туралы құнды деректер жазылғаны мәлім болып отыр. Өйткені, Оңтүстік өңірінде орналасқан Ұлы Жібек жолы құрамына кірген кешенді керуен жолдар жүйесі жүздеген жылдар бойы Шығыс пен Батыс елдерін жалғап, Еуропа мен Азия елдерінің бір-бірімен қарым-қатынас жасауына мүмкіндіктер туғызып отырды. Сол жолдармен көптеген саяхатшылар да, тарихшылар да, географтар да, дипломатиялық мақсатпен келген елшілер де жүрді. Олар көрген-білгендерін қағаз бетіне түсіріп, құнды жазбалар қалдырған. Сол жазбалардың мазмұнына қарағанда, сөз етіп отырған Оңтүстік өңірінде өмір сүрген халықтар ерте орта ғасырларда (IV-XV ғғ.) отырықшылыққа көшіп, қала мәдениетінің дамуына ықпал еткен. Алғашқы кезде керуен жолы Тараз қаласынан Оңтүстік өңіріне екі бағытта кірген, бірі – солтүстік-батыс бағытта кіріп, Қаратаудың теріскейіндегі ежелгі Тамды (Берукет, Барукет, Беркент, Перканд), Саудакент (Сулхан, Сугулхан, Сукулкент), Бабата (Баладж), Құмкент (Қамұкент, Кинкет, Кинчат, Қойқанд, Қойкент), Шолаққорған (Урусокан), Созақ (Кузак, Хузак), Күлтөбе, Ақтөбе (Тарсатөбе), Сарыжаз, Ақсүмбе (Кендакур, Хендахор) қалаларының пайда болуына әсер етсе, Қаратаудың күнгей етегімен, тауаралық жағасымен жүре отырып, ежелгі Тесіктас, Үшкент, Шаштөбе қалаларынан өтіп, Егізқара тау жазығы арқылы Саудабазар төрткүліне, одан Мыңбұлақ шатқалы мен Диірментау арқылы Қаратаудың теріскейіне өткен керуен жолы Сауран, Қарнақ, Қарашық, Құсата сияқты ежелгі қалалардың дамуына ықпал еткен. Осы бағыттағы қалалардың атауы туралы екінші пікір бар, онда: «Будухкет (Қазатлық), Бектөбе (Яганкет), Тамды (Берукет, Барукет, Беркент, Перканд), Бабата (Баладж), Құмкент (Қамұкент, Кинкет, Кинчат, Қойқанд, Қойкент) деп жазылған. Екіншісі – батыс бағытқа шығып, Бектөбе (Яганкет), Бурнооктябрь (Будухкент), Шақпақ (Шараб), Құланауыз төрткүлі, Азаттық (Қазатлық, Бадухкент), Құрлық (Хурлуг), Төрткүлтөбе, Қаратөбе, Манкент (Бұлақ-Қоғал) арқылы Сайрам (Испиджаб) қаласына кірген. Бұл жол шартты түрде Қаратаудың ортағасырлық керуен жолы деп аталған. Дегенмен, VI-VIII ғасырлардағы әртүрлі тарихи жағдайлар Оңтүстік өңіріне Тараздан кірген екі бағыттағы жолдың өсуі мен дамуына, кешенді керуен жолдарының пайда болуына ықпал еткен. Керуен жолының тармақталып, көбеюі қала мен елді мекендердің дамуына, сол қалаларға адамдардың көптеп қоныстануына алып келген. Қаратаудың оңтүстік-шығыс беткейі арқылы өткен Ұлы Жібек жолының бойында Қырыққыз төрткүлі (Тамтадж) мен әлі орны анықталмаған Абарджадж бен Джувикат қалалары орналасқан. Сайрамнан (Испиджаб) жол екі бағытқа шыққан: бірі – оңтүстік-батысқа, ежелгі Сарыүйсін, Қаражон, Тұрбат (Ғұзиен), Жаумантөбе, Қызылтаң қалалары арқылы Ташкентке (Шашқа) өткен. Екіншісі – Қазығұрт тауының шығыс беткейі арқылы Белдің асуынан асады да, Көкінің белінен өтіп, Тесіктөбе, Төрткүлтөбе қалашықтары арқылы Келес өзенінің бойын жағалай отырып, ежелгі Қаратөбе, Сынтас пен Шарапхана (Чарап, Газгирд) қалаларына келеді. Одан Шұқырбекет, Ынталы мен Дербісек мекендерінен өтіп, Жібек жолы қалашығына келеді де, Ташкентке (Шашқа) жеткен. Бұл жол шартты түрде Қаржантаудың ортағасырлық керуен жолы деп аталған. Сайрам (Испиджаб) қаласынан Отырар (Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб) мен Түркістан (Хазрет, Иасы) бағытына шығатын тағы бір керуен жолы бар. Бұл жолдың да екі бағыты бар: бірі – батысқа, Сайрам (Испиджаб), Шымкент (Чимин, Бал-Чимин), Алтынтөбе, Бадам, Қараспан (Қараасман), Арыс, Шәуілдір, Отырар (Тұрарбанд, Тұрар, Тарбанд, Фараб), Икан (Илхан), Шауғар (Шойтөбе), Шорнақ пен Сауран (Сабран) қалалары арқылы Сығанаққа (Сунах, Сугнак) өткен. Бұл жол Иасы (Түркістан) жолы деп аталған. Екіншісі – қарт Қаратаудың тауалды жазығы арқылы солтүстік-батысқа, Сайрам (Испижаб), Бозарық, Қызылқыстақ, Боралдай, Жолғабас мекендері арқылы Шаян қалашығына барған. Шаяннан шыққан жол Мыңбұлақ (Абардадж) қалашығында батысқа бұрылып, Шаға (Шагилжан, Шағылжан) қаласы арқылы жүріп, негізгі Ұлы Жібек жолының Иасы (Түркістан) жолына Икан (Илхан) қалашығында қосылған. Сырдарияның екі жағасын жағалай жүретін «оң мен сол» атты тағы екі керуен жолы бар. Сырдарияның сол жағасын жағалап жүрген керуен жолы ортағасырлық Ақтөбе-1 мен Шардара қалалары арқылы Көксутөбе, Сейіттөбе, Ұзыната мен Ақтөбе елді мекендері арқылы өтіп, Сүткент (Шыңғызтөбе) пен Байырқұм қаласына барады. Байырқұмнан шыққан жол Жартөбе елді мекені арқылы Оқсыз (Весидж, Зернук) қаласына келсе, Отырар (Тұрар, Тарбанд, Тұрарбанд, Фараб) қаласынан шыққан жолдың келесі тармағы Шауғар (Шойтөбе) қаласына шықса, тағы бір тармағы Сырдарияны өрлей отырып, Сүткент (Шыңғызтөбе) арқылы Ташкентке (Шашқа), төмен қарай шыққан жол Жент қаласына барған. Ұлы Жібек жолынан шығып Сырдарияның оң жағасын жағалап жүрген екінші керуен жолының бір тармағы Келес өзенінің Сырдария өзеніне құяр тұсында орналасқан Күлтөбе қаласы арқылы ежелгі Ақтөбе мен Жаушықұмтөбе қалаларынан өтіп, Ызақұдық құмының шығыс жиегімен жүре отырып, Арыс өзені жағасындағы Көкмарданға, одан Отырар қаласына жеткен. Сайрам қаласынан шыққан жолдың бір тармағы Шымкент (Чимин, Бал-Чимин) қаласынан өтіп, Бадам өзенін жағалай Қараспан (Қараасман, Арсубаникет) мен Жартытөбе қалаларына, одан Арыс өзенін жағалап отырып Шошақай, Бұзықтөбе елді мекендері арқылы Отырар қаласына келген. Отырар қаласынан шыққан оң жағалық керуен жолы Құйрықтөбе (Кедер) мен Алтынтөбе қалашығы арқылы Жалпақтөбе қаласына жеткенде Түркістаннан шығып Оқсызға өтетін жолға қосылған. Жалпақтөбе қаласынан солтүстікке бет алған жол Отырар мен Шайтөбе (Шауғар) қалалары арқылы Түркістанға (Хазрет, Иасы) келген. Түркістаннан солтүстік-батысқа жүрген жол Қарашық, Сидақата (Садықтөбе) қалаларынан өтіп, Қаратөбеге, одан соң Сауран қаласына барған. Саураннан шыққан оң жағалық жол Қаратаудың күнгей беткейіндегі таулар жазығындағы Ақтөбе мен Ордакент қалаларына, одан Сығанақ қаласына жеткен. Бұл жолдарды шартты түрде Сырдарияның ортағасырлық керуен жолы деп атаған. 
Соңғы кездегі зерттеулер мен археологиялық қазба жұмыстарының нәтижелерін және VІІІ-ХVІІІ ғасырлар арасындағы көрнекті араб, парсы мен түркі авторларының еңбектерін салыстыра қарағанда, ХVІІІ ғасырға дейін Түркістан өңірінде 65-тен астам қала мен қала үлгісіндегі қалашықтардың аты аталады. Тарихи жазбаларда Түркістан қаласының іргесі ІV-VІ ғасырларда қаланып, Шауғар деген атпен аталса, Есім ханнан бастап, XІV-ХVIIІ ғасырларда Қазақ хандығының астанасы болған. Қаланың іргетасы б.з. 1-мыңжылдығының бас кезінде қаланса, Түркістанның айналасындағы аймақта тас дәуірі ескерткіштері (Шоқтас, Қошқорған) бұл өңірде әуелгі адам кем дегенде 550 мың жыл бұрын мекен еткенін көрсетеді. Сайрам алғаш рет Мединат әл-Байда (Байзо) немесе Ақдала деген атпен аталып, ІХ-Х ғасырларда Испиджаб деген атаумен Қазақстанның оңтүстігіндегі ең ірі қалалардың бірі ретінде аталады. Отырар VIIІ ғасырдың басынан Тарбанд деген атаумен белгілі болып, ІХ ғасырдың өзінде-ақ ірі қала болып әлемге аты жайылса, Х ғасырдың аяғында Фараб деген атпен танылған. Ал, Сауран туралы алғашқы деректер Х ғасырдағы еңбектерде кездессе, ХІІ ғасырда ірі сауда орталығы ретінде, ХІІІ ғасырдың орта шенінде Ақ Орданың астанасы ретінде аталады. Жоғарыда аталған авторлардың жазбаларында Сырдария өзенінің орта ағысы жайылымында орналасқан ортағасырлық Отырар (Фараб) округі құрамында Артықата, Жаңаасар, Қауғаната, Иткент, Қарасуан, Қаршығалы, Қотан, Тамтаунде сияқты шағын қалалардың болғаны, Арыс-Бадам өңірін мекендеген ежелгі Кангюй иеліктерінің астанасы Қараспантөбе (Битянь) қаласы, Арыстың орта ағысында орналасқан Осбаникент (Шортөбе немесе Қараспан-1) қаласы, Сырдарияның орта ағысында орналасқан Турар, Бурух пен Яганкет қалалары, Мырзашөл өңіріндегі ортағасырлық Ұтырлы (Үтіртөбе) қаласы мен Шауғар аймағындағы Шур атты қалалар жайлы да деректер берілген.
Қорыта айтқанда, Оңтүстік өңірінен өткен Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың ірге көтеру тарихы ықылым замандардың тереңінде жатыр. Күллі Түркі жұртының атажұрты болып, кіндік қаны тамған, Ұлы Тұран даласының астанасы болған Түркістан мен сол атауды иемденіп отырған өңірдің керуен жолдарының қиылысып, осы аймақтан жан-жаққа тарамдана тарайтын әрі әркелкі географиялық ландшафттардың тоғысқан жерінде орналасқаны жайлы көптеген ортағасырлық жазбагерлердің туындыларында жазылған. Ұлы Тәңір берген несібемен құт дарып, түркі жұрты ұйысқан Тұран баурайында, шежірелі Қаратау мен ақбас Алатаудың сілемдері – қасиетті де киелі қарт Қазығұрт пен қаражамбас Қаржан тауларының төс түйістірген тұсындағы арынды Арыс пен сызыла аққан Сырдария суының қол ұстасқан жерінде адамдар ерте заманнан-ақ мекендеп, тіпті топаннан кейінгі тіршіліктің тұтқасы болғаны дәлелдеуді қажет етпейтін тарихи шындық. Яғни Түркістан облысы – ежелгі цивилизация мекені. Ұлы Жібек жолының қиылысында орналасқан бұл өңір ежелгі дәуірден-ақ қазақ жерінің тұрғындары тұрмыстық мәдениетті құраған алғашқы мекені, бесігі болып есептеледі. Туған жердің сол тарихын білу – міндет, өзге жұртқа танытып, ата-бабалар салған сара жолды дәріптеу – перзенттік борыш. 
Қорыта айтқанда, Оңтүстік өңірінен өткен Ұлы Жібек жолы бойындағы қалалардың бой көтеру тарихы ерте заманнан басталады. Күллі түркі жұртының атажұрты, Ұлы Тұран даласының астанасы болған Түркістан мен сол атауды иемденіп отырған өңірдің керуен жолдарының қиылысып, жан-жаққа тарамдана тарайтын әрі әркелкі географиялық ландшафттардың тоғысқан жерінде орналасуы ортағасырлық авторлардың шығармаларында көптеп жазылған. 

Қазыбек Тәжиев,
филология ғылымдарының кандидаты.
Пікір қалдырыңыз